Сейітқазы Матаев, Әсет Матаев
Сейітқазы Матаев пен ұлы Әсет Матаев ©azattyq.org

Мадина Бакиеваның айтуы бойынша, Сейітқазы Матаев рақымшылыққа үміт артып отырған жоқ. Қазақстан журналистер одағының экс-төрағасы бүкіл инстанциялардан өтіп, халықаралық деңгейге шығып – адам құқығы жөніндегі сотқа жүгінбекші.

“Рақымшылық мәтіні заңды күшіне енбей тұрып, бірдеңе айту қиын, өйткені парламентте түзетулер жасалуы мүмкін. Жоба туралы айтар болсақ, Сейітқазы Бейсенғазыұлының жаза мерзімі қысқартылуы ықтимал”, – деді адвокат соттың апелляциялық коллегиясы отырысының алдында.

Сот отырысы барысында Матаевтың адвокаттары Мадина Бакиева мен Андрей Петров 20 өтініш білдіріп, сот тергеу жұмысын қайта бастауды сұрады.

Жәбірленуші тараптың өкілдері мен прокурорлар бұл өтініштермен келіспейтіндіктерін мәлімдеп, осы іс бойынша сот тергеуін жүргізудің қажеті жоқ екендігін айтты. Сот апелляциялық коллегиясының судьясы Алма Есімова отырыс барысында бұл мәселе бойынша сот шешімі дүйсенбі күні сағат 16:00-де шығарылатындығын хабарлады.

Еске сала кетейік, 3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты “қаржы жымқырды” және “салықтан жалтарды” деген айыптармен 6 жылға соттаған. Ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев “қаржы жымқырды” деген айыппен бес жылға сотталған. Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне жалпы сомасы 169 млн теңге көлемінде залал келтіргені айтылған болатын. Бұдан өзге, үкімде Матаевтардың жылжымайтын мүліктері (бірнеше пәтер мен жер телімдері), оның ішінде Ұлттық баспасөз клубы мен бірнеше көліктері тәркіленетіні айтылды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!