Кәсіп бастауыма бала кезімдегі арманым себеп болды. Кішкентай кезімде өзімді үлкен бір кәсіпкер ретінде елестететінмін. Содан қолымда бар мүмкіндікті пайдаланып, арманымды өзімнің туған Жансүгіров ауылында іске асыруға кірістім.

Менің кәсіпті Алматыда немесе Талдықорғанда бастауға мүмкіндігім болды. Бірақ сізге  пафос болып көрінетін шығар, бірақ өз ауылымның өркендеуіне  үлесімді қосқым келді (жымиып).

Кәсіпкерлікке қадам

Ол кезде әскерден келген едім. Ақша жинау үшін бір жыл бойы Ақсу аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде жұмыс істедім. Сөйтіп қалтамда бар 350 мың теңгемен іске кірістім. Полиграфиялық және графикалық қызметтер көрсететін шағын орталық ашқым келді.

Ең бірінші Canon 600D деген фотоаппарат пен принтер сатып алдым. Бәрі сурет түсіруден басталды. Ғимаратты арендаға алдық. Клиенттер тарту үшін көшелерге баннер ілдік, әртүрлі мекемелерге визитка тараттық. Басында бірлі-екілі адам ғана келсе, ақырындап оқушылар мен мұғалімдер келе бастады. «Сарафонное радио» да бар. Жарнамаға қатты көңіл бөлдік. Орыстарда “Реклама-двигатель торговли” деген бар ғой. Біз осыны ұстандық.

Суретке түсіру, фотограф
©SZH.kz

Бұл 2013 жыл болатын. Ол кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелген едім. Бір жыл солай жүрдік. Кейін тендерге қатысуымыз үшін “Ақсу барысы” ЖШС ретінде қайта тіркелдік. Содан бері үш жыл өтті. Салған қаражатымыз ақталды. Қиындықтың бәрі ЖК кезінде болды: клиент жетіспеді, өз-өзіме деген сенімім азайды…Бірақ та оның бәрін жеңуге болады екен. Көзім жетті. Қазір клиент баршылық. Негізгі клиенттеріміз – оқушылар мен мұғалімдер.

“Ауылда ақша көп емес”

Біздің баға ауыл халқының тұрмыс деңгейіне лайықты қойылған. Бәсекелестерімізден ерекшелігіміз де осы бағада. Яғни бізде анағұрлым арзан. Себебі ауылда ақша көп емес.

Қызметіміздің ең арзаны ксерокөшірме – 10 теңге, ең қымбаты баннер шығару – бір шаршы метрі үшін 1200 теңге. Бізде полиграфияға қатысты барлық қызмет түрі бар. Ол көшірме, сурет пен видеоға түсіру, оларды өңдеу, баннерлер… Қазір 2×3 баннерлерге көп тапсырыс түседі. Оны серіктестеріміздің құрылғысымен шығарамыз.

Табыс

Табысымыз өзімізге жетеді (жымиып). Қазіргі уақытта үш қызметкердің еңбекақысы, құрылғыларға, құрылысқа қажетті қаражаттың бәрі осы орталықтан түсіп отыр. Еңбекақы – 45 мың теңге. Бұл ауылдағы орташа жалақы.

Полиграфиялық орталық, тіркеу
©SZH.kz

Ауылдағы роллерклуб

Үш жылдың ішінде тағы бір бизнеспен айналыстық. Ол роллерклуб. Әкімшіліктің көмегімен жастарға арналған ролик тебетін клуб ашқанбыз. Алайда бір жыл ғана жұмыс істей алдық. Құйылған қаржы ақталды. Жабылуына ғимараттың ескіруі себеп болды. Ролик тебуге жарамсыз болып қалды.

Ролик

Болашақта қайтадан қолға аламыз. Себебі барлық құрылғылар базамызда бар. Оны бастапқыда Алматыдан сатып алғанбыз. Бәрі дайын, тек нысан жетіспей тұр. Соған байланысты демеуші тартуды көздеп отырмын.

Болашаққа жоспарлар

Айтып отырған құрылысым – биыл 230 шаршы метрлік ғимарат салып жатырмыз. Жыл соңында бітіп қалады, бұйыртса. Кеңейгіміз келеді. Онда тек қана полиграфиялық емес, ойыншық сатылып, ролик тебетін орталық та болады.

Құрылыс біткен соң, ауылда өнеркәсіп ашқым келеді. Оған басты кедергі жол болып отыр. Егер жол жөнделсе, бізге үлкен көмек болатын еді. Отандық ойыншық шығарғым келеді. Кәдімгі жұмсақ ойыншықтар. Бизнес-жоспарын құрып қойдым. Оған ауылда тігінмен айналысатын бос жүрген, жұмысы жоқ адамдарды тартамын. Қазір нарықты зерттеу үшін Алматыдан ойыншықтар әкеліп, сатып көріп жатырмыз. Табыс бар.

Ойыншықтар
©SZH.kz

Негізі ынта болса, ауылда да бизнес жасап, кәсіпкерлікпен айналысуға болады. Тек тұтынушы аудиторияңа қарай бейімделуің керек. Мысалы, біздің ауданда жалпы 46 мың, соның ішінде Жансүгіров ауылында 10 мыңға жуық адам тұрады.

Кәсіпті неден, қалай бастау керек?

Ең бірінші адамды ішінен «жеген» идеяны өлтірмеу керек. Егер соған ерсең, бәрі ақырындап болады. Көп қаражат керек деп те айта алмаймын. «Қалауын тапсаң, қар жанады». Ебін таба білсең болды.

Кәсіпкерлікте адамға кедергі болатын бірден-бір фактор – адамның қорқынышы мен қоршаған ортаның қарсылығы. Ата-ана, достар мен таныстарыңның «Ой, нең бар? Сенің қолыңнан келмейді» деген пікірлері адамға қатты әсер етеді. Бірақ оны қалай қабылдау өзіңе байланысты.

Полиграфиялық орталық, тіркеу
©SZH.kz

Маған да қарсы болды. Өйткені мен кәсіпті бастау үшін бір ғана күнде әскери бөлімшедегі жұмысымнан шығып кеттім. Сол кезде анам: «Елдер жұмыс таба алмай жүргенде сен неменеңе жетісіп жұмыстан шығып жүрсің?» деп қатты ұрысты. Бірақ кәсіп бастау туралы идеямды өлтіре алмадым. Содан бері жұмыс істеп, нәтижесін, жемісін жеп келеміз. Қазір анам қуанады. Өйткені жетістіктеріміз аз емес.

Жетістіктер

Әртүрлі мекемелерден алғыс хаттар келіп отырады. 2016 жылы аудандық «Көшбасшыға» қатысып «Жас кәсіпкер» номинациясын жеңіп алдық. Олар да алға итермелеуші факторлардың бірі ғой. Еңбегінің ескерілгені де адамды шабыттандырады.

Алда әлі талай үлкен жетістіктерге жетеміз деген үміттемін. Біз туралы әлі талай мәрте еститін боласыздар. «Ақсу барысы» аудандық брендке айналады. Оған сенімдімін. Өйткені менде тәжірибе бар. Енді тек қана кеңею және ары қарай жұмыс істеу тұр.

Адамның өмірі ойын ғой. Сол ойынды жақсы ойнап шықсам деген ойым бар.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқытсуреттер  Ақжарқын Қыдырханова

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

17 пікір

  1. Фархад ты молодец!Желаю чтобы все твои планы в будущем осуществились! Так держать!

  2. Молодеец!!! Карьерного тебе роста, успехов во всех начинаниях! Достатка и больше идей!

  3. Елимдейтин ұл болмаса . ұлым дейтін ұлт болмайды.Елимиздин болашағы Фархаттай асыл азаматтарда осип оркендей бер.Иске сәт

  4. Елимиз өркендеп өсу ушин сиздей асыл азаматтар ой мақсат жигердери мыкты болсын . Биз саған сенеміз. Сәттілік

  5. Факось красавчик! Слова лидера! Прочитав статью я увидел будущее “ТОО Аксу Барысы ” крупная бизнес компания.

  6. сіздерге тек сәттілік тілеймін,,қадамдарыңыз құтты,табыстарыңыз мықты болсын!!!!

  7. Фархад, Іске сәт!!! ))) Тағы бір идея саған, ауылымызда жұмыссыз жүрген жастарға, сен жасаған батыл қадамға қорқақтап жүрген жандарға бизнес тренинг ұйымдастыру, қалай қарайсын?

  8. Қандай мақтаныш, осындай Азаматтын жерлесіміз))Фархад, Іске сәт!!! ))) Тағы бір идея саған, ауылымызда жұмыссыз жүрген жастарға, сен жасаған батыл қадамға қорқақтап жүрген жандарға бизнес тренинг ұйымдастыру, қалай қарайсын?

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!