Қарақат Әбілдина: Қыдырәлімен танысқан күнім әлі есімде

Әнші Қарақат Әбілдина жары Қыдырәлімен қалай танысқанын айтып берді. Бұл туралы ол "Ұят емес" бағдарламасында айтты.

0
Қыдырәлі мен Қарақат

«Ең алғашқы қуыршағым — әпкемнің тойындағы машинада тұрған қуыршақ»

Екінші ұлымыз 1 жысқа толмаған шағында, достарымыз Жаңа жылға бір көңілді ойыншық сыйлады. Әлгі қимылдайды, шыңғырып ән айтады. Балама ол ұнады. Сонымен бірге көңіл көтерді, ойнады. Сол арқылы әкесіне ой салды. «Менің балам түсініксіз тілдегі, сапасы төмен ойыншыққа кәдімгідей қызығып, қолынан тастамай, соның әнін қайталап айтып жүр. Неге мен бұл ойыншықтарды қазақша сөйлетпеймін? Неге олар қазақша ән салмайды?» деген ой келді.

Сол арқылы ол менің де бала кезімдегі арманымды да орындады. Әлі есімде, менің өзімнен 18 жас үлкен әпкем тұрмысқа шыққан кезде мен нағыз қуыршақ ойнайтын жаста едім. Сол кездерде жас жұбайлардың машиналарының алдына үлкен қуыршақты отырғызып қоятын еді. Сол қуыршақты көріп, алғым келіп, қызықтым қатты. Тойға, әрине, бізді апармайды. Бірақ мен сол қуыршақты алатыным туралы алдыма мақсат қойдым. Төрт-бес машинаға құдалар әдемі киініп жиналып жатқан кезде мен ағамнан өтініп сұрадым. Ол кезде «Жигули» деген машина бар. Соның «жүк салғышына мені жатқызшы, білдірмей. Үстіме мата жаба сал»,-деп, сондай бір айла ойластырдым. Ағам келісіп, машинаның жүк салғышына жатқызып алды. Соңында бәрі мен ойлағандай, мен жоспарлағандай болды. Жарты жолға дейін әбден шыдап бақтым. Кейін жүк салғышты жақсылап тұрып тепкілеп, белгі беріп, машинадағылар шошытыппын. «Мынау не сұмдық?»-деп тоқтатып, жүк салғышты ашса, мен. «Ой қу қыз-ай!»-деп, жағаларын ұстап, шығарып алды. Ол кезде 5 жаста болуым керек. Сөйтіп қалаға жеттім (күліп). Әлгі үлкен қуыршақты алдым. Ол менің ең алғашқы қуыршағым.

«Бала кезімде…»

Анам он алты құрсақ көтерген жан. Оған көмектесу үшін бала кезімде тезек те тердім. Шыжыған 40 градус ыстықта қолыма қапшық алып, әдемі, кептірілген тезектерді жинадым. Қыс болса, қи оямыз. Ол енді білектің күшін талап ететін, ер-азаматтың жұмысы ғой. Соны ойып тастамасақ та, соның бір шетінен шығып, тасысып, ағаларыммен жағаласып сонда жүретінбіз. Сол сияқты сиырды өріске айдау, алып келу, сауу… Менің төрт сиырым болатын. Сол төртеуін күнде кешке жақсылап тұрып идіріп, үлкен екі флягf сүт сауып алатынмын. Оны түннің бір уағына дейін тартып, үлкен тостағанмен қаймақ жинайтынмын. Ертеңінде ол қаймақты жақсылап айналдырып, май аламыз. Сол кездерді қазір сағынамын, кәдімгідей.

«Қыдырәлімен 1 желтоқсан күні таныстық»

Мен консерваторияның бірінші курсына түскенде жасым он сегізде болды. Сол жылдың бірінші желтоқсаны, Қыдекеңмен (Қыдырәлі Болманов – авт.) танысқан күнім әлі есімде. Мейрамханада біздің бір жерлес ағамыздың мерейтойы өтетін болды. Сол жерге мені домбырамен ән салуға алып келді. Бір кезде тойдың ортасына қарай асаба «Қазақ эстрадасының жұлдыздары «АБК» тобы бізде қонақта!»,-деген кезде, барлық қонақтар орындарынан тұрып, қол соқты. Сөйтіп ол жігіттерді маған қарама-қарсы орындыққа отырғызды. Теледидардан клиптерін көріп, әндерін тыңдап жүрген соң, жұлдыз ағаларыма жақсылап қарай қояйын десем, Қыдекеңмен  жанарымыз түйісіп қала береді. Мен ұялып қаламын да, қайтадан жанарымды төмен түсіріп отырамын. Сәл уақыттан кейін қайтадан қарайын десем, екеуіміздің көзқарасымыз тағы да  түйісіп қалады. Енді ұяла бастадым. Сол кезде «Ал енді, алдарыңызда ән салатын консерваторияның 1-курс студенті, Жаңаарқаның қызы»,-деп мені шақырды. Әй, қысылғаным-ай (күліп). «Мындай жұлдыздардың алдында маған ән бергені несі?»- деп, ыңғайсыздансам да, қолыма домбырамды алып, халық әні «Сары бидайды» айттым. Әлі есімде, үстімде қарапайым ғана қара көйлек, шашым ұзын, өрілген, қазіргідей баттастырып бояу дегенді білмейміз. Бір Алла Тағала қолдап, дауысым да кетті шарықтап. Содан антракт кезінде Қыдекең: «Дауысың әдемі екен, қарындасым»,-деді. «Рахмет, аға. Мен консерваторияға оқуға түсіп жатырмын биыл. Мен де Жаңаарқаның қызымын, сіздің жерлесіңізбін»,-деп бірауыз таныстық. Сосын бірден маған: «Мен сені шығарып салсам бола ма?»-деді. «Жоқ, аға. Мені осы жерге тәтем мен ағам алып келген. Сол кісілер өздері жеткізіп салады»,-деп едім,  «Жарайды онда»,-деп маған визиткасын беріп, «Мекен-жайыңды білсем бола ма?»-деді. Ол кезде ұялы телефон жоқ, пейджердің уақыты. Сосын ұялсам да, біраз кідіріп тұрып, жатақханаға енді орналасқанымды айттым. Ол «Жақсы, қарындасым»,-деп, қайтып кетті.

Бір сағаттан кейін мені тәтем мен ағам жатақханаға жеткізіп тастады. Сөйтіп жатақханаға келсем, менің бөлмемдегі екі қыз мені күтіп отыр. Көңілім керемет ғажап күй кешіп, қыздарыма Қыдырәлі Болмановпен танысқанымды айттым. Қыздар сенбейді. Визиткасын көрсетсем, «Жерден тауып алған шығарсың»,-дейді (күліп). Сөйтіп, шай ішіп отырған кезде, дәлізде «Қарақат!» деген дауыс шықты. Айттым, ғой, ол кезде жатақханаға енді орналасқанмын. «Басқа Қарақаттар бар шығар»,-деп отыра бердім. Әлгі дауыс бірнеше рет қайталанды. Сосын мен жайлап есіктен басымды шығарсам, жоғары курстың қыздары болуы керек, орысша сөйлеп тұр екен. «Ты что ли Қарақат?»-деді маған. Мен екенімді айтып едім, «Ну-ка, подойди ко мне»,-деді. Барып едім, «Саған Қыдырәлі Болманов кім болады?»,- деді бірден. Өзім шошып кеттім, бөлмедегі қыздарға әңгіме айтып отырғанымды естіп қойды ма деп. «Ағам»,-дедім. Шатасып қалдым енді. «Брат? Бізді таныстырсаңшы онда»,-деді. «Ладно»,-дедім. Өзім аң-таң болып тұрмын. «Ну, брат тебя ждет внизу»,-деді. Сөйтсем, біздің жатақхананың Абай көшесі жағынан Қыдекең келіп, жаңа жауған қарды жинап-жинап, кез келген терезеге лақтыра берген ғой. «Қарақатты шақырыңдар»,-деп. Сағат түнгі он екі (күліп). Ал, мен жатақхананың келесі бетіндегі бөлмеде тұрамын. Сөйтіп, үстімде халат, сыртымнан пальтомды іле салып, астына түссем, шын мәнінде Қыдекең тұр. «Аға, бұл жерде қазір есікті жауып тастайды. Содан кейін ашпай қояды. Тәртіп өте қатал»,-деп әңгіме айтып жатсам, әлі есімнен кетпейді мына сөзі: «Қарындасым, кез келген есікті, кез келген уақытта ашқызамын. Оған уайымдама. Жүре ғой»,-деп мені сыртқа, машинаға қарай шақырды. Мен: «Аға, сағат он екі болды ғой»,-дедім, өзім іштей қорқып тұрмын. Сонымен не керек, машинаға отырып едім, онда досы отыр екен. Сол маңда «Шаған» деген сол кездің керемет мейрамханасы бар болатын. Мені сол жерге ертіп барды. «Аға, менің үстімде халат»,-десем, «Ештеңе етпейді, қарындасым, ешкім көрмейді»,- дейді. Содан досы бар үшеуіміз кірдік. Вип-залда дастархан жайып қойған екен. Өзіміз оңаша. Сөйтіп халатпен отырып (күліп), танысып, әңгімелестік. Содан кейін сол кездесулер жалғаса берді, жиілей түсті.

«Қыдырәлінің бұрын үйленгенін білдім»

Бұрын үйленгенін жасырмай, қалай бар, солай айтып берді. Онымен бір жарым жыл ғана тұрғанын айтты. Ол кезде жас болған, қыздар лек-легімен артынан жүгірген. Сондай өзін қатты жақсы көрген бір қызбен бас қосқан. «Бұл таза балалықпен, шалалықпен болған жағдай. Соның нәтижесінде біз көп тұра алмадық. Өмірге бір бала келді, бірақ қыоқына жетпей, шетінеп кетті. Ал, мені ұстаған сол бала еді»,-деді. Қыдекең өте балажан. «Содан кейін бірден ажырастық. Оған себеп болғаны – ол кішкене орысша ойлайтын, орысша тәрбиеленген болды»,-деді. Өз аузымен осының бәрін айтқан азаматтың мен неге көңілін қайтаруым керек? Маған дейін жиырма жыл бұрын болған жағдайды мен неге қазбалауым керек? Жалпы оны мен неге есіме алуым керек? Маған ол әсер етпейді.

«Адамға сабыр керек екен»

Үш жылдан асып, төртінші жылға аяқ басқан жылы маған үйлену туралы ұсыныс жасады. Екеуіміз Көктөбеге көтерілдік. Түнгі уақыт. Қала төменде жарқырап жатыр. Шырақ жанып тұр. Жаздың кезі. Жып-жылы. Әңгіме айтып отырмыз. Бір кезде «Қақат»,-деді. «Мен шешім қабылдадым. Менің өмірлік серігім бола алатыныңа көзім жетті. Оған біздің таныс болған үш жыл өміріміз куә. Сондықтан екеуіміз үйленеміз»,-деді. Ол «Үйленейікші, а?», «Ойланасың ба?» деген емес. «Үйленеміз»,- деді. Яғни, ол ер-азамат ретінде өзі шешім шығарды.

Мен ол кезде тіпті бала болдым. Тіпті біздің үйлену тойымыздың өзі маған қойылым сияқты болды. Ертегі әлеміне түсіп кеттім. Менің енді әйел атанғаным, екеуіміз ерлі-зайыпты екендігіміз кейіннен сезіле бастады. Қыдекеңнің қайнаған гастрольдік сапарлары басталды. Енді ғана тұрмысқа шыққан мен үшін бұл кездер оңай болған жоқ. Көзім мөлдіреп, жалғыз қаламын. Оның арасында Қыдекеңнің жанкүйерлері, ғашық қыздар күні-түні маза бермей, үй телефонына хабарласады. Мен өшіріп тастай алмаймын, өйткені кез келген уақытта Қыдекең хабарласып қалуы да мүмкін. Сонда маған қыздар «Косоглазая», «Кривоногая», «Ты кто такая?», «Қайдан шықтың?» деп, жеті атама дейін орысша-қазақша неше түрлі айтатын. Үйіміздің есігіне де түрлі хаттар қалдырып, есікке далаптарының ізін қалдырып, сүйіп кетеді. Кейде, тіпті, үйден шығайын десең, есіктің алдында түнеп жататын қыздар да болды. Қатты шошитынмын.

Бір күні гастрольден келгенде, мен Қыдекеңді жылап қарсы алдым. «Бұлай болмайды. Шешейік. Бұлай жалғасуы мүмкін емес»,-деп айттым. Көзім ісіп кеткен. Қыдекең азамат. «Не болды, Қақат?»,-дейді. Осылай да осылай деп, мазалап жатқанын айттым. Рас қиналып кеткен едім. Күйеуімді айлап көрмеймін, оның гастрольдері көп болғаны соншалықты, үйге келіп, киімін ауыстырып, қайта шығып кететін. Содан пәтерді сатылымға қойды, ертеңінде-ақ өтті. Жаңа пәтерге көштік. Сол пәтерде құлақ тынышталды. Өмірге ұлымыз келді. Бақытымыз еселене түсті. Жайлап-жайлап бақыттың, шаттықтың дәмін сезе бастадым. Сол кезде түсінгенім, адамға сабыр керек екен. Сабырлы бола білсең, төзімді бола білсең, барлығы өз орнына келеді.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу