Баспана бағасы мұнай құнымен қатар құбылып, арзандапты

Астанадағы баспана бағасы мұнай құнымен қатар құбылып, соңғы уақытта 25-30 пайызға дейін арзандапты. Бұл - доллармен есептегендегі бағасы. Ал теңгелік құны есесіне қымбаттапты. Шетелдік валютаға байланған бұл жағдай теңгемен ақша жинаған елорданың қарапайым тұрғындарын әбігерге салып отыр. Мамандар болса, жалпы ел экономикасының дәрменсіз ахуалы үшін үкімет тікелей жауапты дейді. Дереккөз: 31.kz

0

10 жылдай бұрын Астанаға келіп, үй аламын деп талпынғандардың бірі Айдар еді. Елорданың төріне орнығуды армандаған азамат тапқан табысын теңгелік жинағына салып келген. Алайда, соңғы 2 жылдағы теңгенің құнсыздануы қол жетерлік болған мақсатын алыстатып жіберіпті.

АЙДАР ЖАҚСЫБАЕВ, Астана қаласының тұрғыны:

– Былайша айтқанда егер менің айлығым 200 мың теңге шамасында болса, соның тең жартысын тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салып отырмын. Оған жету үшін маған 200 мыңнан көп салу керек. Өйткені қазіргі құнсыздануы 200 мың теңгенің өзі түкке тұрмайды.

Оның үстіне тарифтер мен бағалардың күн санап қымбаттауы де етектен алып отыр дейді. Ал сарапшылар, төл теңге осылай құнсыздана берсе тек қарапайым азаматтарға ғана емес, шағын және орта бизнеске де ауыр тиюі мүмкін екендігін ескертеді.

АЗАМАТХАН ӘМІРТАЙ, экономист:

–  Экономиканы диверсификациялауға кеткен қаражат, оның бәрі қайда кетті? Неліктен одан нәтиже шықпады?

Бұл сауалдарға экономистің өз жауабы бар. Ең алдымен, қаржылық дағдарыстың алдын алуға бағытталған шаралар кеш қолға алынып отыр дейді. Сондықтан, үлкен өзгерістер қажет деп отыр.

АЗАМАТХАН ӘМІРТАЙ, экономист:

–   Қазіргі жағдайда үкіметте отырған мүшелердің бәрі қаржы жүйесінен, бұрынғы банкирлер, бұрынғы банк жүйесінен келген адамдар. Олар әрине қаржы спекулянттары мен комерсанттарды қолдайды.  Сондықтан жаңа үкімет, кәсіби үкімет қалыптастыруымыз керек.

Айтарлықтай ауыс-түйіс болмаса да, қарапайым халықтың биліктен елдегі жағдайға өзгеріс әкелетін шешім күтетіні анық. Ал Астанадан үй алғысы келетіндер үшін баспананың бағасы басты назарда. Жылжымайтын мүлік саласының мамандары сұраныс азаймайынша елордадағы пәтер құны арзандамайды деп отыр. Оның үстіне, аймақтан бас қалаға қоныс аударғысы келетіндердің саны жыл санап артып жатқаны тағы бар.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!