Әлем бойынша арзандаған азық-түлік Қазақстанда қымбаттауда

Шикізат пен түсті металл бағасының төмендеуі, энергия көздерінің арзандауы, ауылшаруашылық өнімдерінің мол шығымы мен жаһандық экономикалық өсімнің бәсеңдеуі дүние жүзі бойынша азық-түлік бағасының төмендеуіне әсер еткен. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметінше, әлем бойынша азық-түліктің бағасының арзандау үрдісі байқалуда. Дереккөз: sn.kz

0
азық түлік

Сонымен қатар, жыл сайын доллардың нығаюы да баға нарығына оң әсерін тигізіп отыр. Ұйым өкілдерінің хабарлауынша, соңғы үш-төрт жылда азық-түлік бағасы орташа есеппен 1-1,5 пайызға арзандауда.  Латын Америка елдеріндегі ауыл шаруашылығының нығаюы жүгері мен бидай өнімдерінің бәсекелестігін арттырса, Еуропада етке деген сұраныс төмендеп кеткен. Ал Үндістан сүт өндірісін арттырып, әлемдегі басты экспорттаушыға айналмақ. Солтүстік және Оңтүстік Америка мен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің ауыл шаруашылығының жекелеген секторларына берілетін субсидия көлемін арттыру да дүниежүзілік нарықтағы бағаның төмендеуіне әсер етпек.

Әлемдегі ауыл шаруашылық тауарлары мен азық-түліктің арзандауы кезінде жыл басында ресми түрде дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болған Қазақстанда керісінше, жыл сайын азық-түлік орта есеппен 10 пайыздан қымбаттауда.

Өткен жылы Қазақстандағы азық-түліктің бағасы 10,9 пайызға қымбаттаған. Атап айтқанда, ет пен еттен жасалатын өнім түрлері 2-3 пайызға, ұн мен макарон өнімдері және кондитерлік тауарлар шамамен 15 пайызға, жеміс-жидектер 26 пайыз шамасында, өзге де күнделікті тұтыну өнімдерінің 20 пайыз шамасында көтерілген. Сонымен қатар бір жыл ішінде коммуналдық қызметтер мен тоқыма бұйымдары бағасында да айтарлықтай қымбатшылық байқалады. Дей тұрғанмен, қарапайым тұрғындардың айтуынша, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің берген бұл ресми ақпараты ақиқаттан алшақ көрінеді, дүкен сөрелеріндегі баға өзгерісі аталған көрсеткіштен анағұрлым жоғары екенін айтады өңірдегі тұрғындар.

Өткен жылдың соңында өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев алдағы екі жылда бағаның көтерілмейтініне уәде берді. Дағдарысқа қарамастан халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелерінің толығымен өтелетінін айтқан Елбасы жыл басынан бастап өңірлердегі азық-түлік бағасының себепсіз көтерілмеуін қатаң  тапсырды. Алайда макроэкономикалық факторлардың ішкі нарыққа әсер ететінін ескерсек, Елбасының айтқан себепсіз баға өсімі болмағанымен, шикізат құнының төмендеуі секілді ішкі нарыққа кері әсер ететін құбылыстар есебінен азық-түлік бағасы «себепті» түрде көтерілуі әбден мүмкін. Тікелей әсер етпегенімен, жыл басынан бастап азаматтық қызметкерлер жалақысы мен зейнетақының көбеюі де күнделікті тұтыну тауарларының қымбаттайтынына алғышарт болатыны белгілі. Жалпы, келер жылы жалғаса түсетін шикізат құнының арзандауы, оған қоса Үкіметтің мұнай өңдеу зауыттарын жекешелендіру туралы шешімі елдегі жанармай бағасының көтерілуіне бірден бір алғышарт. Бұл өз кезегінде азық-түлікпен қатар өзге де барлық тұтыну тауарларының қымбаттауына әсер ететін факторлар. Үкімет мүшелерінің алдында сөз алған Досаев алдағы екі жылда Үкімет бағаны реттеуге араласатынын, ал 2018 жылдан бастап нарықтың өз еркіне жіберілетінін айтқан болатын.

Бауыржан Мұқанов

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу