Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде туризм мамандығы бойынша оқыдым. 3-курста “Хикмет travel” туристік компаниясынан тәжірибеден өттім. Оқып жүріп, осы компанияда жұмыс істедім. Кейін университет бітірген соң, жинаған тәжірибем бойынша жеке компания ашқым келді. “Достық Travel” туристік компаниясы осылайша дүниеге келді. Компанияның іске кіріскеніне биыл 2 жыл.

“Достық Travel” халал туризммен айналысады”

"Достық Travel" туристік компаниясы
“Достық Travel” туристік компаниясы ©SZH.kz

Қазақстанда 2 мыңнан астам туристік компаниялар бар. Әрқайсысы әр түрлі бағытта жұмыс істейді. Қажылық бағыттағы 25 туристік компания бар. Туризмде өзінің ерекшелігі бар компаниялар ғана өміршең болады. Халал турда ескерілетін ең маңызды ерекшелiктер:
– тамақтарының халал болуы;
– арақ-шарап, ішімдіктердің болмауы;
– əйел кісілерге арналған бөлек бассейн, бөлек жағажай, жеке монша, саунаның болуы;
– ерлер мен әйелдердің массаж бөлмелері мен фитнес залдарының бөлек болуы;
– демалыс орнында құлшылық жасайтын орынның, намазхана немесе мешіттің болуы;
– бөлмелерде қыбыла бағытың көрсетілуі, жайнамаз және құран кітаптың болуы.

“Мұсылман елдеріне 100 мың теңгемен барып-келуге болады”

"Достық Travel" туристік компаниясы
“Достық Travel” туристік компаниясы ©SZH.kz

Халал туризмнің әлемдік саяхатта алатын орны ерекше. “Достық Travel” мұсылман елдеріне турлар ұйымдастырады. Туризмнің бұл саласында бәсекелестік аса жоғары деңгейде емес. Сингапур, БАӘ, Түркия, Малайзия, Индонезия, Өзбекстан сияқты мұсылман мемлекеттерде халал туризм жақсы дамыған. Біздің компания 20-дан астам елдермен келісімшартқа отырған. Турлардың бағасы Еуропа елдеріне қарағанда қымбатырақ, ішкі туризмге қарағанда арзанырақ. Барып-қайту авиабилеті, виза, қонақ үй мен жолсілтеуші қызметінің құны шамамен 85-100 мың теңге көлемінде болады.

“Ай сайын мың турист қабылдаймыз”

Абдусамат Арипов, жас кәсіпкер
Абдусамат Арипов, жас кәсіпкер ©SZH.kz

Қазір қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы жақсарған. Біздің компания ай сайын мыңнан астам туристерді қабылдап, шетелге демалуға жібереді. Жаз мезгілінде айына 10 мыңнан астам турист қабылдайтын компаниялар да бар. “Достық Travel” жыл он екі ай демалыссыз жұмыс істейді. Қазір компанияда он қызметкер бар. Жалақылары 80-100 мың теңге шамасында. Шымкент, Қарағанды, Астана қалаларында да кеңсеміз бар.

“Кәсіп бастау үшін махаббат керек”

Әрбір қазақ бизнеспен айналысқысы келеді. Бұл дұрыс бастама. Бірақ, барлық мәселе ақшада деп ойлаудан аулақ болу керек. Білімің мен тәжірибең болса, қаражатсыз-ақ кәсіп бастауға болады. Әлемдік тәжірибе осыны растап отыр. Ең бастысы, өзіңнің кәсібіңе деген махаббат, қызығушылық болса болды. Мен кәсібімді аса үлкен қаражатпен бастамадым. Бірақ, туризмге деген махаббатым ерекше болды.

Абдусамат Арипов, жас кәсіпкер
Абдусамат Арипов, жас кәсіпкер ©SZH.kz

“Құрт өндіруді қолға алып жатырмыз”

“Асыл құрт” дейтін жоба бастағаныма біраз уақыт болды. Оңтүстік Қазақстанда арнайы өндіріс орнын ашып, құрт өндіріп жатырмыз. Әлемге танымал “Рафаэлло”-мен бәсекелесе алатын өнім шығару үшін еңбектеніп жатырмыз. Шетелге барғанда қазақтың ұлттық тағамдарын өзімізбен ала жүреміз. Басқа елдегі адамдар біздің тағамдарға үлкен қызығушылықпен қарайды. Болашақта “Асыл құрт” өнімдерімен шетел туристерін елге тарту жоспарда бар.

“Ішкі туризмді дамытқым келеді”

Абдусамат Арипов, жас кәсіпкер
Абдусамат Арипов, жас кәсіпкер ©SZH.kz

Өзім тәуелсіздіктің құрдасымын. Елдегі туризмді дамытқым келеді. “Достық Travel” Таңбалы тас, Бурабай, Сарыағаш, Көлсай көлдері, Шарын шатқалы, Медеу, Үлкен Алматы көлі секілді жерлерге саяхат ұйымдастырады. Алайда, Қазақстанда демалу шетелге қарағанда қымбат. Осы тарапта спорт және туризм министрлігінен көп көмек күтеміз. Қазақстанға Ресейден, Қытайдан туристер көп келеді. Алайда, қызмет көрсету, сервис ойдағыдай болмай жатады. Туристік компаниялар атына кір келтірмеу үшін ішкі туризмге көп беттей бермейді. Қазақстанда халал туризмді дамыту керек. Халал мейрамхана мен асханалар, халал жағажайлар салсақ, туристердің санын көбейе түсер еді. Мысалы, Түркістан қаласы танымдық мақсаттағы діни туризмге ыңғайлы. Былтыр Сарыағаштан халал демалыс орындарын аштық. Оңтүстікте азық-түлік бағасы арзан, ауа райы қолайлы. Туризмді дамытуға аса ыңғайлы жер. Тек көңіл бөлінбей отыр.

“Тіл үйрену үшін ұялшақтықтан арылу керек”

Абдусамат Арипов, жас кәсіпкер
Абдусамат Арипов, жас кәсіпкер ©SZH.kz

Өзім бес тіл білемін. Қазақ, орыс, ағылшыннан басқа түрік және араб тілдерін меңгергенмін. Тіл үйрену үшін ең алдымен ниет керек. Сосын қазақ халқында ұялшақтық, ұяңдық мінез қалыптасқан ғой. Осыны жою керек. “Қате сөйлесем ұят болады”, “Мені мазақ етеді” деген түсініктен арылу керек. Шетелде сөйлесу арқылы қалыптасып кетесіз. Олар сізді мазақ қылмайды, керісінше көмектесуге тырысады.

“Қажылық жолындағы компаниялар алаяқтық жасамайды”

"Достық Travel" туристік компаниясы
“Достық Travel” туристік компаниясы ©SZH.kz

Қазір туристік компаниялар деген сенім азайып барады. Күн сайын алаяқтық туралы ақпарат естіп жатамыз. Қажылық жолындағы компанияларда алаяқтық көп кездеспейді. Көпжылдық тәжірибесі бар компанияларға сенім де көбірек. Туристік компания таңдағанда оның кеңсесіне, мамандардың біліміне, арнайы сертификат пен лицензияларына, сақтандыруына, тағы басқа құжаттарға жіті назар аудару қажет. Әйтпесе қазір жарнама деген қаптап кетті. Оңай ақша тапқысы келетіндерге олжа болмау үшін туристік компания таңдауда аса абай болған жөн.

“Табысымыздың 20 пайызын қайырымдылыққа жұмсаймыз”

Абдусамат Арипов, жас кәсіпкер
Абдусамат Арипов, жас кәсіпкер ©SZH.kz

Табысымыздың 20 пайызын қайырымдылыққа жұмсаймыз. Өзім Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқығанмын. Университеттегі көптеген шараларға қолдау көрсетіп отырамыз. “Ана тілі аруы”, “Жігіт сұлтаны” байқауына жыл сайын демеушілік көрсетіп, 2 жыл бойы Дубайға жолдама беріп келеміз. Арнайы келген қайырымдылық қорларына, мешіттерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға демалысқа жолдама береміз. Қажылыққа маусым сайын 3-4 адамды тегін алып кетеміз. Алла ниетіңе қарай береді. Қайырымдылықтан қашпау керек. Ақшаның соңына түсіп, құнығып алғандардың кәсібі алға баспайды.

“Туризм мұнайдан кейінгі ең табысты сала”

"Достық Travel" туристік компаниясы
“Достық Travel” туристік компаниясы ©SZH.kz

Бір жылда кем дегенде 100 миллион теңге айналымда болады. Туризм саласы мұнайдан кейінгі ең табысты сала. Біз еш нәрсе өндірмейміз. Тек бар нәрседен пайда табамыз. Қазір әр адым сайын алдыңыздан туристік компания шығады. Жарнамасы жер жарып тұр. Егер табыс көп болмаса компаниялар да көп болмайтын еді. Әлемде тек туризмнің арқасында күн көріп отырған елдер бар. БАӘ, Түркия кезінде кедей елдердің қатарында болған. Пайдалы қазбасы жоқ, адам баласы бармайтын мемлекеттер еді. Қазір туризм арқылы қанша табыс тауып отыр. Туризм халықтың мәдениетін, болмысын, табиғатын танытады. Бұл салада кез келген нәрсені бизнеске айналдыруға болады. Ұлттық тағам, ұлттық киім, қызмет көрсету, ән мен би өнерін ортаға салсаң да пайда таба аласың. Сондықтан, туризммен айналысқандар – пайданың көзін тапқандар деп айтуға негіз бар.

Сұхбаттасқан Дана Маратовасуреттер  Әсел Сарқыт

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

1 пікір

Пікір қосу