Ө. Шөкеев: 28 Желтоқсан 2015, 13:29 «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры халықаралық сатып алулар жүйесіне өтеді

Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына енуіне байланысты «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры халықаралық сатып алулар жүйесіне өтеді. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімдігінде өткен «Мемлекеттік тапсырыс-2016» акциясы барысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

Дереккөз: inform.kz
0

«Біздің сатып алулар трансұлттық компаниялар және Дүниежүзілік банк секілді басқа да халықаралық ұйымдардың сатып алуларынан өзгеше болмайды. Бұл жүйе үш құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісі — алдын ала квалификациялық іріктеу. Онда екі кезеңді тендер болады. Бірінші кезеңде, квалификациясы жақсы, адал жабдықтаушылардың қысқаша тізімі жасалады. Осылайша, бір күндік фирмалар бірден аластатылады. Екінші — категориялау, яғни құрылымдау. Жалпы, біздің холдинг тауарлардың 150 мың түрін сатып алады. Ал кейбір компанияларымыз бір тауарды әр түрлі жабдықтаушылардан әр түрлі бағамен сатып алады. Категориялау арқылы сол сатып алулар біріктіріледі.

Соның арқасында, осы 150 мың түрлі тауардың аталымын 10 есеге азайтуға болады.

Үшінші — орталықтандыру. Біздің барлық сатып алуларымыз 9 деңгейлік басқармаларда жүзеге асырылады. Ал біз тек үш деңгейлі сатып алу жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы арнайы түрлендіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылады», — деді Ө. Шөкеев.

Ол сонымен қатар, Қазақстанның ДСҰ құрамына енуіне байланысты, белгілі бір шектеулер болатындығын айтып өтті.

Мысалы, ДСҰ ережесіне сәйкес, отандық тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан тікелей пұрсаттылықтар мен жеңілдіктер жасауға болмайды. Бірақ, соған қарамастан қорда отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктері баршылық. Солардың бірі — мемлекеттік сатып алу аясында отандық тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау. Мысалы, бүгінгі таңда бір ғана Алматының өзінде жергілікті кәсіпорындармен 158 млрд. теңгеге ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасалған.

Айта кетелік, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының деректері бойынша жергілікті мазмұндағы тауарлардың үлесі жылдан жылға артып келеді. Егер, 2014 жылы ол 63 пайызды құраған болса, 2015 жылы — 71 пайызды құрады. Көрсетілетін қызметтердің үлесі 2012 жылы — 75 пайызды құраса, бүгінде 7 пайызды құрайды.

Фото:ortcom.kz 

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу