Балуан Шолақ туралы фильм түсіріледі

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Балуан Шолақ туралы толықметражды көркем фильм түсіріледі. Дереккөз: Baq.kz

Фильм түсірілімі, Балуан Шолак
©Baq.kz

Көркем туынды Дулат Исабековтің жазған сценариі негізінде түсіріледі. Сценарий М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Жаужүрек» пьесасының желісі бойынша жазылды. Осы уақытқа дейін фильмнің сценариі бірнеше жыл бойы жазылған және қайта өңделген.  Фильмнің түсірілімдері Алматы облысы және Солтүстік Қазақстан облысында өтеді.

Фильмнің режиссері – Нұргелді Садығұлов. Режиссер бұл жобаны жүзеге асыруды көптен бері жоспарлаған.

«Мен Балуан Шолақ тұлғасына 1998 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүргенімде қатты қызықтым. Сол кезден бастап осы кісі жайлы фильм түсіргім келді. Балуан Шолақтың бойында ақындық, серілік, әншілік және алып қара күш те бар. Оның еліне, жеріне, отанға деген махаббаты әрқайсымызға үлгі боларлық. Менің ойымша бүгінгінің жастары Балуан Шолақтай ерді білуі тиіс», – деді фильмнің режиссері Нұргелді Садығұлов.

Түсірілім тобы фильмнің сапалы шығуы мақсатында кеңесшілерді тартқан, көркемдік жетекшісі С.Нарымбетов, көркемдік кеңесшілері Е.Төлеутай, Б.Ыстыбаев, Б.Беделхандар бар.

Алайда режиссер фильм актерлерінің есімін әзірге атамауды жөн санады.

 

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!