“Алтын тұғыр” сыйлығы төртінші мәрте табысталды

Астанада жыл сайынғы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Алтын тұғыр» сыйлығының марапаттау рәсімі өтті. «Алтын тұғыр» байқауы осымен төртінші жыл өткізіліп келеді, деп хабарлайды Вaq.kz. Дереккөз: БАҚ

0
Алтын тұғыр ұлттық спорт

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан бұл жылғы марапаттау ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар келіп, оған ерекше мән беріп тұрғанын тілге тиек етті.

«Биыл өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгеніне, Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр толды. Ұлттық ойындар үлкен ауыл тойлары мен үлкен аста ғана ойналғаны жасырын емес. Бүгінде әлемдік деңгейге жетіп отыр. Іргедегі алып көршіміз аударыспағымызды әспеттеп, екінші Азия чемпионатын өткізді. Алдымызда ЭКСПО – 2017 көрмесі келе жатыр. Барлық көрмелерде зәулім, көз тоймас ерекше салынған ғимараттар кезіге береді ғой. Ал, біз қазақ немен ерекшеленбекпіз? «Міне, біздікі» деп нені бірінші көрсете аламыз? Сөз жоқ, ұлттық спорт түрлерін мақтанышпен паш ете аламыз. «Қазақ атқа қонса, оның кеудесін ешкім баса алмайды» деген сөз бар. Атқа қонған қазақ кеудесін ешкімге бастыртпақ та емес. Ұлттық спортымызды дәріптеуге, асқақататуға жолымызды ашық берген егемендіктің арқасы екенін ұмытпайық», – деді Бекболат Тілеухан.

«Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі атап өткендей, марапаттау «Елімжан» төсбелгісін Жапар Сатылғановтың кеудесіне тағудан басталды. Лазер атты жылқысымен «Үздік көкпаршы» атанып, «Алтын тұғырды» Әбуғали Әбдіжаппар иеленді. «Үздік аударыспақшы» аталымы бойынша «Алтын тұғырды» Түймебек Жұмалиев пен Арман Сағымбаев алды. «Бәйге» номинациясында бас жүлде «Үздік атбегі» – Ұлан Омаровқа, «Тұлпар иесі» – Нұрбол Назарбаевқа бұйырды. Байқаудың бас сыйлығына «Жамбы ату» номинациясы бойынша «Үздік мерген» – Елдос Бадашев, «Теңге ілу» номинациясы бойынша «Үздік теңге ілуші» болып Мағжан Сапарбек лайық деп танылды. «Қазақ күресі» спорты бойынша «Жеңіске деген құштарлығы» үшін Дәулетхан Жақыпов, «Тоғызқұмалақ» номинациясы бойынша Серік Ақтаев «Алтын тұғырға» ие болды.

Үздік көкпар клубы басшысы Өнербай Жанбала, «Алмас қылыш» фильмінде ұлттық құндылықтарымызды насихаттағаны үшін Рүстем Әбдірашев байқаудың бас сыйлығын қанжығаларына байлады.

ОҚО балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық спорт мектебінің директоры Ғани Молдабекұлы еліміздегі спорт мектептері арасында «Үздік мектеп басшысы» аталымы бойынша «Алтын тұғырға» ие болды.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу