Дағдарыс кезіндегі үнем: PR маманынан 5 лайфхак

Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 2004 жылғыдан да төмен түсті - 33 доллар. Демек, мұнай табысына ғана тәуелді елдің тұрғындары белін бекем буынуына тура келеді. Мұндай кезеңде жұрттың санасы барынша үнемшілдікке қарай бұрылады. Біз PR маманы Ерлан Асқарбековтен дағдарыс кезінде неден үнемдеген дұрыс екенін сұраған едік. Дереккөз: theopenasia.net

0
Ерлан Асқарбеков

1. Жылжымайтын мүлік

недвижимость.jpg

Риэлторлардың бәрі үй мен пәтерде дағдарыс кезінде сатып алған жөн деп жарыса жар салғанымен, дағдарыс әбден шегіне жеткенге дейін асықпай қоя тұрған абзал. Бүгін 60 мың долларға сатып алған пәтеріңіз ертең 40 мың долларға түсіп қалуы әбден мүмкін. Артық шығындалып қайтесіз? Заманның әбден тарылғанын күте тұрыңыз.

Ақша үнемдеу мақсатында шағын ғана үй немесе арзанырақ пәтер жалдап тұра тұрған оңайырақ әрі қаупі де аздау. Біріншіден, дағдарыс кезінде ешбір пәтер иесі жалақысын көтеріп, пәтер жалдаушы ауыстыра беруге жүрегі дауаламайды.

Ал пәтер иесі өзіңіз болып, осы жағдайдан барынша пайда тауып қалғыңыз келсе – әңгіме басқа.

Ерлан Асқарбековтің ойынша, жылжымайтын мүлік бағасы әлі де түседі; сондықтан, үйін, пәтерін сатқысы келіп жүргендер қазір қамданып құтылып алғаны дұрыс, ал сатып алғысы келетіндер – баға әбден төменгі шегіне жеткенін күте тұрғаны абзал. Сондықтан, әзірше пәтер жалдап тұра тұрып, жылжымайтын мүлік сатып алуға ақша жинау керек.

2. Автокөлік

авто.jpg

Ақылға салып ойлай алатын қазақстандықтар теңгенің долларға шаққандағы құны үнемі төмендеп, ал автокөліктердің бағасы ақырындап түсіп бара жатқан дағдарыс жағдайында көлік сатып алу қалтасындағы қаражатын одан бетер еңіретіп кететінін мойындап үлгерді. Өйткені, сатып алған соң ол автокөліктің бағасы тағы да түседі, оның үстіне, оған тағы қаржы құю керек болады.

Сондықтан да, дағдарыс кезінде үнемдеудің ең тиімді жолы – такси деп шешті олар. Қисынға салып қараса, шынымен, таза үнем. Мысалы, таксимен бір жүргеніңіз 300-500 теңге болса, бір жерге барып-қайтқаныңыз – 600-1000 теңге. Айына жұмысқа барып-келгеніңіз аз дегенде 14 400 теңге (41 доллар), көп дегенде – 24 000 теңгеге (69 доллар) түседі. Ал көлігі барлар айына жанармайға ғана шамамен 35 000 теңге (101 доллар) жұмсайды. Ал оның майын ауыстыруды, жаздық дөңгелегін қыстығына алмастыруды, оны жуып тұру керек екенін, анда-санда қағылып-соғылатынын ескерсек, одан да көп шығын шығады.

Несиеге көлік алу деген – ойлауға да тұрмайтын дүние. Экономикалық жағдай тұрақсыз, ертеңгі күнге деген сенім аз кезде олай істеудің қажеті жоқ. Әйтсе де, көлік алып үлгергендер оның да қайыры бар екенін айтады. Енді олар қала сыртына шығып, табиғатты тамашалап, таза ауамен тыныстауға мүмкіндігі бар, дағдарыс кезінде көңіл-күйіңді көтеріп, ауыр ойдан құтылып, еңсеңді тіктеп қайту үшін ол да керек.

– Қымбат, аса қымбат және шығыны көп көліктердің иелеріне олардан құтылыңдар дер едім. Ескірген көліктердің иелеріне де соны айтамын. Еуропалық немесе жапондық сапалы “аз литрлік” көліктерге көшу керек. Қымбат көлік қазір керек емес, – дейді Ерлан.

3. Тойлар

свадьбы.png

– Дағдарыс кезінде бас тарта тұратын шығындар қатарына – несиеге дүркіретіп үйлену тойын, мерейтой жасау және дәстүрлерімізге де, қазіргі заманның талғамына да жат түрлі даңғаза дүрмектер кіреді, –  дейді Асқарбеков. – Бұл  бар-жоғы мейрамхана иелері мен той-менеджменттің қалтасын қампайту ғана. Бұл атақ жарысын тоқтату керек. Оған жақсы мысал – жақында ғана Шымкентте өткен екі үйлену тойы: жастар дүркіретіп той жасаудың орнына, жоқ-жітік пен жетімдерге дастархан жайып берді. Жаңалық сол сәтте бүкіл Қазақстанды аралап кетті. Жақсы емес пе? Неге басқалар да солай естпеске?

4. Қымбат сыйлықтар

подарки.jpg

Қазақстанда доллар бағамы артып, 20 мыңдық купюра шыққан кейін тойға 100 доллар апаруға ішің ашиды, 10 мың апарған – ұят, сол үшін де 20 мыңдық шықты деген қалжың айтыла бастады. Қалжыңның да қалжыңа бар, алайда, дағдарыс кезінде қымбат сыйлық жасауды доғарған да дұрыс шығар.

– Той болған жерде қымбат сыйлық жүреді. Тоқтатыңыз! Тіпті, мардымсыз табысы бар, қарапайым тіршілік кешіп жүрген адамдар біреуге сый жасау үшін қарыз алып, құндыз тон, жақұт сырға-сақина сыйлап жатқанын көргенде шошимын. Тіпті, балаларына той жасап беріп, жақсы сыйлық әперу үшін кредит алатын ата-аналар сол балаларының өзіне қарсы қаржылық қылмыс жасап жүр деп есептеймін.

5. Демалыс

отдых.jpg

Әрине, ешқайда сапар шекпе, демалма дей алмаймыз, алайда, қатты шабынбай, шығындалмай сапар шегіп, демалып қайтуға да болады.

Мысалы, қазақстандықтардың көбі туристік агенттіктердің қызметінен бас тартып жатыр. Олар сізге бонус ретінде арзан қонақүй ұсына отырып, өзіне де артық тиын жазып алуды ұмытпайды. Сіз турфирманың қызметінен де, қанша арзан болса да бес жұлдызды қонақүйдегі бөлмеден де бас тартып, онлайн-сервис арқылы пәтер немесе бөлме жалдауыңызға болады. Оның үстіне, лоукостерлер немесе арзан авиабилеттер сататын сайттардың қызметін де пайдалануға болады.

Ерлан Асқарбеков мұнайдың бағасы аспандап тұрған кездегі қазақстандықтардың әдетіне салып, атақ үшін ғана қымбат саяхатқа, демалысқа барудың қажеті жоқ дейді:

– Қажеті жоқ, артық шығын болып саналатын демалыстан бас тарту керек. Мысалы, атақ үшін демалыс, мәртебе үшін демалыс. Кейде тіпті демалысқа бармай-ақ қоюға болады. Ең дұрысы – өз еліңде демалған. Әрине, қызмет көрсету саласы ақсап тұр, сонда да, отаныңызда қалған ақша ғайыптан тайып бір күні өзіңізге қайта оралады. Маған сеніңіз. Экономика солай құрылған.

Ал дағдарыс кезінде қандай тірлік істеген дұрыс екенін Ерлан Асқарбеков келесі материалымызда айтып береді.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу