Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания болып табылады.

Білім жолы, ғылым жолы

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2005-2009 жылдары аралығында механика мамандығында оқыдым. Сосын «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тағы «Джордия Технология Институтына» магистратураға түсіп, ғарыш саласының сұйықтар және газдар механикасы бағытында білімімді шыңдадым.

2013 жылы бітірген соң, елімізге келдім. Бізге бес жыл елде жұмыс істеу керек деген талап қойылған. ҚазҰУ-ға қайта ораламын деп шештім. Оның үстіне осы жерде профессор Айдархан Қалтаевтың жетекшілігімен бұрыннан бірлесе жұмыс жасап келе жатқан жас ғалымдардан құралған тобымыз бар. Бәріміз сол кісінің шәкірттеріміз.

Бақытжан Ахметов, жас ғалым
Бақытжан Ахметов, жас ғалым. ©SZH.kz

Алғашқы жылы профессор маған көп бос уақыт берді. Себебі өзі қызығатын ғылыми зерттеу бағытын таңдасын дегені болар. Қысқасы, бір жыл бойы өзіме қызықты және елімізге болашақта пайдасы тиетін бағытты іздей бастадым. Сөйтіп жүргенде болгариялық Георгиев Александр деген профессормен таныстым. Екеуіміз е-мейл арқылы бірнеше рет сөйлестік, ол маған жасаған жұмыстарын жіберді.

Соның ішінде энергияны сақтау деген бағыт мені қатты қызықтырды. Осы тақырыпты қарастыра келе, температурасы 70-100 градус болатын жылу энергиясын гибридті түрде сақтап, оны ғимараттарды жылытуға және ыстық сумен қамтамасыз етуге қолданамыз, осы энергетикалық жүйені зерттеп, дамытамыз деп шештік.

Бір сөзбен айтқанда, бұл күн жылуын маусымдық сақтайтын жүйе, яғни жаздың жылуын жинап, сақтап, соны қыстың күндері үйді жылытуға қолданамыз. Ол үшін жаздағы Күн энергиясының жылуын коллекторлар арқылы жинап, 40-50 метр ұңғымалы жылу алмастырғыштар арқылы топырақты қыздырамыз, яғни топырақ маусымдық жылу аккумуляторы ретінде қолданылады. Сонымен қатар жиналған энергияның біршама бөлігін арнайы жасалған материалдарда сақтаймыз және қажетті жағдайларда жыл бойы ғимараттарды ыстық сумен қамтамасыз етеміз. Мұндай гибридті жүйені тұрғын үй аймақтарына немесе көпқабатты ғимараттарға ортылық жылу жүйесі ретінде қолдануға болады. Жүйе табиғи газдарды немесе көмірді емес күн энергиясын қолданады, яғни қоршаған ортаға залалсыз.

Бақытжан Ахметов
Жобаның сызбасы

Мен докторантураға осы тақырып бойынша 2014 жылы түстім, яғни докторлық диссертациямды осы бағытта қорғаймын. Жалпы зерттеу жұмыстарымызды 2014 жылы бастадық.

«Уақыттың үштен бірі қаражат іздеуге кетеді»

Біздің жобада еңбек ресурсы жеткілікті. Жетекшіміз – PhD докторы Мадина Тұнғатарова. Ол докторлықты Польшада қорғаған. Сонымен қатар тобымызда Аманкелді Төлеуханов деген тағы бір ғылым докторы бар. Ал мен осы жобаның негізін салушы және негізгі орындаушысымын. Бізбен бірге екі магистрантымыз жұмыс істейді: Таңнұр Аманжолов және Абзал Сейтов. Мен осы технологияны зерттеп, сосын Мадина екеуміз жобаны жазып, іске кіріскенде олар бакалаврдың төртінші курсында оқитын. Қазір осы екі жігіт ҚазҰУ-дың мүмкіндіктерін пайдаланып, Болгарияға барып осы бағыт бойынша зерттеу жұмыстарын жасап келді. Олар енді докторантураға түскелі жүр. Сосын 4-курста механика саласында оқитын тағы екі студентіміз бар. Өте талапты, ақылды және көпсалалы. Адам ресурсында мәселе жоқ. Жалғыз ғана қаржыландыру жағы қиындау.

GreenWell компаниясының мүшелері
GreenWell компаниясының мүшелері. Сурет Бақытжан Ахметовтың жеке архивінен

Жалпы, ғылымда кемінде уақыттың үштен бір бөлігі қаржыландыру іздеуге кетеді. Ғылыми қаржыландыру алу үшін проектілер жазу, инвесторлармен қездесу, құжаттарды дайындау, технологияны презентация жасау және баршаға таныстыру сияқты жұмыстарға көп уақыт кетеді. Оңай емес негізі. Ғылымда осы жағы қиындау.

Алғашында бізге Білім және Ғылым министрлігі грант берген. Бір жылдан соң «Сендер жұмыс жасай алмайды екенсіңдер» деп қысқартып тастады (күліп). Шынында, біз кішкене кешіктік. Маусымдық жылу сақтағышты зерттеп дамыту үшін 50-60 метрлік ұңғыма қазып геотермалды жылу алмастырғыштары орналастыру керек болды. Соған компания іздедік. Олардың көбі тек үлкен көлемді жобалармен жұмыс істегендіктен бас тартты. Сөйтіп бізге келісетін компания тапқанша, жылдың соңы болып кетті де, оны жылдық есепке қоса алмадық. Осындай себептерге байланысты министрліктің қаржысынан айырылдық. Бірақ одан мойыған жоқпыз. Алдыға қарай жылжи бердік. Өткен жылы «Дүниежүзілік банктың» 112 миллион 500 мың теңгелік «Инновацияларды ынталандыру» грантын ұтып алдық. Олармен бірге біздің технологияны 5 миллион теңгеге қаржыландырған серіктес-компания бар. Ол Астаналық Kuntech компаниясы.

Қазіргі уақытта жаңа технологияларды осы Kuntech-пен бірлесе отырып BI Group-қа ұсынғалы жүрміз. Олар осы технологияны тезірек жасауымызды қалап отыр. Шынында, елімізде әлі газ жетпеген көп аймақтар бар. Әрі біздің технологияның қоршаған ортаға зияны жоқ. Газ тартып жүрмей-ақ, бірнеше үйді осы технологиямен жылытуға болады. Сонымен қатар, ол жылыжайларды жылумен қамтамасыз етуде таптырмас арзан құрал. Демек, болашағы бар.

Қысқасы, осы технологияны зерттеп, дамытып, биылғы жылдың ақпан айынан бастап, үш жылдың ішінде еліміздің энергия маркетіне шығаруымыз керек. Қазір сол мақсатта жұмыс істеп жатырмыз.

Жобаның қазіргі жетістігі

Өткен жылы Бермингем университетіндегі Энергия сақтау орталығында тағылымдамада болып қайттым. Ол жерде тек қана осы энергия сақтау технологияларын зерттеумен айналысады. Электр энергиясын сақтау, жылу энергиясын сақтау деген сияқты әртүрлі бағыттар бар. Төрт айдан аса уақыт сонда болып, материалдардың құрылымын қарап, қанша жылу алады, қай температура аралығында сақтайды, көп жұмыс істегенде оның химиялық құрамы өзгермей ме деген сияқты – бізге қажетті мәліметтердің бәрін зерттедік.

Одан кейін осы командамызбен «Дүниежүзілік банктың» қаржысын қолданып GreenWell Mechanics деп аталатын ЖШС аштық. Сосын Сан-Франсискода өткен «Жасыл технология апталығына» стартап компаниялардың жарысына қатыстық. Онда дүние жүзі бойынша қоршаған ортаға зияны жоқ таза технологиялар ұсынылады. Орын беріледі. Біз Қазақстаннан қатысып отырған бірінші команда болдық. Содан да болар, тәжірибеміз аз болды. Есесіне, көп нәрсе үйреніп қайттық. Болашақта басқа да технологияларды алып барып, алғашқы орындарды алуға болатынына көзіміз жетті. Осы жылы жүлдені немістер мен жапондар алды. Себебі энергия маркетіне керекті заманауи технологияларды ұсынды. Ал қазылар алқасы соған қатты көңіл бөледі. Біз болсақ енді бастап жатқандықтан нәтижелерімізді толығымен көрсете алған жоқпыз, алайда технологияға қызыққан инвестор компаниялармен байланыс орнаттық. Болашақта бұл технологияны шет елдерде сатуға мүмкіндік туып отыр. Одан артық не керек?

Бақытжан Ахметов, жас ғалым
Бақытжан Ахметовтың жеке архивінен

Алматы облысы, Қапшағай трассасының бойында ҚазҰУ-дың «Агро-Био-орталық» деген 5-6 гектарлық жері бар. Сондағы екі қабатты ғимаратты біздің технологиямен жылытып көрмекпіз. Биыл негізгі жұмыстарды жасаймыз. Керек құралдарды орнатамыз. Ұңғыма қазатын машина сатып алып бірнеше ұңғыма қазу арқылы маусымдық жылу сақтағышты құрастырамыз. Коллекторларды қоямыз, ғимаратқа интеграция жасаймыз. Толық нәтижелерін алып, бәріне сенімді болған кезде, Энергетика министрлігіне және қалалық әкімшіліктерге ұсынамыз.

Материалдар қайдан әкелінеді?

Бізге қажетті материалдарға қатысты ешқандай мәселе жоқ. Парафин мен еріген тұздар біздің елімізде бар, табу қиындық туғызбайды. Жердің астында жылуды сақтау үшін тек қана полипропилинді трубалар керек. Соларды «U» әрпі тәріздес қылып, жылуалмастырғыш ретінде жердің астына орнатамыз. Жүйеге қажетті ең қымбат зат деп үлкен көлемдегі цистернаны айта аламын. Ол жылуды жоғалтпай сақтап тұруы үшін, сыртын жылу сақтағыш материалдармен қаптау керек. Ол да біздің Қазақстаннан табылады. Күн коллекторларын жаңағы бізбен бірге жұмыс істейтін Kuntech компаниясы шығарады. Солардан арзан бағада сатып алып, орнатамыз.

Есеп-қисап, қаражат

Біз бәрін есептеп көрдік. Мысалы, энергиялық тиімсіз үйді қарастырайық. Олар көбінесе бес қабатты, екі подъезді 70-жылдары салынған болады. Осы үйді жылыту үшін бір шаршы метр аумаққа 70-100 Ватт жылу керек. Бізде жылу беру мерзімі алты айға созылады. Сонымен үйдің әр қабатында бір бөлмелі, екі бөлмелі, үш бөлмелі үш пәтер бар деп алғанда, бәрінің ауданы шамамен, 2000 шаршы метрді құрайды. Соны біздің технологиямен жылыту үшін, қанша материал керек, ол үшін қанша ұңғыма қазып маусымдық жылу сақтағышты қандай түрде жасау керек деген сияқты мәселелердің бәрін есептеп шықтық.

Біз мұнда технологияның өзін-өзі ақтау мерзіміне көңіл бөлеміз. Ол орта есеппен 5-6 жыл болады, бірақ энергия тиімділігі төмен үйлер үшін бұл мерзім 8-9 жылға созылуы мүмкін. Осы уақыт аралығында технологиямыз өз құнын ақтайды, ары қарай энергияны төмен бағада пайдалануға болады. Сондықтан оны тек қана пайда әкеледі деуге болады. Дегенмен, біз ескі үйлерді қарастырып жатқан жоқпыз. Себебі оған интеграция жасау қиын. Мақсатымыз – болашақта салынатын жаңа үйлерге біздің технологияны қосып орнату. Оның өзі үлкен жұмыс. BI Group – Қазақстандағы нөмірі бірінші құрылыс компаниясы, осы технологияны енгізуге қызығушылық танытып отыр. Бір ғана нәрсе, біз бұның тиімді жұмыс істейтінін дәлелдеуіміз керек.

«Газға немесе көмірге қарағанда тиімді және қоршаған ортаға залалсыз»

Тұрғындарға қай жағынан тиімді? Алматы айналасында осы технологияны енгізсек, қоршаған орта тазарар еді. Себебі, газ бармаған жерлерде адамдар әлі де көмір жағып отыр. Оларда басқа мүмкіндік те жоқ. Электр энергиясымен жылытайын десе, қымбатқа түседі. Газ қолданудан да зиянды заттар бөлінетінін айта кету керек. Ал, біздің технологияның бірінші кезекте адам денсаулығына зияны жоқ – Күннің энергиясын ғана қолданады. Екінші жағынан, өз құнын ақтаған соң тарифті төмендетуге болады. Жалпы, құнын газбен шамалас бағада қоюды көздеп отырмыз.

«Біздің командаға қосылу үшін…»

Біздің командаға қосылу үшін ағылшын тілін меңгерген, механика мамандығынан және программалаудан хабардар болу керек. Себебі біз бәрін бірінші компьютерде модельдеп, теориялық есептеп аламыз. Сосын оның талабына байланысты тапсырмалар береміз. Кейін деңгейіне қарай еңбекақысын тағайындаймыз.

Докторантура туралы

Мен қазір докторантураның 3-курсында оқып жүрмін. Бізде ол үш жыл, бірақ басқа мемлекеттерде төрт-бес жыл. Менде барлығы дайын, жылдың соңында диссертациямды қорғаймын. Оған осы технологиямыздың сынақ нәтижелерін қосқым келген, алайда олай істесем, бір жыл кешігуім мүмкін. Кішкене қиындау болып тұр. Бәрін ойластырып жатырмыз. Мақалаларымыз да жарық көріп жатыр, әлі де жазу үстіндеміз.

«Қарапайым орта мектепте оқыдым»

Оқушы кезімнен математиканы жақсы көретінмін. Ал физикадан дұрыс оқымағаным үшін мұғалімді кінәлап жүретінмін. Себебі ол пәннен мектептің директоры берді. Жиналысқа жиі кетеді де, өтпей қалған тақырыптарды қосып өтеміз. Физикаға деген қызығушылығымды сол кезде жоғалтып алдым-ау деймін. Себебі, математика жағынан мықты болдым да, физикам салыстырмалы түрде нашарлау болды. Бірақ олимпиадаларға қатысып, орын алып тұратынмын.

Оқушы кезімде, қазір бір жағынан күлкің келеді, бір жағынан таң қаласың, сыныптасым екеуміз осындай Күн энергиясын сақтайтын материалдарды зерттегенбіз. «Құмда қанша энергияны сақтауға болады?», «Жүн сияқты материалдарда ше?», «Қанша уақыт тұрады?» деген сауалдарға жауап іздейтінбіз. Сосын суды Күн энергиясы арқылы буландырып, дистиляция жасайтынбыз. Ол жақта ғылыми жобамызбен облыс деңгейіне дейін бардық. Соның өзі үлкен тәжірибе болды.

Мен қарапайым орта мектепте оқыдым. Ешқандай лицей, гимназияларға барған жоқпын. Себебі, анам екеуіміз ғанамыз, қасында болғаным дұрыс деп ойладым. Қазақ-түрік лицейіне баруға мүмкіндік болды. Сыныптастарымның бірі сонда барды. Бірақ мен ОҚО, Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы Омар Есімов атындағы орта мектепте қалдым (күліп). Жалпы ауылда 4 мектеп болатын. Осыдан 3-4 жыл бұрын тағы бір мектеп ашылыпты. Кезінде аудан орталығы болған Келес деп аталатын аймақ. Қазіргі таңда үлкею үстінде.

ҰБТ туралы

ҰБТ тапсырдым, физикадан ғана төрттік баға алдым. Дұрыстап оқымағаным алдымнан шықты. Қалғаны «бес» болды.

Қазір ҰБТ екіге бөлініпті ғой. Тестті университетке келіп тапсырған дұрыс сияқты. Десек те, ауызша болмаған соң түлектердің қабілеттерін толық көре алмайсың. Ал «Алтын белгіні» мектеп директорлары береді дегені қызық екен. Менің ойымша, оқушыларға оқуға түсуге жылына бір рет қана емес, 2-3 рет мүмкіндік берген дұрыс болар ма еді?!

Бақытжан Ахметов, жас ғалым
Бақытжан Ахметов, жас ғалым. ©SZH.kz

Себебі, өзім АҚШ-та оқығаннан кейін, олардың жүйесінен хабарым бар. Олар не істейді? Мектепті бітіргенше, соңғы жылдарда SAT деген тестке дайындалады. Оны, қателеспесем, айына бір рет тапсыруға болады. Дайындалдың, тапсырдың, нәтижең көңіліңнен шықпады ма, екі-үш ай дайындалып, тағы да тапсырасың. Әрине, әр тапсырғаның үшін ақша төлейсің. Сол жүйені бізге де әкелген дұрыс болар ма еді? Жылына бір рет тест тапсыру арқылы оқуға түсу оқушыға психологиялық тұрғыдан қиын. Ал, жылына жоқ дегенде 2 рет тест тапсырып бағын сынар болса, ыңғайлы болатын сияқты. АҚШ университеттері жылына 2 рет, кейбіреуі тіпті 3 рет студенттерді қабылдайды. Көктемде, жазда, күзде оқуға түсуге болады. Сондай мүмкіндіктерді біздің елде де қарастырған дұрыс болар деп ойлаймын.

«Мемлекеттің тапсырмасын орындаймыз деп, үш тілді жаттап алдық»

Қазір үш тілді ғана білемін: қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі. Мемлекеттің тапсырмасын орындаймыз деп, үш тілді жаттап алдық қой (күліп).

Ағылшын тілін мектепте дұрыстап оқымадым. Оның үстіне мектепте сөз қалай жазылса, солай оқитынбыз. Бірақ соңғы сыныптарда жақсы мұғалімдер келді. Сол кезде кішкене үйрендік. Бірақ тіл үйрену үшін ұзақ уақыт керек.

Университетке келгенде, ағылшын тілінің курстарына бара бастадым. Ұстазымыз 10 жыл бойы біздің елімізде тұрып келген Брайс Комбз деген америкалық жігіт болатын. Курсының айына төлейтін ақшасы аз, яғни студенттерге ыңғайлы, бірақ басқалардан білім деңгейі жағынан озып түсетін. Өзі психология саласында білім алған, адаммен қалай сөйлесуді және тілді үйрету әдістерін жетік біледі. Содан көп нәрсе үйрендік. Сосын «Болашақпен» оқуға барғанда ағылшын тілін одан ары жетілдірдім.

Ал орыс тілінде тек Алматыға келгенде сөйлей бастадым. Оңтүстікте білесіздер, тек қана қазақша сөйлейді. Орыс тілінде тек сол пән барысында ғана сөйлейтінбіз. Алматыға келген соң орысшаға сұраныс көбейді. Біріншіден, керек материалдардың, кітаптардың көбі орыс тілінде еді. Бірақ үйренген соң тек қана ағылшын тілінде оқитын болдық. Себебі, ол басқа деңгей. Ыңғайлы. Жалпы, керек ақпараттың бәрі қазір ағылшын тілінде ғой.

Ағылшын тілін курста оқыған дұрыс па, әлде өзің үйренген бе?

Ағылшын тілін қашан өзің үйренген дұрыс? Орта деңгейге жеткеннен кейін, яғни intermediate-қа жеткен соң, ары қарай мұғалімнің көмегінсіз өзің үйренуге болады деп ойлаймын. Себебі, негізгі грамматиканы, қалай оқу керектігін, әдістерін білесің. Ары қарай грамматиканы назарға ала отырып, тынбай сөздерді жаттап, видеолар, деректі фильмдер көру керек. Өз басым солай істедім. Белгілі бір деңгейге жеткен соң, босқа ақша құртып не істеймін, одан да өзім дайындалайын деген ой болды. Дегенмен, ең оңай үйрену жолы – сол тілде сөйлейтін адамдармен жақын араласу немесе сол мемлекетте бірнеше жыл тұру.

Бақытжан Ахметов, жас ғалым. ©SZH.kz
Бақытжан Ахметов, жас ғалым. ©SZH.kz

«Болашаққа» қалай дайындалу керек?

Бірінші, өзің қызыққан салада бірге жұмыс істеу үшін профессор іздеген дұрыс. «Мына университет керемет екен» деп бара салудың, меніңше, қажеті жоқ. Өз саласының алдыңғы қатарлы профессорлары ТОП-10-ға кірмесе де, жүздікке кіретін университеттерде жұмыс істейді. Мысалыға бізге Пейман Гиви деген кісі өте жиі келіп тұрады. Өзі түбі ирандық. Америкада Питтсбург университетінде жұмыс істейді. Бұл университет ең үздіктер қатарында емес, алайда біздің газдар және сұйықтар механикасы саласы бойынша, факультеттің, сондай-ақ осы профессордың деңгейі өте жоғары. Сондай адамдармен жұмыс істеуді мақсат еткен дұрыс. Жайдан-жай университетті таңдап бара салуға болмайды. Кіммен жұмыс істейсің, қандай тақырыпта диссертация жазасың – бәрін алдын ала ойластыру қажет. «Болашақпен» барған соң, қаржыландыруым бар десең, профессорлар «жоқ» демейді, тіпті мықты студенттерді ғылыми жобаларының біріне алып азын-аулақ жалақы төлеуі де мүмкін. Сондай-ақ, бакалаврға профессордың көмекшісі ретінде, шетел университеттерінде қосымша ақша табуға да болады. «Болашақ» оған тыйым салмайды, тек үлгерімің дұрыс болуы керек. Мүмкіндік болса ары қарай PhD докторантураны оқуды қарастыра бересің.

Жалпы, «Болашақ» жалғыз нұсқа емес. Басқа да жолдары көп. Мен жақында Сан-Францискоға барған кезде бір жігітпен таныстым. Өзі Назарбаев университетінде оқыпты. Бакалаврды оқығаннан кейін, Бостон университетіне бірден докторантураға түсіпті. Негізі Америкада сондай, бакалаврды бітіргеннен кейін, бірден докторантураға түсуге болады. Яғни, докторантураның ұзақтығы бір жылға ұзақтау және магистр дипломын қоса береді. Жаңағы жігітке университет жылына 32 мың доллар шәкіртақы береді екен. Ай сайын 2,5 мың доллар. Артығымен жетеді. Яғни сондай да жолдары бар. Үйді кепілдікке қойып жүргенше…

Алайда, ол үшін тесттерді өзің тапсырасың. Шет елдерде студенттерді, көбінесе, тақырып бойынша қабылдайды. Университеттердің сайттарына «Осындай тақырып бойынша, осындай университетке, осындай профессор студенттер қабылдап жатыр» деп хабарландыру жазып қояды. Соны бақылап отырып мүмкіндік болса, тікелей түсуге болады. Оқимын, білімімді шыңдаймын деген адамға мүмкіндік көп.

Егер шетелде жұмыс істеуге шақырса…

Дамыған елдерге шақырса, әрине, барар едім, қалу үшін емес, тәжірибе жинау үшін. Себебі, оларда лабораториялары, қажетті құрал-жабдықтары бар. Жақында Англияға барып, бірнеше құрылғыларды қолданып көрдім. Оның ішінде ең қымбаты шамамен 500-600 мың доллар тұрады. Ондай құрылғыны ҚазҰУ-дан таба алмайсыз. Назарбаев университетінде де болмауы мүмкін. Ал біздікі сияқты қолданбалы мамандықтарға зерттеу құрылғылары керек. Сол тұрғыдан барып, жұмыс істеп, тәжірибе арттырып қайтуға болады. Ал, жалпы ойым: Қазақстанда біз жұмыс жасамасақ, кім жасайды?

Бір күн

Таңертең үлкен ұлымды балабақшаға қалдырамын. Қайтарда анасы алып кетеді. Сосын тікелей жұмысыма, механика-математика факультетінде орналасқан лабораториямызға келемін. Ең бірінші электронды поштамды тексеремін. Себебі, көп байланысымыз, шетелмен жасап жатқан жұмыстарымыз бар, конференцияларға ұсыныстар мен ғылыми мақалалар жібергенбіз. Солардан қандай да бір жауап келмеді ме екен деп тексеремін. Сосын командамен бірігіп отырып, жобалар бойынша шешілмей жатқан мәселелерді қарастырамыз, студенттермен талқылаймыз. Арасында сабақ беремін. Қазір тек бакалаврда 2-курстарға «Жылу және масса алмасу негіздері» деген пәннен беріп жүрмін. Бұл біздің технологиядағы ең керекті сала және біз оны жетік меңгергенбіз деп айтуға болады. Сол себепті әрі тәжірибем мен оқығанымды жастарға тек теориясынан ғана емес, қолданбалы бағыт бойынша да үйретіп жүрмін.

Бақытжан Ахметов, жас ғалым. ©SZH.kz
Бақытжан Ахметов, жас ғалым. ©SZH.kz

Күннің басым бөлігі зерттеуге кетеді. Көбіне бір орында тапжылмай отырып жұмыс істейміз. Кешкі сағат 8-ге дейін лабораторияда отырамыз. Үйге 9-да барамын. Кейде уақыт жетпей, сенбі-жексенбіні де жұмысқа арнауға тура келеді. Жақында ҚазҰУ-дың «Технопаркінен» орын аламыз. Оның жартысы зерттеу лабораториясы, жартысы компьютерлік офис болады. Сосын жаңа командадағы, GreenWell Mechanics-те жұмыс жасайтын студенттердің барлығын сонда алып кетеміз.

ҚазҰУ-дағы ұстаздық қызмет

Жасырып қайтеміз, қағазбастылық жоқ емес, бар. Бірақ азайып жатыр деп айтуға болады. Мүмкін мен бір пәннен ғана берген соң, солай көрінетін шығар. Бірақ «Универ» деген электронды жүйе бар. Бәрі сол жақта. Қазір «Зачетка» керек емес, студенттің бағасын, сабаққа келген-келмегенін – бәрін сол жаққа енгізесіз. Ыңғайлы.

Қағазбастылық Қазақстанның барлық жерінде бар ғой. Оны айта беруден пайда жоқ, тек өзгерту керек. Менеджмент саласын түсінетін, басқаруды жақсы меңгерген адамдар жұмыс жасаса, қағаз бастылық азайып, білім-ғылым саласы одан ары дамитынына сенемін.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқытсуреттер Ақжарқын Қыдырханова

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

27 пікір

  1. Биздин уйде али комир жагады. Мамамды айаймын. Тезрек осы исти айактап енгизсе екен

  2. Осы жоғарыдағылар қайдағыбір жобаларды ойлап тауып, қаржыландырғанша халыққа пайдасы бар осындай ғылыми жұмыстарды неге қолдамайды екен?

  3. Қарапайым халық үйлеріне газ өтіргенге ақша таба алмай отырғанда, мұндай технологияны орнатуға ақшаны қайдан табады? Одан да қара көмірін жағып отырғаны жақсы

  4. Жақсы сұхбат! Мен өзім мектепте физикадан сабақ беремін. Біздің лабороторияға оқушыларға көрсетіп, таныстырып, қолдану аясын көрсетіп қызықтыратын қарапайым физикалық құрылғылар жетіспейді. Сол баяғы заманғы құрылғылармен жүрміз. Сабақ қызық болмаса оқушыда сабаққа қызықпайды ғой. Салдарынан физиктерден гөрі әдебиетшілер елімізде басым…

  5. Бақытжан ағай өте білімді ұстаз. Теорияны ғана емес практикалық тұрғыда да керемет тәлімгер!

  6. нигизи кун энергиясын пайдалану уакыт откен сайын тиімди болып отыр. Бауырымнын жобасы жемисин бергей!

  7. Жаздың жылуын жинап, сақтап, соны қыстың күндері үйді жылытуға шынымен бола ма? Рас болса, керемет қой! а то казір газды былай койғанда көмірдің бір мешогы да қымбат

  8. Сұхбатты бір деммен оқып шықтым. Керемет! Жас болса да көп іске бас болып жүрген азамат екен!

  9. Еліміздің ғалымдарының ғылыми жетістіктері туралы жазып отырған ұжымдарыңызға алғыс білдіремін! Әйтпесе, шетел ғалымдарының ғылыми жетістіктері мен жаңалықтары туралы орысша материал көп те, ал қазақ ғалымдары туралы материал некен-саяқ.

  10. Елімізде табиғи газ тартылмаған аймақтар өте көп. Алты ай бойы көмір жағып, суықпен арпалысып отеміз. Аталмыш жұмысын тезірек қолданысқа берілсе ғой…

  11. Қағазбастылық туралы дұрыс айтыпты. Таңертеңнен кешке дейін мектепте отчет өткізіп, қағаз толтырамыз да жұреміз.

  12. Жаңадан салынатын үйлерге қондармыз дейді? Сонды ескі үйлер көмірін жағып отыра беру керек пе?

  13. Бөлінген қаржыны толык игеріп, халыкка пайдалы дүниени жарыкка шығарса жақсы екен. Мундай азаматтарды қолдау қажет!

  14. ЕЛІНЕ КЕЛІП, ХАЛҚЫНА ҚЫЗМЕТ АТҚАРЫП ЖАТҚАН ЖАСТАН ҚАЛАЙ ҒАНА АЙНАЛМАЙСЫҢ? ОНСЫЗДА ҮКІМЕТТІҢ ҚАРЖЫСЫНА ШЕТЕЛДЕ ОҚЫП КЕЛІП, ҚАЗІР БОС ТАЙРАҢДАП ЖҮРГЕНДЕР КӨП.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!