Боранда жолда қалып қойсаңыз не істеу керек?

Қыс кезінде жолға шығу күтпеген "тосынсыйларға" тап қылуы мүмкін. Кенеттен басталған боран мен қарлы бұрқасын жолда қалдыруы ықтимал. Сондықтан жақын және алыс жолға шығатындарға қауіпсіздік шараларын қабылдау артықтық етпейді.

Дереккөз: ҚазАқпарат
0
қысқы жол

Жолға шығатын болсаңыз, ең әуелі — синоптиктердің болжамдарын, ауа райының жағдайын ескеріп, бұқаралық ақпарат құралдарындағы Төтенше жағдай қызметтерінің хабарламаларын назарға алу керек. Алыс сапарға шығатын болсаңыз, әуелі автокөлігіңізді дайындап, көліктің барлық жүйелерінің техникалық жарамдылығын тексеріңіз.

Екіншіден, қай жаққа, немен және қашан шығатыныңызды жақындарыңызға, сіз баратын жақтың адамдарына ескертіңіз. Межелі жерге жеткеннен кейін үйдегілерге хабар беріңіз. Оқыс оқиғалар жағдайда олар сізді іздеп, құтқару шараларын ұйымдастыратыны сөзсіз. Міндетті түрде сенімді деген байланыс құралын өзіңізбен бірге алыңыз.

Үшіншіден, жылы киініп, ыстық шай немесе кофе құйылған термосты, бірнеше балауыш майшам, медициналық қобдиша алыңыз. Арқан, күрек, дәнекерлейтін шам (паяльная лампа) мен қажетті жанармайыңыздың болуын естен шығармау керек.

Ал, қарлы боранда жолда қалып қойсаңыз, үрейге бой алдырмаңыз. Көлікте болсаңыз, оның капотын жел жаққа қаратып қойыңыз, барынша жылы оранып, жанармайды үнемдеу үшін көлікті анда-санда бір жылытыңыз. Құтқарушылар сізді тез байқауы үшін, күректің сабы сынды ұзын таяқшаға түрлі түсті мата байлап, сыртқа шығарып қойыңыз. Есіңізде болсын, қар басып қалған көлікте қаншалықты тоңсаңыз да қозғалтқышты қоспаңыз. Мотордың жұмыс істеуі кезінде шығатын және бірте-бірте салонда жиналатын, пайдаланған газ өте улы болады. Одан өліп кету қаупі басым.

Егер боранды күні жолда қалып қойып, жол болжау үшін көліктен ұзау керек болса, оған өзіңізді ұзын шарф немесе бауыңызды байлаңыз. Сол арқылы көлікті қиналмай табасыз. Қолыңызда байланыс құралы болса, ТЖ және жол полицияларын хабарлау керек. Тәулік бойы жұмыс істейтін 112 телефоны әрқашан байланыста болады, сондықтан сіздің қоңырауыңыз назардан тыс қалмайды.

«Жоғарыда сипатталған қауіпсіздік ережелері мен шаралары көп шығынды қажет етпейді. Олар қиын және орындалмайтын деп те айтуға да болмайды. Дегенмен оларды сақтап, сіз өз қауіпсіздігіңізге де, жақындарыңыз бен туған-туысқандарыңыздың қауіпсіздігіне сенімді бола аласыз. Ал алдағы мерекелік күндерді қарсы алу сіз үшін төтенше жағдайлардың қара күндерімен есте қалмайды», — дейді Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Павел Филиппов.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу