Бритни Спирске анимациялық клип түсіруді армандадым

Кішкентай кезімнен бері сурет саламын. 2008 жылы Бритни Спирс деген америкалық әншінің анимация стилінде бір клипі шықты. Мен оның нағыз жанкүйерімін. Сол кезде Бритниге осындай клип түрісіп берсем ғой деп армандайтынмын. Сурет үйірмесіне барып жүрдім. Бір күні ата-анам: «Алматыға барасың. Т.Жүргенов атындағы колледжге түсесің. Ол жерде анимацияға үйретеді»,- деді. Солай Алматыға келіп, үш жыл оқыдым. Бітірген соң академияға түстім, бірақ тастап кеттім. Себебі, оқу бес жыл. Ал менің арманыма тезірек жеткім келеді. Солай шыдамым жетпей, 1-курста оқудан шықтым.

Бекзат Исамбергенов, аниматор
©SZH.kz

Аниматорлыққа оқуға түсу оңай емес. Сурет салумен бірге, анатомияны білу керек. Креатив керек. Анимацияның тарихын, қалай жасалатынын білу қажет. Мен оны кішкентай кезімнен бері оқып келемін.

Алғашқы мультфильм

Ең алғаш рет “Тастүлек” мультфильмін жасауға қатыстым. 2013 жыл болатын. Мен ол кезде колледж бітірдім. Диплом жұмысы ретінде қысқаметражды мультфильм жасағанбыз. Мұғалімімізге менің туындым ұнады. Сосын ол барлық студенттердің дипломдық жұмыстарын «Қазақфильмдегі» режиссерлерге көрсеткен. Менің жұмысым оларға да қатты ұнаған екен. Бір күні хабарласып, жаңа жоба басталғалы жатқанын айтты, жұмысқа шақырды. Солай, «Қазақфильмге» келдім.

Одан кейін менің қатысуыммен “Үш сыйлық”, “Сиқырлы кітаптар” деген мультфильмдер шықты.

Мультфильм қалай жасалады?

Қысқаметражды мультфильмнің жасалуын қарастырайық. Стандартты жолмен жүрсек, бірінші, сценарий жазылады. Ол ертегі немесе ойдан шығарылған болуы мүмкін. Сценарист үйде отырып, шабытына байланысты оны белгілі бір уақытта жазып шығады. Кейіпкерлерді ойлап табады. Сосын режиссерге идеясын айтады. Ол қарайды. Ұнаса, қасына суретші-қоюшыны алады. Суретші-қоюшы сурет жағына, режиссер идея-сюжет жағына жауапты. Суретші кадрларды салудан бастайды. Ал суретші-қоюшы кейіпкерлердің бет-әлпетін, бейнесін салады. Режиссер болса, сол кейіпкерді алып, кадрларға бөліп шығады. Ол комикс сияқты қысқа-қысқа суреттер. Сценарист бұл суреттерді қарап, өзінің келісімін беруі керек. Сосын композитор, дыбыс режиссері келеді. Олар жайлап музыка жазады. Сол сценарий мен суреттердің барлығын бір-бірімен монтаж жасап, жұмыстың қалай келе жатқанын көру үшін шағын видео жасалады. Бәрі дұрыс болса, аниматорларға кейіпкерлер беріледі.

Бекзат Исамбергенов, аниматор
©SZH.kz

Олар кейіпкерлерге «жан бітіріп» қозғалысқа түсіреді. Соңында кадрлар боялады. Суретші-фоншылар кейіпкерлердің ар жағында тұратын фондарды салады. Ол қала, пейзаж, тау, тағы басқа болуы мүмкін. Соңында олардың барлығы монтаждалып, музыка қойылады. Солай мультфильм дайын болады.

Бұл процес ұзақ уақытқа созылады. Мысалы, 10 минуттық мультфильм болса, ол топтағы адамдарының саны мен техниканың қиындығына байланысты үш ай, не бес ай, кейде тіпті сегіз ай болуы мүмкін.

Негізі мультфильм жасаудың бірнеше техникасы бар. Ең танымалы – 2D мен 3D деген екі техника. 2D мультфильмдерде бір секундқа 24 кадр сурет салу керек болады.

Әр кейіпкер – аниматордың көшірмесі

Кейбір аниматорлар кейіпкерлеріне эмоция беруге қиналады. Алайда бұл адамның өзіне байланысты. Егер ол өмірде кішкентай заттарға қуанып, күле алмаса, анимацияда кейіпкерін шынайы күлдіре алмайды. Кейбір аниматорлар бар, оларға жылау қиын. Реніш болса, ішіне сақтап жүреді. Ал оларға жылауды көрсету қиынға соғады. Себебі біз айнаға қарап, қажетті эмоцияларды өзіміздің бет-әлпетімізден, мимикамыздан көшіріп аламыз. Демек, әрбір кейіпкер – белгілі бір деңгейде аниматордың көшірмесі.

Мультфильм жасау кезіндегі қиындықтар

Кейде сценаристпен келіспей қаласың. Соңында бәріміз бір шешімге келеміз, әрине. Бірақ ол өзінің жұмысын орындауы керек. Сюжетте кейіпкерлердің эмоциясын ойластырып, жоспарлы түрде барлығын дұрыс жазып берсе, оған қарап аниматор да өз жұмысын жақсы істей алады. Егер сценарист түсініксіз, эмоциясы жоқ сценарий жазып берсе, аниматор да өзінің жұмысын солай эмоциясыз істейді.

Біраз уақыт бұрын «Керқұла атты Кендебай» деген қазақ ертегісінен қысқаметражды 20 минуттық мультфильм шығармақ болғанбыз. Бірақ ол жоба тоқтап қалды. Бір жағынан ақша мәселесі болса, екінші жағынан серіктесім екеуіміз сөзге келіспей қалдық. Екеуіміздің ойымыз екі түрлі болды. Оған идеяларым ұнамады. Жағымды кейіпкерлерді зұлым қылғым келді. Ал серіктесім “Қасиетті кейіпкерлерді жаман қылуға болмайды”,- деп келіспеді. Команда жинаған кезде де келіспеушілік болды… Бұндай жағдайлар бізде – аниматорларда жиі болып тұрады.

Шығармашылықта уақыт өте тығыз

Мультфильм жасау барысында аниматор үшін басты назарда – көңіл-күй. Сен кәсіби немесе әуесқой суретші бол, бәрібір, көңіл-күйің жаман болса, сурет те жаман шығады. Барлық суретшіде солай. Сондықтан күнде жұмысқа келердің алдында көңіл-күйіңнің көтеріңкі болғаны дұрыс. Олай болмаса, жұмыс жүрмейді, сурет салынбайды. Қайта-қайта өзгерте бересің немесе соңында барлығын өшіріп, қоқыс жәшігіне тастайсың. Сосын қайтадан бастайсың. Ол – уақыт. Шығармашылықта уақыт өте тығыз, оны үнемдеу керек.

Бекзат Исамбергенов, аниматор
©SZH.kz

Кейде менің де көңіл-күйім бұзылады. Ондай сәтте құлаққап киіп аламын да музыка тыңдаймын, ойланамын. Музыка да әсер ете алмаса, интернеттен қызықты мақалаларды, күшті-күшті дизайнерлер, суретшілер, мен аниматорлардың аккаунттарын ашып, жұмыстарын қараймын. Олардың туындылары сенікінен асып тұрса, қарап шабыт аласың.

Кейде өзімнің жасаған мультфильмдерімнен ұяламын

Өзім жасаған мультфильмдерді қараймын, бірақ бұрынғы жұмыстарыма қараған кезде кейде ұяламын. Себебі жылдан-жылға сурет салу қабілетімді шыңдап келемін. Бұрынғы білінбеген кемшіліктерім қазір көрініп тұрады. Сондықтан қарағым келмейді.

Ал, отандық мультфильмдерден екі режиссердің өнімдерін қараймын. Екеуі де жақсы режиссерлер. Біреуі – Рамиль Усманов. Оның «Мақтаншақ қыз» деген 3D форматында жасалған мультфильмі бар. Маған қатты ұнайды. Өте қызық, күлкілі және сапалы. Екіншісі – Адай Әбілданов. Оның  «Жерұйық», «Аңшы» деген қысқаметражды мультфильмдері бар. Солар да қызықты, динамикасы бар, суреті де әдемі салынған.

Бізде заманауи мультфильмдер жоқ

Бекзат Исамбергенов, аниматор
©SZH.kz

«Қазақ елі» мультфильмін қараған жоқпын, тек трейлерін көрдім. «Талғамға талас жоқ» дейді ғой, маған ұнаған жоқ. Динамикасы аз деп ойлаймын. Суретте 2D мен 3D форматтарын араластырып жіберген. Екінші жағынан, мен біздің салт-дәстүрлерімізді сыйлаймын, бірақ қазір 21 ғасыр. Ешкім қазақ үйде тұрмайды. Сондықтан заманауи мультфильмдер шығару керек деп ойлаймын. Әрине, еске түсіру үшін, балалар білуі үшін тарихи мультфильмдер шығаруға болады. Алайда біздің барлық мультфильміміз тарихи болып кетті. Қазіргі күнге лайықтылары жоқ. Мүмкін бар да шығар, бірақ олар туралы ешкім естіген жоқ.

Менің де сондай мультфильм шығарғым келеді. Ойымда бар. Үйде қарайған блокноттар жатыр. Ішінде сценарийлер, концепциялары, кейіпкерлері жазылған. Олардың да жарыққа шығар уақыты келер.

Шығармашылық дағдарыс болды

Ең соңғы жасауға қатысқан мультфильмім «Мұзбалақ» деп аталады. Ол биыл шығуы керек. Бірақ, мен ол жобадан шығып кеттім. Себебі шығармашылық дағдарыс болды. Не істейтінімді, не істегім келетінін білмей, ақыры дизайнға кетіп қалдым. Қазір The bar жарнама агенттігінде дизайнер болып қызмет етіп жүрмін.

Ал әлеуметтік желілерде жазылған «Розовая мечта» деген жұмыс орным – жай ғана қалжың. Орыстарда «Строю розовую башню» деген сөз бар. Ол көп армандап жүрген адамдарға қатысты айтылады. Мен де арманшылмын.

Абай Құнанбаев сынды зиялылар 21 ғасырда өмір сүрсе…

Абай Құнанбаев
Абай Құнанбаев. ©Бекзаттың жұмысы

Менің ағам – Жалғас Ертай маған танымал жазушыларды, ақындарды анимациялық кейіпкер ретінде салып шығуды ұсынды. «Бұрынғы ескі суреттері бәрін жалықтырып жіберді, қызық бірдеңе керек»,- деді. Сосын ең танымал деген тұлғаларды таңдап, фотоларын іздедім. Аз екен. Көбі кеудесіне дейін ғана түсірілген портреттер болғандықтан, қалғанын қиялмен толтырдым. Мүмкін ол толық кісі болған шығар, мүмкін арық болды ма екен, білмеймін ғой. Сосын ойладым: егер де сол тұлғалар қазіргі ғасырда өмір сүрсе, олар да смартфондар ұстап, интернетке кірсе, әлеуметтік желілерді пайдаланса, не істеп жүрер еді? Мүмкін біреуі “Фейсбукта” аккаунт ашып, сонда өзінің өлеңдерін жазып, лайк пен комментарий жинайтын шығар. Мүмкін біреу “Твиттерге” жазып, ақыл-кеңесін беріп жүрер. Солай идея келді. Жасап шықтым. Көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты.

Мағжан Жұмабаев
Мағжан Жұмабаев. ©Бекзаттың жұмысы
Ыбырай Алтынсарин
Ыбырай Алтынсарин. ©Бекзаттың жұмысы

Алдағы жоспарлар

Жақын арада қазақ мифологиясының кейіпкерлерін де анимация кейіпкері қылып шығарғым келеді. Оларды “диджитал арт” деп атайды. Себебі қазақ мифологиясының кейіпкерлері қазір ұмытылып бара жатыр. Бәрінің білетіні тек Жезтырнақ, Мыстан кемпір, айдаһар ғана. Өткенде ағам Жалғастың кеңесімен бір кітапты оқыдым. Авторы есімде жоқ. Онда қазақ мифологиясындағы барлық кейіпкерлердің тізімі жазылған.  Көлтаусар, Таусоғар сияқты көпшілік танымайтын өте қызықты кейіпкерлер бар екен. Солардың бәрін салып шыққым келеді. Жақын арада қолға алатыным – осы. Басқа да ойларым көп.

Бекзат Исамбергенов, аниматор
Бекзат Исамбергенов, аниматор. ©SZH.kz

Әзірге мультфильм шығаруға ұсыныстар түсіп жатқан жоқ. Оған еліміздегі анимациялық индустрияның кенжелеп қалғаны себеп пе, әлде менің жас болғандығым ба, әзірге білмеймін.

Аниматорлардың табысы қанша?

Әртүрлі. Ол қатысқан жобаға байланысты. Бұл да суретшінің жұмысы сияқты. Мысалы, бір суретшінің еңбегі онша емес болады, бірақ ол өзін-өзі сатуды біледі. Ал басқа суретшілер бар, талантты, бірақ сата алмайды.

Мен өзімді сата алатындардың қатарынанмын деп ойлаймын. Алып жүрген қаражатым көңілімнен шығады. Қазір Алматыда өзім тұрып жүрмін. Ата-анам Ақтауда. Оқуды тастап кеткеннен кейін оларға жұмыс істеп, ақшаны өзім табатынымды айттым. Қазіргі табысым тамағыма, пәтер жалдауыма, жолыма жеткілікті. Ризамын. Әрине, болашақта үй алу туралы ойым бар. Соған байланысты бұдан да көп табуға тырысамын.

Есейгім келмейді

Менің ең сүйікті кейіпкерім – Микки Маус. Себебі, оны барлығы: үлкені де, кішісі де таниды. 1928 жылдан бастап шығып келе жатса да, әлі күнге дейін танымалдығын жоғалтқан жоқ. Әлемдік бренд деп санауға да болады. Әлі тірі, әлі жас. Есеймейді. Сонысы ұнайды.

Менің де сол сияқты есейгім келмейді. Есею – ол үлкен жауапкершілік. Никнейм ретінде «August Kid» деген атты таңдап алғаным да содан. “August” деген есім өзіме ұнайды. Айтылуы, естілі, жазылуы да әдемі. “Kid” ағылшын тілінде «бала» деген сөз.

Өзім 1995 жылы дүниеге келгенмін.

Бекзаттың жұмысы
©Бекзаттың жұмысы

Аниматордың сүйікті мультфильмдері

Сүйікті мультфильмдерім өте көп. Соңғы шыққандарда «Зверополис» ұнайды. «Пиннокио»-ның анимациясы жақсы. Сосын қазір «Холодное сердце», «Город героев» деген 3D мультфильмдер шығып жатыр. Негізінен Disney, Pixar, Dream Works студияларының өнімдеріне қызығамын. Сапалы, әлем таниды.

Соларға барып, тәжірибеден өтсем, үлкен жетістік болар еді. Бірақ сол жерде қалып кетуден қорқамын. Себебі, менің сүйіп көретін мультфильмдерімді шығаратын студиялардың ішінде жүру, оған менің қатысымның болуы жүрегіме қатты әсер етер еді. Өзімнің кумирлерімнің қасында жүрмін деген ойдан шыға алмай қалуым мүмкін. Алайда, ол жақтарға баруға ешқандай амал жасап жатқан жоқпын. Тек ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Репетиторсыз, өзім, үйде.

Аниматор болғысы келетіндер неден бастауы керек?

Аниматор болғысы келетіндер мультфильмді көп қарауы керек. Оны сүюі керек. Ол жерде барлығы көрсетіліп тұр. Не керек? Сурет, өлең, қимыл… Сосын сурет салып үйренуі керек. Анатомияны оқысын.

Мультфильм баланы қатыгездікке үйретпейді

Қазір мультфильмдер идеологияны насихаттаудың басты құралына айналғаны рас. Себебі ол насихаттауға арналған құралдың барлығын өзіне алып алған. Онда кітап та, сюжет те, әңгіме де, эмоция да, өлең де бар.

Бекзат Исамбергенов, аниматор
©SZH.kz

Соңғы кезде ғалымдар «Мультфильм балаларды қатыгездікке үйретеді» деп дабыл қағып жатыр. Ол өтірік. Мультфильм балаға «былай істеу керек», «былай істемеу керек» деп үйретпейді. Бала “губка” сияқты. Кез келген ақпаратты сіңіріп ала береді. Сосын барып, тәрбие келеді де сол сіңіріп алған заттардың барлығын сүзгіден өткізеді. Ал тәрбиелейтін ата-ана. Ата-ана қалай тәрбиелейді, бала солай өседі. Мультфильмдердің ешқандай әсері жоқ. Ол тек “мынау жаман”, “мынау жақсы” деп факт береді. Ал қайсын таңдайсың, ол тек өзіңе байланысты.

Болашағымды осы арнаға толығымен арнаймын

Менің отбасымда суретшілер жоқ. Болған да шығар. Бірақ олардың кезінде ешқандай үйірмелер, суреткерлік мектептер болған жоқ. Мүмкін біреуде осындай талант бар, бірақ оны ашуға мүмкіндік болмаған. Менің арманым – танымал суретші болу. Әрине, ата-анам кішкентай кезімнен «Ешқашан тастама. Ол сенің наның» деп сурет үйірмесіне беріп қойды. Қазір өстім. Шағымданбаймын. Керісінше, рахмет айтамын. Себебі сүйікті ісіммен айналысамын, сол арқылы нанымды тауып отырмын.

Офисте немесе компьюердің алдында отырып, сандармен айналысу маған қызық емес. Математика, физика дегендер қиын жұмыс деп ойлаймын. Сурет салу мен үшін оңай және пайдалы. Болашағымды осы арнаға толығымен арнаймын.

Алматыда күнде жауын
“Алматыда күнде жауын” (SZH сайтының “10 миф” айдарына Бекзаттың жасап берген иллюстрациясы)

Көруге кеңес  беремін:

Менің жеке көзқарасым бойынша, «Храбрая сердцем» мультфильмінде эмоция жақсы берілген. Баланың ата-анасымен қарым-қатынасы, адам тағдыры керемет көрсетілген. Ал анимация жағынан «Том мен Джерриді» қарауға болады.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқытсуреттер  Ақжарқын Қыдырханова

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!