Назарбаевтың жас кадрлардан көңілі қалды – Досым Сәтбаев

Саясаттанушы әрі Халықаралық қауіп-қатерді бағалау тобының директоры Досым Сәтбаев Марат Тәжиннің ҚР Президенті Әкімшілігіне қызметке қайта оралуына Елбасының жас кадрлардан көңілі қалуы себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Дереккөз: tengrinews.kz
0
Досым Сәтбаев
Досым Сәтбаев, сурет ©azattyq.org

Марат Тәжин 12 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған болатын. Ол осы қызметті 2002 жылдың тамызынан 2006 жылдың сәуіріне дейін атқарған еді.

Досым Сәтбаевтың айтуынша, Тәжиннің тағайындалуы Мемлекет басшысының жас кадрлардан көңілі қалғаны себепті болуы мүмкін. “Марат Тәжиннің қызметке келуі Президенттің жастардан көңілі қалғанының белгісі. Айтпақшы, соңғы жылдардағы оқиғаларды еске түсіріп көрсек, осы тұжырымға көзіміз жете түсетіндей. Естеріңізде болса, Президент өз кезінде кадрды жасарту идеясын белсенді қолдаған. “Болашақпен” оқып келгендерге үміт артты, жаңа басшылардың келуі жүйені өзгертеді деп те мәлімдеген. Таяуда жақсы досым, журналист Вадим Борейко дұрыс пікір білдірді: “Жүйеге келген көптеген жас оны өзгертпей, қайта сол жүйенің проблемаларына еніп кете берді”. Сондықтан қазір біз жастардың үмітті толықтай ақтай алмағанын көріп отырмыз. Сондықтан да ескі кадрларды қайтару әрекетіне куә болып отырмыз. Бұлай жалғаса берсе Ермұхамбет Ертісбаев та оралады деп әзілдегенім бар”, – дейді Досым Сәтбаев.

Сәтбаевтың пікірінше, Марат Тәжин Мемлекет басшысының айналасында сараптама жұмысының “көлеңкелі ақыл орталықтарының” бірі саналады. Саясаттанушы Марат Тәжиннің тәжірибесін есепке ала отырып, Президенттің әкімшіліктегі жұмысының сапасы жақсаратынына және сараптамалық мүмкіншіліктерінің өсетініне үміт артып отырғанын, сондай-ақ, ішкі саясатты сауатты жүргізудің мүмкіндігі артады деп сенетінін айтады. Бұл ескі проблемаларды шешуге көмектеседі деп есептейді саясаттанушы.

“Себебі соңғы жылдары болған оқиғалар осыны көрсетіп отыр, көптеген мемлекеттік құрылымдардың өз әрекетін болжай алмайтыны, сараптай алмайтыны қоғам үшін жағымсыз жағдайлар туғызады, сөйтіп, қоғамның жағымсыз талқысына қалады. Айтпақшы, осы жылдың басындағы жағдайлар осыны дәлелдеп берді. Айтып отырғаным халықты тіркеудің жаңа ережелері туралы заңның енгізілуі жайында. Соның кесірінен премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың сын айтуына себеп болды”, – дейді ол.

Сонымен қатар, Сәтбаев Марат Тәжиннің Президент Әкімшілігіне қызметке келуін ішкі саясатты жүзеге асырудың сәтсіздікке ұрынғанының дәлелі деп атады.

“Президенттің сынақтардан өткен әрі таныс кадрларды қайта жұмысқа ала бастауы Қазақстандағы ішкі саясаттың құлауының дәлелі болады және былтыр болған оқиғалар да осыны анық көрсетті. Президент Әкімшілігінің ішкі саясаттың жүзеге асырылуына ғана емес, сондай-ақ қоғам мен билік арасында тиімді ақпараттық-коммуникациялық арнаны құру үшін жауап беретінін ұмытпау керек”, – деді Сәтбаев.

Оның айтуынша, Марат Тәжин мемлекеттік ақпараттық саясаттағы реформаға қатысты жұмыстарын жалғастырады. Сондай-ақ, саясаттанушы мемлекеттік ақпарат құралдарының жұмысын сынға алған бірінші шенеуніктің Марат Тәжин екенін еске алды. “Алайда сол уақыттан бері ештеңе өзгерген жоқ”, – дейді Сәтбаев.

“Әлеуметтік желілермен жұмыс істеу туралы да ұсынысты алғашқылардың бірі болып Марат Тәжин 2013 жылы айтқан болатын. Ол “Тәжиннің тізімі” деп аталатын тізім құрып, онда бірге қызмет етуге болатын блогерлерді жазған еді. Сондай-ақ, шенеуніктеріміздің осы ұсыныстарды біртіндеп жүзеге асырып жатқанын айтып өту керек. Кезінде біреулер әлеуметтік желілерден кейін биліктің беделін түсіретін блогерлердің пайда болатынын айтып, әзілдеген еді”, – деді Сәтбаев.

Сәтбаевтың айтуынша, өткен жылдардағыдай, 2017 жылы кадрлық тағайындаулар әлі жүріп жатыр. Ол қазір Қазақстанның Грузиядағы елшісі болып қызмет етіп жатқан Ермұхамбет Ертісбаевтің қайтып келуі мүмкін екенін айтты.

“Неге қайтып келмеске? Оның елші қызметінде жүргеніне көп болды. Бір кездері ол ішкі саясатқа байланысты мәселелерге жетекшілік етті. Бірақ дегенмен, Марат Тәжинді қайтарса, болашақта Ермұхамбет Ертісбаев та қайтып келуі әбден мүмкін. Қайткен күндеде бұдан жаман болмайды”, – деп қорытындылады сөзін Сәтбаев.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу