Алматыда жер телімдерін заңсыз сатқан адам ұсталды

Алматының Түркісіб ауданында "жер телімдерін заңсыз сатып, алаяқтық жасады" деген күдікпен 39 жастағы ер адам ұсталды. Дереккөз: ҚазАқпарат

0
Жер сату Қазақстан жері

Күдікті Түркісіб ауданы Қайрат ауылындағы жерлерді сату үшін заңсыз келісімдер жасасқан. Бұл туралы Қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

«Күдіктінің сөзіне қарағанда, ол әкесіне тиесілі болған 12 және 8 сотық жер телімінің құжаттарын тауып алып сатпақ болған. Бірақ, сатып алушыларға басқа жерлердің құжаттарын көрсеткен. Факт бойынша, қазіргі уақытта ол жер телімідері өзге адамдарға берілген. Оны күдіктінің білмеуі мүмкін емес. Келісім жасаса отырып ол, сатып алушының ақшасын алып, құжаттарды ресімдеуді уақытының жоқтығына сілтей отырып созып келген. Өкініштісі, сатып алушылар, құжаттардың дұрыстығына көз жеткізбестен қомақты қаражаттарын берген», – деді Түркісіб ауданы ІІБ басшысы, подполковник Жасұлан Тұрысбаев.

Қазіргі уақытта күдіктінің үстінен ҚР ҚК 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Ол кінәсін мойындады, келтірген шығынды қайтарып беретінін айтып отыр. Қазіргі уақытта полиция нақты шығын сомасын анықтау үстінде. Сонымен қатар, күдіктінің өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Полиция осы іске байланысты 298-54-00, 298-54-01 нөмірлеріне хабарласуды сұрайды.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу