«Bolashak Business Talks» коммуникативтік алаңының ашылуы болды

27-ші қазан бейсенбі күні алғашқы «Bolashak Business Talks» коммуникативтік алаңы ашылды. «Bolashak Business Talks» - бұл жас новаторлар, бизнесмендер, кəсіпкерлік пен инновация саласындағы сарапшылардың өзара тəжірибе алмасуына арналған бірегей нетворкинг алаңы.

0
Bolashak Business Talks

«Болашақ» Қауымдастығының директоры Қымбат Бейсекина алғы сөзін сөйлегеннен кейін, шақырылған спикерлер кезектесе өз дәрістерін бастап кетті:

Аслан Назаралиев тыңдаушыларға кез-келген істі бастар алдында, ол іске үлкен көлемдегі инвестиция салмас бұрын өніміңізге/қызметіңізге сатып алушы табуға және оған деген қажеттілікті анықтап алуға кеңес берді. Асланның айтуы бойынша, стартап ашар алдында күрделі бизнес-жоспар жазудың қажеті жоқ.

Алмас Кебекбаев SCRUM бизнес-сараптама әдісін сипаттап берді. Сондай-ақ «Samsung» компаниясының қарапайым менеджерінен табысты кәсіпкерге айналғаны жайлы, халықаралық инвесторлардың қызығушылығын тудырып отырған өз стартабын қалай ашқандығы туралы әңгімелеп берді.

Мүслім Жолдаспаев бізге кез-келген компаниядағы жетекші менеджердің маңыздылығын және бір ағза тәрізді жұмыс жасайтын бизнес-команданың қызмет қабілеті мен біртұтастығының маңызы туралы айтып берді; Сонымен қатар, ол өзінің компания иесі ретіндегі және жалдамалы жұмысшы ретіндегі жұмыс тәжірибесі туралы айтып өтті. Бұл оның кәсіби тәжірибесін дамытуға үлкен әсерін тигізген.

Ғани Абадан бизнес-консалтинг саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ біздің назарымызға өзі жазып шығарған кәсіпкерліктің 7 ережесімен таныстырды. Мұндағы ережелердің бірі «Велосипедті қайта ойлап табуға тырыспаңыз», бұл дегеніміз жаңашылдыққа қатты беріліп кетудің қажеті жоқ, себебі жаңа нәрсенің барлығы пайдалы және тұтынушы сұранысына ие дегенді білдірмейді. Сонымен қатар, Ғани өзінің бизнестегі сәтсіз кезеңдерден қалай өткендігі туралы да сөз қозғады, алайда, Ғанидың айтуы бойынша, сәтсіздіксіз жетістікке қол жеткізу мүмкін емес.

Бірінші «Bolashak Business Talks» бірқатар қызықты сұрақ-жауап бөлімімен, бірлесе суретке түсумен және көптен күткен фуршетпен аяқталды.

«Bolashak Business Talks» коммуникативтік алаңы инновациялық және бизнес алаңдарын қолдауға арналған жоба аясында ұйымдастырылды, негізгі мақсаты — Алматы қаласындағы жастар кəсіпкерлігін дамыту болып табылады.

«Bolashak Business Talks» коммуникативтік алаңы іс-шарасы Алматыны қадірлеу, мақтан тұту, 1000 жылдық тарихына үңіліп, Алматыны көркейту мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Пікір қосу