Шынар Бүркітбаева: Желтоқсан оқиғасына байланысты ҰҚК әлі хабарласып тұрады

Осыдан 30 жыл бұрын болған көтерілістің куәгері Шынар Бүркітбаева бізге Желтоқсан оқиғасы туралы баяндап берді. Ол бүгінде Нұр Отан партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің сарапшы-эксперті.

4
Желтоқсан оқиғасына - 30 жыл
Желтоқсан оқиғасының куәгері - Шынар Бүркітбаева

Сол кезде С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың журфагында оқитынмын. Жатақханада болатынбыз. Тарсылдаған есік даусынан оянып кеттік. Таңғы сағат төртте есік қаққан бұл кім болды екен деп бір-бірімізге үрпие қараған үшеуміз ашар-ашпасымызды білмей, “Кім керек?”- дедік жарыса есікке жақындап. Көрші бөлмедегі екі қыз да оянып есікке келді.

– Бүркітбаева осында тұра ма? – деді арғы жақтан біреу.

– Иә, дедім жүрегім аузыма тығылып.

– Саратовтағы әскерден бауыры келді, есік ашыңыз! – деді әлгі дауыс.

Желтоқсанның басында ғана әскерге кеткен бауырым неге келді екен деген ой лезде елес беріп, есікті ашып жібердім.

Бейтаныс екі ағай: «Бүркітбаева, бізбен төменге жүріңіз», – деді. Бесінші қабаттан бірінші қабатқа түскенше аяғым қалтырап, “Ерзат қайда, өзі неге есік қақпаған”- деп, ойым сан-саққа жүгірді.

Бейтаныс ағайлар мені коменданттың бөлмесіне кіргізді. Біреуі маған қарсы орындыққа жайғасты да, екіншісі терезеден салбырап тұрған жіпті тартып қалды. Қап-қара қалың перде гүр етіп, төмен түскенде, қорыққаннан айқайлап жібере жаздадым.

– Біз мемлекеттік қауіпсіздік комитетіненбіз. Ал сіз, Бүркітбаева Шынар Жолдыбайқызысыз, солай ма? Әкеңіз Бүркітбаев Жолдыбай Семей облысы, Үржар ауданы, Ленин колхозында инженер-электрик болған. 1982 жылы қайтыс болған. Шешеңіз Бүркітбаева Балқия Нұржақыпқызы сол колхоздың кәсіподақ ұйымының төрайымы. Екеуі де коммунист. Қалайша сізді партияға қарсы тәрбиелеген? – деп қарсы алдымда отырған тапалтақ сары жігіт ұзын-сонар әңгімесін әріден бастады.

Шырт ұйқыдан оянып, бауырым келді дегеннен әлі де дәмеленіп отырған мен ештеңе түсінбей дір-дір етем.

– Кімге қарсы, не айтып отырсыздар? – дедім бір кезде әзер есімді жиып . «Менің ата-аналарым жайлы, бауырымның Саратовқа әскерде кеткені туралы қайдан біле қойған?» деген ойлар басымнан зу-зу етіп өте шықты.

– Алаңға кіммен шықтыңыз? Кім сіздерге уағыз жүргізген? Жасырмай шындықты айтыңыз, біз бәрін білеміз, – деді екіншісі сөзге араласып.

– Мен, мен… Мен алаңға барған жоқпын. Кім айтты оны? – дедім жалтарып.

– Жоқ, бардыңыз!-деп дүрсе қоя берді. Мен шошып кеттім. Артынан қайта сабасына түсіп:

– Жақсылап есіңізге түсіріңізші, қазір бар шындықты айтсаңыз, біз сізді босатамыз, сосын бұл әңгіме болған жоқ деп есептейміз және сіздің айтқаныңызды ешкімге айтпаймыз, – деді тапал сары даусын жұмсарта.

– Мен… Бірақ мен барған жоқпын ғой, бармасам немді айтамын?

– Ал сізді көргендер бар.

– Кімдер олар? – дедім даусым дірілдеп.

– Соны бізге сіз айтасыз!

Мен үндемей қалдым…

***

Алаңда жастар бейбіт митингке шығып жатыр екен, біз де барайық деп, үш қыз 17-сі күні вахтадағы қарауылды «нанға барамыз» деп алдап, алаңға барғанымыз рас еді. Бірақ, шынын айтсам, кереметтей саяси сауаттылығымыздан бірдеңе айта қояйық деп емес, қызықтап көруге шыққанбыз. Барсақ, солдаттардан тор құрып тастаған, араларынан сығылыса өтіп, қалың топқа кіріп кеттік. Айқай-шудан ешкім-ешкімді біліп болар емес, бір-бірінің қолынан ұстап алған қыз-жігіттер трибунада тұрғандарға қарсы ұмтылады. Алдында тұрған миллиционерлер оларды кері қарай итереді. Кенет, біреу бізге «Өлең айт» дегендей, бәріміз «Менің Қазақстанымды» айта жөнелдік.

«Менің елім, менің жерім,

Гүлің болып егілемін».

Бейне бір-бірімізді алдын ала дайындап қойғандай, өлең біткен соң: «Қазақтар алға!» деді біреу ұран тастап. Қалың топ алға лап бердік. Тағы солдаттардың соққысы тиіп, кері қаштық.

-Қашпаңдар, алға! – деді біреу айқайлап. Тағы алға жылжыдық. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, баруын жай қызық көріп барғанымызбен, алаңға кірген соң, қанымыз қызып кеткен. «Қазақстанға қазақ басшы қойылсын!» , «Долой Колбина!» деп ұран тастағандарды қолдап біз де өзімізше айқайлап қоямыз. «Менің Қазақстанымды» шырқаймыз.  Шырқаған сайын ішімізде белгісіз бір күш пайда болып, одан сайын жігерлене түсеміз. Біріміздің қолымыздан біріміз тас қып ұстап алғанбыз. Құдды біреу солай істеңдер деп әмір еткендей. Алдыңғы қатардағы қыздар мен жігіттер трибунаға ұмтылып, бірдеңе айтқылары келеді. Оларды қарулы солдаттар кері итеріп, жібермейді. Бір кезде бізден бір курс жоғары оқитын қыз жүгіріп трибунаға шығып кеткен. Не деп айқайлағанын жұрт естіген жоқ. Қолын сермеп бірдеңелер айтқан болды, бірақ оны итермелеп түсіріп жіберді. Оған ызаланған жастар тағы алға қарай лап берген. Сөйткенше болмай, сатыр-сұтыр таяқ тиіп кері қайтқанбыз. Кенет алдағы жақтан біреу «Өлді, өлді!» деп айқайлап жіберді. Толқыған жұрттың аяқ астында қалды ма, әлде аяғы тайып құлады ма, алде жанды жеріне таяқ тиді ме, кім білсін, әйтеуір бір қыздың өлгенін естіген соң, ашынып кеттік. Жігіттер милицияның патрульдік машинасын төңкеріп тастады. Бірнешеуі жабылып «Ловите их!» деп айқайлады. Бір миллиционер қасындағыларына әмір етіп, сатыр-сұтыр төбелес басталып кетті.

Қасымдағы бірге келген қыздардың қайда кеткенін білмеймін, әлгілерге қарап тұрғанда, айырылып қалыппын. Қай жағыма қашарымды ұқпай, аңтарылып қалғанмын. Бір милиция жігіт жүгіріп бара жатып, «Кет бұл жерден, өлесің!»  дегенде барып есімді жидым. Шамасы, жұмысы болған соң еріксіз әмірді орындап жүрген біреу болуы керек, әрі жастарға жаны ашитындай болып көрінді, қанша дегенмен қандас қазақ қой…

Кеш қарайып кеткен. Тоңғанымды сезе бастадым. Не болса да, жатақханаға жетейін деп жүгіре жөнелдім. Брежнев алаңындағы қанды қырғын, өлген қыз, айқай-шу ойымнан кетпей қойды. Жатақханаға қарай жалғыз өзім жүгіре бердім, жүгіре бердім…

Вахтадан демімді ішіме тартып, қайдан келгенімді білдірмеуге тырысып, жайбарақат өттім. «Где была?» – деген кезекші орыс кемпірге артыма бұрылмастан: “У сестры”, – деп жауап бердім де, алдаусыратып жоғары көтерілдім. Келсем қыздардың көзі атыздай: “Қайда жүрсің? Сенен айырылып қалдық қой, амансың ба?” – деді жамырап.

Өз көргенімді әңгімелей жөнелдім. Олар не көргендерін маған айтты. Сосын бір-бірімізге: “Алаңға барғанымызды ешкімге айтпаймыз”,- деп уәде беріп, жатып қалдық.

Екеуін қайдам, өзім көпке дейін ұйықтай алмай дөңбекши бердім. Көз алдымнан манағы көріністер кетпеді. «Өлген қыз кім болды екен? Енді әке-шешесі қайтер екен?»- деп ойым сан-саққа жүгірді. Құлағымда «Менің Қазақстаным!» жаңғырып жатты. Ертеңінде жоғарғы курстың екі қызына ілесіп алаңға тағы шықтым. Бөлмедегі қыздардың «Барма!» дегеніне қараған жоқпын. Олар «Куратор біліп қойса, ұрысады»-деп қорқып, шықпады. Батырсынып барған біздердің де бітіргеніміз шамалы, қараны көбейткеніміз болмаса… «Қазақтар алға, ура!» дейміз де трибунаға қарай лап береміз, алдыңғы жақтағыларға дубинка сатырлап тигенде, толқып кері шегінеміз, бар болғаны өрт машинасының көбігіне малшынып, сілеміз қатып қайта қайтамыз.

Үстімізге көбік шашқанда тағы жолдас қыздардан айырылып қалдым. Жан-жаққа бытырай қашқанда, олар бір жаққа, мен бір жаққа кетсем керек. Әйтеуір, жүгіргеннен жүгіріп, жер асты жолындағы әжетханаға тығылдым. Қорыққаннан жүрегім аузымнан шығып кетердей күйде болдым…

Қанша болғаным есімде жоқ, бір заманда шықтым-ау сыртқа. Біреу ұстап алардай артыма қарап-қарап жүгіремін. Ұрлық жасаған адамдай қуыстанып жатақханаға ендім. Қыздар да алаңдап отыр екен:

– Сен қайда кеттің? Қорқып кеттік қой, – деп ағынан жарылды. Шынымды айттым. Міне, бар болғаны осы еді…

… Енді осының бәрін мына екі жігітке қалай айтамын?! Жан алатын әзірейілдей таңғы төртте не бастарына күн туды, мені тергеуге алып? Не бүлдірдім сонша? “Ойланыңыз, шыныңызды айтыңыз. Айтсаңыз босатамыз”, – дейді. Сіз деп сыпайы болған түрлерін!

– Барған жоқпын ешқайда! – дедім бір айтқанымды қайталап.

– Сіздерді алаңға шығуға үгіттеген кім? Жасырмай айтыңыз, қорықпаңыз, ешкімге айтпаймыз, бәрі осы жерде қалады, – деп алдайды тағы. Мен үнсізбін. Олар болса өңмеңдеп болар емес. – Қасыңызда кімдер болды, аты-жөнін айтыңыз, болыңыз, отырамыз ба осылай?-дейді бейне бір олар емес, мен оларды оятып алғандай.

– Мен ешкіммен ешқайда барған жоқпын, ешкімді көрген жоқпын! Нені айтамын сіздерге? Алаңда болған жоқпын!- деймін өзімдікін қайталап.

Қойшы әйтеуір, әрі әурелеп, бері әурелеп ит қайтқанда босатты-ау. Тек босатарда бізбен не айтқаныңызды ешкімге айтпайсыз деп шарт қойды. Жарайды деп, басымды изеп құтылғаныма қуанып үстіге шықтым.

Бірақ, бекер қуаныппын. Ол кезде мен бұл тергеудің алты айға созыларын қайдан білейін?..

“Қара бұлтты қоюлатқан сабақ”

Көп өтпей мынадай жағдай болды. Басымдағы қара бұлтты қоюлатқан да сол оқиға. Бір күні сабаққа келсек (көтерілістен біраз күн өткен), Әбілфайыз ағай Ыдырысов өңі бір түрлі боп келді. Есіктен кіре салып:

– Балалар, бүгін бізде саяси сабақ. Өздерің білесіңдер, өткенде келеңсіз жағдай орын алды. Ішіп алған қазақ жастары көтеріліс жасап, алаңға шықты, олардыкі дұрыс емес, әрине, – деп сөзін күмілжіп бастады. – Енді соған сендер болашақ журналистер ретінде баға беріп, өз пікірлеріңді ортаға салыңдар. Біздің сабағымызға «қонақтар» қатысып отыр, -деді.

Қандай «қонақ» екенін кім білген. Сөйтсек, олар “үш әріптің” адамдары екен. Арнайы мұғалімдерге ескертусіз келіп, қазір осындай саяси сабақ жүргізесіз дейді екен, байғұс ағайларымыз бен апайларымыз студенттерге «абайлаңдар» деуге да шамасы болмай қалады екен. Ал “үш әріптің” мақсаты «теріс» көзқарастағы жастардың пікірін білген соң, тергеу жүргізу болып шықты. Әбілфайыз ағаның күмілжіп, біз бірдеңе деп қоя ма деп алаңдап тұрғаны сол екен. Оны кейін білдік. Ал сол сәтте, шапшаңдау екі-үшеуіміз: «Неге Қазақстанға қазақ басшы қоймасқа? Тілімізді, ділімізді түсінбейтін біреуді сонау жақтан әкелгені несі? Өз қазағымыздың ішінде де басшы болатындар табылар еді ғой» деп қойып қалмасымыз бар ма? Ол жетпегендей, мен: «Дінмұхамед ағаны азды-көпті еңбегі үшін халықтың алдында алғыс айтып шығарып салмады ма?»- дегенім бар «көсемсіп». Екі күнгі көтерілісте жүріп, сәл-пәл саяси сауатымыз ашылып қалған-тын. Оған дейін саясат дегенің миға кіріп шықпайтын. «Коммунизмге бара жатырмыз» деп кеудені соғып жүргенде тіліміз бен дініміз ұмытылып, енді болмаса мәңгүртке айналатынымызды қайдан білейік, біз пақыр. Ұлтына жаны ашыған кейбір ақын-жазушыларымыз: «Қазақ мектептері мен балабақшалары азайып барады, тіпті, жоқтың қасы. Алматының өзінде айналдырған бір ғана №12 мектеп бар, оның өзі ауылдан келген балаларға арналған»,-деп шырылдағаны болмаса, ел басқарған игі жақсылардың барлығы дерлік балаларын орысша оқытатын. Өздері де орысша сөйлеп, басқаларға үлгі болатын…

Сонымен, сабақ та бітті, мені де екі аға фойеге жетелеп ала жөнелді. Торға түскенімді сонда білдім.

– Сізге бұлай айтуды үйреткен кім? – деп сұрақтың астына алды.

– Ешкім емес, есім дұрыс, ойлай аламын, – дедім ызаланып.

– Сонда сіз партияға қарсысыз ғой, өзіңіз комсомолсыз, әке-шешеңіз бе теріс тәрбие берген? Әлде университетте осылай үйретеді ме?-деп сұсты көздерін маған қадады.

Мен үндемедім.

Сол күннен бастап артыма аңду қойылды. Кім екенін көрмесем де, білмесем де, олар менің қайда, кіммен не айтқанымды біліп қояды. Біресе, “Түнде ауылдан мамаң келді” деп, біресе таңғы 5-6 да “Жолдас қызың шақырады” деп, коменданттың бөлмесіне апарып, сұрақтың астына алады. Есіктен кіре сала, қара перденің жібін тартып қап, гүр еткізіп, жерге түсіреді де, ескі әуенмен, жайлап қана: “Сонымен кім-кім бардыңдар? Достарыңның аты кім?”– деп сұрақтарын жіпке тізе бастайды.

Қазір ойласам, қара перде психологиялық шабуыл шығар, қорқытудың тәсілі екен ғой. Біреуге бірдеңе айтуға, телефон арқылы үймен сөйлесуге, қорқатын болдым. Алдыңғы тергеуде бізбен сөйлескеніңізді ешкімге айтпаңыз десе де, ішіме сыймай, жан досым Розаға айтып жылағанмын. Бірақ, оған ешкімге айтпа деп өтінген едім. Ол ант берген. Екінші барғанымда «ағаларым»: “Біз саған ешкімге тіс жарма деген едік, сен Розаға айтып қойыпсың ғой, неге олай жасадың?” – деп қыспаққа алған. Содан бастап Роза екеуміздің арамыз суып кетті. Сатып кетеніне қатты өкпеледім. Бірақ, оған айтпадым. Айтпа деген. Енді ойлаймын, бәлкім дос екенімізді білген соң әдейі айтып, ойымнан түсті ме екен? Әйтеуір, арамыз осы оқиғадан соң бұзылды.

Менімен бірге “үш әріптердің” кәріне бөлмелес қыз Гүлнұр да іліккен. Бірінші күні алаңға бірге барғанбыз. Оның бізден 4 жас үлкендігі бар, орыс тобында оқитын. Ұлты ұйғыр, әдемі қыз еді. Оны да шақырады төменге, мені де. Бірақ бір-бірімізді ыммен ұғамыз. Мен келген соң ол кетеді немесе керісінше. Бірақ, көп ұзамай (1-2 айдан соң ба, есімде қалмапты) ол құтылып кетті. «Ұлтым ұйғыр, өзім интернационалистпін, партияға қарсы емеспін» деп газетке мақала жазды. Ол туралы екеуміз әжетханада сөйлестік. Басқа жерде сөйлесуге қорқамыз…

Ең қиыны, дүниеде бір сөзді қайталап миды ауыртқан болар, сірә. «Кіммен бардың , кім үйретті, кімдер шықты алаңға?» деген сөздер әбден жынды қылды. Олар да жалықпайтын жандар екен, кейде алдаусыратып, көңіліңді басқаға алдап, бөтен бірнәрсе айтып отырып, арасында жаттанды сұрақты қоя қояды. Мен болсам, жиырылып дайын отырамын.

– Білмеймін, көргем жоқ ешкімді, – деймін дірілдеп. Өтірік айтқаныңды сезеді.

– Сонда да бардың ғой, бірақ ешкімді көрген жоқсың, – деп айналдырып қайта сұрайды.

– Бармасам қалай көрем? – деп жалтарамын. Қойшы, әйтеуір, ит пен мысықтай аңдысып, арбасып, тарасамыз. Әлі есімде, 1987 жылы жаңа жыл түні әлгі екі ағамыз “құттықтап” келіпті. Гуля көзін қысып мені фойеге шақырып алды да:

– Ішпе, олар бізді мас қылып сұрап алмақшы, – деп тез ішке кіріп кетті.

Үлкендігі ғой, менің аңқаулау жас екенім рас. Бірақ, арақ-шарапты онсыз да ішпейтінмін. Дегенмен ескерткені ғой. Гуля әлгілерге шампанды аштырмады. “Жоқ, біз ішпейміз, рахмет, ұйықтауымыз керек”, – деп, тез-тез шығарып салған. Сөйтіп жүріп, қысқы сессия да аяқталды. Алаңға жүгіріп шыққан шығысқазақстандық Гүлнәрды (Әшімова – авт.) оқудан шығарған.

“Алаңда жүрген суретімізді бір танысымыз жыртып, жеп қойыпты”

Қысқы каникулдан келсем, «ағаларым» алдымда тұр. Болған шығар десем, төбемнен біреу тастай су құйып жібергендей болды. Тағы таныс сұрақтар, тағы жүйке тоздыру, о тоба, мұндай да болады екен-ау?! Не деген шаршамайтын жандар?! Бірақ, жұмыстары сол болған соң қайтсін?

“Енді сурет бойынша жұмыс істеп жатыр екен”,- деп естідім таныс балалардан. Суреттен тапқандарды оқудан шығарып жазалап жатқан көрінеді. Бірақ, әзірге менің суретім табылмаса керек. «Үш күннен соң көрге де үйренесің» дейді ғой, үш әріптегілерге етіміз үйреніп қалған, фойеде көрсек, амандасып өтеміз. Кейде өздері Гуля екеумізге неміс тілінен аударма жасауға көмектеседі. Арасында «Кіммен бардың алаңға?» деп сұрағын қойып қояды, денем тез дір ете қалады да, сосын бойымды тез жиып: «Барған жоқпын» деп төмен қараған бойы аударманы көшіре беремін. Расымен, менің суретім табылмады.

Мақпалдың айтуынша, біздің суреттерімізді тарих факультетінің студенттер партия ұйымының хатшысы Айтқазы көріп, байқатпай жеңіне тығып алып шығып, майдалап жыртып, жұтып қойыпты. Ол Мақпалды ұнататын. Біздің бірге жүретінімізді білетін. Менің басымда төбесі тері, айналасы жүн ұлдардың малақайы еді. Шешем бауырым екеуімізге екеуін сатып алып берген. Ерзат өзінікін жоғалтып алып, менікін киіп жүрген. Тура сол көтерілістен он шақты күн бұрын, болмай әскерге сұранып кеткенде малақайымды өзіме тастап кеткен. Бәлкім, суреттегі малақайға қарап, мені қыз деп ешкім ойламаған шығар… Айтқазының тануы мүмкін еді.

Мүмкін ол Мақпалдың жүрегін жаулау үшін «осындай жақсылық жасадым» деп әдейі айтты ма? Не десе де, Құдай сақтап қалды.

“Өмір бойы тістеріңнен шығармаңдар…”

…Жазғы сессия басталып жатқан. Аудиторияда дайындалып жатқанбыз. Тағы мені сыртқа шақырды. Танымайтын бір ұзын жігіт. Дәлізге шыққан соң:

– Сонымен Шынар, айтасыз ба, кіммен алаңға барғаныңызды? – деді бетіме қарап. Шыдамымның таусылған жері сол болса керек. Жылап жібердім.

– Мені ауру қыласыздар, өткенде жүрегім ауырып дәрігерге баруға тура келді. Ректордың атына арыз жазамын. Сіздер маза бермедіңіздер, сол себепті оқудан шығамын, әрі қарай бұлай оқи алмаймын, – дедім дірілдеп. Ұзын тергеуші үнсіз бетіме қарап тұрды да теріс айналып кетіп қалды. Одан қайтіп ешкім мені мазалаған жоқ. Гұлнұрдың айтуынша, жатақханада жатып тергеу жүргізген «ағалар» біздің делоларымызды жыртып тастапты-мыс. Есімде, солардың біреуі маған: «Қарындасым өтірік айта алмайды екенсің, көзіңнен көрініп тұр. Бірақ, кей жігіттерден бекем берік екенсің» деген. Соған қарағанда жандары ашыған болуы керек, қазақтар ғой. Әлде, дәлел болмады ма? Әйтеуір, өмір бойы тістеріңнен шығармаңдар деп ескерту жасады… Сол сүреңсіз суық күндерден бері 30 жылдай уақыт өтіпті. Бірақ, жүректегі жара әлі жазылар емес…

“Бұл әңгімені ешкімге айтпаймын деп уәде берген едім. Бірақ, бүгінгі бейбіт заманда егемендіктің мәнін ұрпағымызға түсіндіру үшін естеліктермен бөліскеніміз жөн. Желтоқсан оқиғасында қандай қатыгездіктердің болғаны тарихтан мәлім. Бірақ, сол кезде “қылмыскер, нашақор” атанған студенттер бүгінде “Желтоқсан қаһарманы” атанамыз деп ойлаған жоқ. Олардың бар ойы – Тәуелсіздік, егемендік еді” деді Шынар апай сөз соңында. Еліміздің қауіпсіздік қызметінен әлі де болса Шынар апайға хабарласып тұратындар бар көрінеді…

Жазып алған Дана Маратова

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

4 пікір

  1. көзіме жас алып оқыдым… біз шын бақыттың қадірін білмей жүрген шығармыз… мұзды жарып шыққан қызғалдақсыздар… Алланың қалауымен, патриот аға-апкелеріміздің қанымен жасымен келген тәуелсіздік қой… Шүкір

  2. Сіздерге алғысымыз шексіз, Көгімізде тәуелсіздік туының желбіреп тұруына, сиздердің үлестеріңіз зор, сиздердей аға апкелеріміздің барына ,fhsyif мақтанышпен айта аламын,

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!