Балалар үйіне жиі баруымыз керек – Ермек Әубәкіров

Үйге қонақ келсе, кез келген бала қуанады. Ал балалар үйінің тәрбиеленушілері сол қонақты ерекше асыға күтеді. Талғар қаласындағы «Нұр» жекеменшік жанұялық балалар үйіне қайырымдылық іс-шарасын өткізген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұстазы Ерлан Әубәкіров өзінің балалар үйінде көрген, білгенімен бөлісті. Бұл үйде 17 жыл ішінде 600-ден астам бала тәрбиеленіп шыққан.

0
Нұр жекеменшік жанұялық балалар үйі
Нұр жекеменшік жанұялық балалар үйі

Қарбаласқан, қапылысқан заманда ағымға ілесеміз деп жүріп, өмірдегі ең маңызды дүниелерді естен шығарып аламыз. Бүгінгі күні тек өз отбасыңа, жақындарыңа ғана қарайласу — ащы болса да шындық. Осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып, шәкірттерімізбен бірге бізге таңсық болған ортаға барып көруді шештік. Ұжымымыздың бет алған бағыты Талғар қаласындағы «Нұр» жекеменшік жанұялық балалар үйі болды.

Нұр жекеменшік жанұялық балалар үйі

Біріміз байқасақ, біріміз мүлде хабарсызбыз. Алайда айналамызда ғұмырының бақытын өзгелерге жақсылық сыйлаудан тапқан адамдар көп. Солардың бірі — «Нұр» балалар үйінің басшысы, елімізге белгілі педагог, ардақты ана Тұяқ Есқожина. Қазақтың «жетімін жылатпаған» халық екендігін дәлелдеп отырған Ана қанатының астына талай бүлдіршінді алып, оларға бар мейірімін арнап келеді. Әрбір тәрбиеленушінің көзқарасынан, қабағынан, сөйлеген сөздерінен бұл үйдің ішінде мейірімділік пен  жанашырлық бар екенін байқайсыз. Балалар үйі емес, айрандай ұйыған жанұяға келгеніңізді сезінесіз.

Нұр жекеменшік жанұялық балалар үйі
Тұяқ апа балаларымен. Архив

17 жыл ішінде Тұяқ апа 600-ден астам баланы тәрбиелеп, өсірген. Бұл — оның іскерлігі, білімділігі мен аналық мейірімінің кіршіксіз көрінісі. Әйтпесе, қазіргі қатал заманда өзгенің баласы түгілі өз баласын сыртқа лақтырғандар жайлы небір жантүршілгерлік оқиғаларды естіп жатамыз. Оларды көре отырып, бүгінгінің батыры Тұяқ апалар екенін мойындау әсте қиын емес.

Нұр жекеменшік жанұялық балалар үйі
Есқожиндар отбасы. Архив

«Нұр» балалар үйінде қазіргі таңда 80 тәрбиеленуші бар. Олардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. Барлығының жүрегіне жол таба білу, оларға туысқандықтың нышанын ояту үлкен еңбекті қажет етеді. Не десек те, жетімнің бойында жасықтықтың болары сөзсіз. Жастайынан әке-шешенің құшағынсыз өскен бүлдіршіндерге бір ғана жанның емес, қоғамның қолдауы қажет. Үйге қонақ келсе, кез келген бала қуанады. Ал балалар үйінің тәрбиеленушілері сол қонақты ерекше асыға күтеді. Білемін. Бұл кездесу студенттерімізге де өзгеше әсер етті. Олар балалармен түрлі ойындар ұйымдастырып, бір сәтке өздерінің де балалық шақтарын еске алды. Арнайы дайындап әкелген сыйлықтарын сыйлады.

Бір түсінгеніміз, әр адам балалар үйіне барып тұруы тиіс. Себебі мұнда келіп әркім өзі іздегенін табады. Өмірдің қатал сынына іліккен жаны таза балаларға қарап, олардың кіршіксіз көңілдерімен өз жаныңызға да жайлылық сыйлайсыз.

Тұяқ апа мемлекет тарапынан емес, тек қана демеушілердің, мейірімді жандардың бергенімен тұтастай кішігірім мемлекеттің саясатын оңынан жүргізіп, барды қанағат етіп жаратып отыр. «Осы үйде тәрбиеленіп үлкен өмір есігін ашқан ұлдарым мен қыздарым бүгінде мемлекет деңгейінде қызметкерлер болып жұмыс істеп, өздерінің ұшқан ортасын ұмытпай үнемі көмектесіп жанымнан табылуға асығады. Олармен мен үнемі мақтанамын» — дейді Тұяқ апа бір сөзінде.

«Нұр» жанұясына,  тіршілігіне көңіліміз толып, Анамызға мықты денсаулық бақыт тілеп жолға аттандық. Бірақ қанша қамқор болсаң да, өз отбасыңа, ата-анаңның айтқан «айналайын» сөзінің жылылығына ештеңе жетпейтінін ешкім тағы да жасыра алмады. Біз де оны байқамай кетпедік…

Ерлан Әубәкіров,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

 физикалық химия, катализ және

мұнайхимия кафедрасының меңгерушісі.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу