12 ойыншы: “Астананың” әр қалада жанкүйерлері бар

«12 ойыншы» фан-клубы - өте аз мерзім ішінде құрылған ұжым. Ол бір жылда еліміздегі ең танымал топтардың қатарынан табылып, қазіргі уақытта Қазақстанның әр өңірінен жанкүйерлер тобын жинауда. Клубтың құрылуы, дамуы, өзге де қызықты деректерімен «Астана» футбол клубының ресми сайтына фан-клубтың негізгі көшбасшыларының бірі Азат Алшынбаев сұхбат берді.

12 ойыншы фан-клубы

«12 ойыншы» фан-клубы бір-бірімен мүлде таныс емес жандардың тізе қосып бірігуінің арқасында құрылды. Қазақстан Премьер-Лигасының кезекті ойынынан кейін Ілияс есімді жігітпен Айгүл деген ортақ досымыз арқылы таныстым. Сол кездесуден кейін фан-клуб құру идеясы келді. Бірінші кезекте Вконтакте әлеуметтік желісінде арнайы топ құрып, «Астана» футбол клубының ресми парақшасында бізбен үндес, пікірлес жандарды іздеуді бастадық. Нәтижесінде 12 адам табыла кетті. Біз алдымен арнайы кездесіп, танысып, кейін алдағы ойындарға жоспар құрдық. Әрқайсымыз өз міндетімізді барынша нақтылап, іске кірісіп кеттік.

12 ойыншы фан-клубы

Маусымның басында командаға қызу қолдау көрсететін, фан-клубтың негізгі қозғаушы күші бола алатын 15-20 адам жиналып жүрдік. Уақыт өте келе санымыз бен сапамыз қатар артты. «Астананың» жеткен жетістіктері мен біздің елдегі бірнеше командалардың құлдырауы біздің қатарымызға Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген жанкүйерлер алып қосты деуге болады. «Астанаға» жанкүйер болу сәнге айналды. Себебі, біздің команда еліміздің үздігі ғана емес, Қазақстан намысын Европада лайықты қорғап жүрген бірден-бір ұжым екендігі көпшілікке белгілі.

12 ойыншы фан-клубы

Алғашқы маусым біз үшін өте керемет өтті. Біз – «Астананың» ресми фан-клубына айналдық. «Астана» командасының Бас менеджері Саян Хамитжановтың шешімімен «12» нөмір жанкүйерлерге бекітілді. Астана Арена» трибуналарына барынша көп жанкүйер тарту – біздің басты мақсатымыз. Өкінішке орай, «Астананың» халықаралық кездесулеріне көп жанкүйерлер жиналып, ел чемпионатында командамызға жанкүйерлік танытушылар саны күрт төмендейтін кездер болды. Сол себептен біздің алдағы басты мақсатымыз – «Астана» үшін Қазақстан Премьер-Лигасы ойындарына келетін, қолдау көрсететін жанкүйерлер санын көбейту. Әзірге біз өзіміздің мақсатымызға жете қойған жоқпыз. Алайда, осы қарқынымыздан таймасақ, көздегенімізге жететініміз анық.

12 ойыншы фан-клубы

Бүгінгі күні қатарымызда Астана қаласынан тіркелген 100-ден астам адам бар. Біздің әр қалада жанкүйерлер тобымыз құрылып жатыр. Қазақстандағы басқа клубтармен салыстырғанда, «Астанаға» жанкүйерлік етем деушілер еліміздің кез келген өңірінен табылады. Тіпті, «Астананың» сырт алаңда алматылық «Қайратқа» қарсы өткізген ойынында командамызға қолдау білдіргісі келетін оңтүстік астаналықтар біздің секторымызға жиналған болатын. Олардың саны күннен-күнге артып та келеді.

“2017 жылға дайындаған сыйымыз көп”

2016 жылдың желтоқсан айында заңды тұлға ретінде, фан-клуб қоғамдық  қозғалыс ретінде ресми тіркелдік. Алдағы уақытта демеушілер іздеп, ынтымақтастық орнатып, «Астананың» ойындарына қолдау жасауға және ойыннан тысқары уақытта көмектесуге бұл үлкен мүмкіндік береді. Фан-клуб негізгі құрамы 20 адамнан тұрады. Алдыңғы маусымда жанкүйерлерді арнайы тіркеп, байланыс нөмірлерін жазып алған болатынбыз. Кейіннен, Вконтакте желісінде жанкүйерлердің тіркелуі үшін арнайы шкала құрған болатынбыз. Алдағы маусымда жанкүйерлерді тіркеумен мұқият айналысып, id нөмір мен клубтық карта беруді жоспарлап отырмыз.

12 ойыншы фан-клубы

Тіркеуден өткен жанкүйерлердің басқа қолдаушылардан артықшылықтары болады, бірақ барлық «фишкаларды» сіздерге жария етпей тұра тұрайын. Ол алдағы 2017 жылғы маусымның тосын сыйы болады. Біз – «жақтаушылар» клубымызды түрлі қойылымдар, ұрандар және әдемі әуендер арқылы қолдаймыз. Біз – бұзақылық танытып, жанкүйерлер арасындағы талас-тартыс, төбелестерге араласпаймыз. Біз үшін ең бастысы – басқа клубтарға және олардың жанкүйерлеріне барынша құрметпен қарау. Біздің арамызда нәзікжандылар қатары көп болғандықтан, бос ауыз сөз бен боқауыз сөзге де жол бермейміз.

Фан-клубтың ТОП-3 жаңалығы

  • Алғашқы жаңалық: футболшымен жасаған авторлық сұхбат. Жанкүйерлердің Ненад Эричпен кездесіп, өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, солардың ішінен ұнаған сауалға «Астананың» жейдесін өзінің қолтаңбасымен сыйлаған сәті әлі де есімізде. Осы маусымда да сол үрдісті жалғастыратын боламыз. «Астана» ұжымымен бірігіп клуб әнінің мәтініне байқау жариялап, жеңімпазға PlayStation сыйға тарттық.
  • «Астана» басшылығы қолдауының арқасында клубымыздың сырт алаңда өткізген ойындарына Алматы, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау қалаларына барып, командамызды қолдаған болатынбыз. Команда ойыншылары біздің қолдауымызды сезініп, барған жерінен жеңіссіз және қажетті ұпайсыз қайтқан емес. «Астана» командасын Қазақстан Чемпионатының алдын жүлдесімен марапаттау рәсіміне бізді арнайы қонақ ретінде шақырды. Марапаттау рәсімі «Rixos» қонақ үйінің концерт залында өтіп, сол кеште Дилназ Ахмадиева, «Кешью» тобы, «Горячий шоколад» және т.б. көптеген өнер жұлдыздары өз өнерлерін көрсетті. Кеште клуб тарапынан бізге арнайы дайындалған екі бірдей видеоклипті клуб басшыларымен, футболшылармен бір қатарда отырып тамашаладық. Кейіннен ол видеолар әлеуметтік желіде кеңінен насихатталып, «12 ойыншы» фан-клубының визиттік картасына айналды.
  • Жыл соңында «Астана» командасының Бас менеджері Саян Хамитжанов мырзамен клубымыздың белсенді жанкүйерлері кездесті. Кездесу барысында өткен маусымға қорытынды жасап, келер маусымға жоспарларымызбен бөлістік. Кеш соңында клуб басшылығы әр жанкүйерге өз есімдері мен 12 саны жазылған клубымыздың жейдесін сыйға тартып, бізді тағы бір қуантты.

12 ойыншы фан-клубы

«Астананы» тек қолдап қана қоймай, ілгері жылжуына көмектескіміз келеді. Стадиондағы фан-секторды толтыру үшін көптеген іс-шаралар, қайырымдылық акцияларын, әр-түрлі деңгейдегі байқаулар ұйымдастыратын боламыз. Бұйырса, ақпан айынан бастап қалада өзіміздің кеңсеміз болады. Ол жерде қатарымызға қосылуға ниетті жандармен кездесіп, жанкүйерлерді тіркеп, футболшылармен сұхбаттар, кездесулер т.б. іс-шаралар жасау ойымызда бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, елордамыздың белсенді жастарына көрсеткен ерекше қолдауы үшін – команда ұжымына және Саян Хамитжановқа «Астана» жанкүйерлері атынан алғыс айтамын. Алдағы уақытта туған командамызға әрдайым адал болып, жарқын жеңістерге бірге жетеміз деген ойдамыз.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!