“17 жасымнан жұмысқа араластым”

1992 жылы Кентау қаласында дүниеге келдім. Алматы экономика және статистика колледжінде оқығанмын. Кейін экономикалық академияны аяқтадым.

Ақниет Айтбаева, жас кәсіпкер
Ақниет Айтбаева, жас кәсіпкер ©SZH.kz

17 жасымнан бастап аутсорсинг компанияларда жұмыс істедім. Кейін оқуымды аяқтаған соң өзімнің жеке компаниямды аштым. “Главбух” осылайша дүниеге келді. Алғашында бухгалтерлік компанияның жұмысын жалғыз үстел мен ноутбукпен бастадым. Маған бұл бизнесті бастауға, жүргізуге ешкім көмектескен жоқ. Жалпы, жастар ешкімге еш нәрсені міндетсінбеу керек. Әркім өзі үшін еңбек етіп, өз жағдайын өзі ойлауы керек. Әркімнің өзіне лайық кәсібі болады. Соны дәл таба алса болғаны. Маған қағаздармен, адамдармен жұмыс жасаған ұнайды. Осы кәсіптен ләззат аламын.

“Ең алдымен тәжірибе керек”

"Главбух" бухгалтерлік компаниясы
“Главбух” бухгалтерлік компаниясы ©SZH.kz

Бухгалтерлік компания ашу үшін ең біріншіден білім мен тәжірибе қажет. Бұл мамандық теориядан қарағанда практиканы көбірек қажет етеді. Бухгалтерлік есеп бойынша білім алып жатқан шәкірттерге айтарым – тәжірибеге көп көңіл бөліңіздер. Себебі, “тірідей” көрген қағаздар мен олар туралы жай ғана әңгіме айтудың арасы жер мен көктей.

Біздің салада адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу маңызды. Көпшілік есеп-қисап жағын аса терең түсіне бермейді. Тұтынушыларға түсіндіру жұмыстарын ұзақ уақыт жүргізуге тура келеді. Алдыңа неше түрлі тұтынушылар (клиенттер) келеді. Әркімнің арыз-шағымы әр  түрлі. Оларды тыңдап, дұрыс ақыл-кеңес беру, сапалы қызмет көрсету – біздің міндетіміз.

“Бухгалтерлік компания ашу үшін 500 мың теңге жеткілікті”

Бухгалтерлік компания көп ақша салуды емес, көп ақша табуды талап етеді. Мысалы, “Главбух” орталығын құру үшін 500 мың теңге жеткілікті болды. Әрі қарай ақша айналымын көбейту қызмет көрсетуге байланысты.

Біздің компанияның қызметі аса қымбат емес, алайда сапалы деп нық сеніммен айта аламын. Компания қызметіне кіріскен 3,5 жылдың ішінде тұтынушылар тарапынан бір де бір ескерту, арыз-шағым түсіп көрген жоқ. Біздің қызметімізді пайдаланған кез келген адам танысы мен достарына компаниямызды мақтап, ақыл-кеңес беріп жатады.

"Главбух" бухгалтерлік компаниясы
“Главбух” бухгалтерлік компаниясы©SZH.kz

“Главбух” жоғары деңгейдегі компаниялардың қатарына ене қойған жоқ. Әр түрлі кәсіпорындармен, компаниялармен жұмыс істейміз. Көбінесе көрші Ресей және Қытай елдеріне қызмет көрсетеміз. Салық төлеу жүйесі, сауда-саттық орталықтары, ломбардтар мен тамақтандыру орталықтарымен келісімшартқа отырғанбыз.

“Главбух” бухгалтерлік курстар оқытады

“Главбух” бухгалтерлік орталығы арнайы оқыту курстарын ұйымдастырады. “Главбух” атты журналдың жоспары мен жобасы да дайын. Әзірге өзім жеке оқыту курстарын өткіземін. Қазір аудиторияны зерттеу үстіндеміз. Бухгалтерлік есеп бойынша білім алғысы келетіндердің қатары көп болса топтық үйрету жұмыстарын жүргіземіз деп жоспарлап отырмыз. Курсты оқып аяқтағандарға арнайы сертификат береміз. Осы арқылы қазақстандықтардың есеп жөніндегі білімін көтеруге атсалысқым келеді.

"Главбух" бухгалтерлік компаниясы
“Главбух” бухгалтерлік компаниясы ©SZH.kz

Кейбір мамандықтар көп оқуды қажет етеді. Мысалы, медицина, заң мамандары университет қабырғасында алдымен көп білім алу керек. Ал бухгалтерлік есепті арнайы курстар арқылы меңгеріп алуға да болады. Мұны өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Қазір білетінімді басқаларға үйреткім келеді. Арнайы жеке курстарда бухгалтерлік есептің қыр-сырын бастан-аяқ айтып, түсіндіріп беремін.

“Жас келсе – іске”

Өзім жұмысқа ерте араласқандықтан, жастарға қолдау білдіргім келеді. Қазір компанияда 6 қызметкер бар. Барлығы дерлік жастар. Компания алғаш құрылған кезде менен қарағанда тәжірибесі бар ғой деп жасы 30-дан асқан қызметкерлерді қабылдай бастадым. Алайда, “Жас келсе – іске” дегендей, жастарды жұмысқа тартқаннан еш ұтылмайтынымды түсіндім.

“Главбух” компаниясында тәжірибе жинап жүрген студенттер бар. Қолы бос уақытта компанияның жұмысына көмектеседі, тиісті еңбекақысын алып отырады. Олардың жалақысы 40 мың теңгеден басталады. Білікті бухгалтерлер 200 мың теңгеге дейін айлық алады. Біздің компания үшін жастардың жұмыс күші аса маңызды. Қазіргі жастар жылдам үйренеді, пысық, білімді, адамдармен жақсы тіл табыса алады.

"Главбух" бухгалтерлік компаниясы
“Главбух” бухгалтерлік компаниясы ©SZH.kz

Қазіргі жастарға ата-анасының мойнына мініп алған жараспайды. Мені оқытуы керек, тамақпен, үймен қамтамасыз етуі керек деген ойдан арылу қажет. Грант әркімге бұйыра бермейді, ал ақылы оқыту ата-ананың міндеті емес.

“Әр бухгалтердің өзіндік стилі бар”

Әр жазушының өз стилі болады ғой. Бухгалтерлерде де солай. Әр маман құжаттарды әр түрлі жинайды. Жұмыс процесін ұйымдастыруда да өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан, компания басшысы жақсы командаға мұқтаж.

"Главбух" бухгалтерлік компаниясы
“Главбух” бухгалтерлік компаниясы ©SZH.kz

Қазақстанда бухгалтерлік есеп саласы енді ғана дамып келеді. Дамыған елдерде салық кодексі жыл сайын жаңарып, өзгеріп отырмайды. Ал біздің елде заңда тұрақтылық жоқ. Себебі, есеп саласы әлі толық зерттеліп, қалыптасып біткен жоқ.

“Жастарға табысты болуға мүмкіндік көп”

Бухгалтерлік есеп бойынша қазақ тіліндегі оқулықтар аз. Бұл саладағы кітаптардың тілі де қиындау. Өз басым есеп жүргізу ісінің әліппесін В.Л.Назарованың оқулық-кітабынан үйренуге кеңес беремін. Сосын заңды білген ешкімге артық етпейді. Сондықтан, Еңбек кодексі, Азаматтық кодекс, Әкімшілік кодекс пен Салық заңдарын білген дұрыс.

Ақниет Айтбаева, жас кәсіпкер
Ақниет Айтбаева, жас кәсіпкер ©SZH.kz

Қазіргі таңда кез келген кәсіппен айналысып, табысты болуға мүмкіндік бар. Бастысы, жастық жалын бар кезде барлығын жасап қалуға тырысу керек.

Сұхбаттасқан Дана Маратовасуреттер  Әсел Сарқыт

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!