Конфедерация Кубогының жеңімпаздары анықталды

3-4 желтоқсан күндері Алматы қаласындағы Балуан Шолақ спорт кешенінде күш қолданылатын спорт түрлерінен өткен Конфедерация Кубогының жеңімпаздары анықталды. Дереккөз: Спортпортал

0
Конфедерация кубогы

Cпорт түрлерінен командалық жарыс түрінде өткізілген Конфедерация кубогы биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Шараның жалпы жүлде қоры 125 млн теңгені құрады.

Грек-рим күресі

Грек-рим күресінен Конфедерация кубогының жартылай финалына Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстан облыстары шықты. Алматы облысының классиктері 4:2 нәтижесімен, қарсыластарынан басымдылық танытса, жартылай финалдық екінші жұпта Жамбыл облысының құрамасы Солтүстік Қазақстан облысы құрамасын 4:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.

Айдын Нұғыманов
Сурет: Досжан Балабекұлы

Финалдық кездесуде алматылық балуандар өздерінің мықтылығын көрсетті. Жеңіл салмақ дәрежесіндегі белдесуде Алматы облысының балуаны  Айдын Нұғыманов 8-4 есебімен қарсыласынан басым түссе, екінші кездесуде Демеу Жадыраев жамбылдық Жәнібек Қандыбаевтан айласын асырды. 75 келі салмақ дәрежесінде алматылық Азамат Дүмбіров Өмірзақ Әбунасырды таза жеңді.  Алматы облысының 85 келідегі балуаны Асхат Ділмұхаммедов Мейірбек Қордабайды 8-0 есебімен тізерлетті. Жамбылдықтар ауыр салмақ дәрежесінде ғана ұпай еншіледі. Ерасыл Орынбасаров Санжар Темірбекті 3-0 есебімен жеңді. Аса ауыр салмақ дәрежесінде жамбылдық балуан Бахтияр Сұлтанбеков жарақатына байланысты кездесуден бас тартуға мәжбүр болды. Жалпы есеп 5-1. Алматы облысы грек-рим күресінен Конфедерация кубогының чемпиондары атанды.

Еркін күрес

Еркін күрестен жартылай финалдық кездесулер Шығыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысы және Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының балуандары арасында өтті. Ақтық сынға ШҚО балуандары ақтөбелік балуандарды 4:2 есебімен жеңіп жолдама алса, Алматы облысының құрамасы шымкенттік балуандардан 5:1 есебімен басым түсіп жолдама алды.

Еркін күрес Ильяс Жұмай Асхат Сламханов

Финалдық белдесулердің бірінші жұбында 57 келіде Алматы облысының атынан сынға түскен Жандос Исмаилов қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Белдесудің алғашқы бөлігінде 11-0 есебі тіркеліп, алматылықтар есепте алға шықты. 65 келіде алматылық Ильяс Жұмай қарсыласы Асхат Сламхановты еш қиындықсыз ұтып, алматылықтардың есебін еселеді. 74 келіде алматылық Олжас Шыңғысбаев шығыс қазақстандық Данияр Қайсанов арасындағы белдесу тартысты өтті. Шығыстың балуаны 1-8 есебімен белдесуді өз пайдасына шешті. 86 келі салмақ дәрежесінде алматылық Нұрдәулет Көктеубаев қарсыласынан есеп айырмасымен басымдық танытты. Есеп 8-5. 97 келіде алматылық Алихан Жұмаев қарсыласы Олег Болтиннен 10-5 есебімен басым түсті. Аса ауыр салмақ 125 келіде алматылық Дулат Аханов қарсыласы Алексей Чурбаковты таза жеңіспен тізе бүктірді. Белдесу барысында Шығыс қазақстандық балуан ұпай айырмасымен алда келе жатқан еді. Кездесудің соңғы секундтарында таблода 6-7 есебі тіркеліп тұрды. Белдесу аяқталар тұста шығыстың балуаны қарсыласының таза әдісіне түсіп қалды.

Қорытынды есеп 5:1. Алматы облысы еркін күрестен де Конфедерация кубогының жеңімпазы атанды.

Бокс

Жартылай финалдық жекпе-жектердің бірінші жұбында Астана қаласы мен Алматы облысының құрамалары кездесті. Финалға 7:3 есебімен, елордалық былғары қолғап шеберлері жолдама алды. Жартылай финалдық екінші жұпта Маңғыстау облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының боксшылары жұдырықтасты. Аса тартысты өткен жекпе-жектер 6:4 есебімен маңғыстаулықтардың пайдасына шешілді.

Әділбек Ниязымбетов

Финалдық сында Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов бастаған маңғыстаулық боксшылар жеңімпаз атанды. Олар финалда елордалық құраманы 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Дзюдо

Жартылай финалдық бірінші жұпта Қарағанды мен Қызылорда облыстары кездесіп, 4:1 есебімен қарағандылық дзюдошылар басымдылық танытты. Екінші жартылай финалдық кездесуде Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметовтің командасы мен Шығыс Қазақстан облысының құрамалары кездесіп, жамбылдық спортшылар 4:1 нәтижесімен финалға жолдама алды.

Финалық белдесулерде Рио олимпиадасында ел намысын қорғаған Елдос Сметов пен Жансай Смағұлов қарсыластарын жеңіп, 1:1 есебін тіркеген. 81 келіде татамиге шыққан Әзиз Қалқаманұлы қарсыласын бір шидо айырмашылығымен жеңіп, жамбылдық дзюдошыларды алға шығарды. 90 келі салмақта жамбылдық Дәулетхан Жақыпов пен қарағандылық Тимур Жарасовтың арасындағы белдесу тартысқа толы болды. Нәтижесінде Жақыпов таза жеңіске жетіп, Жамбыл облысын есепте алға шығарды. 100 келіде қарағандылық Ержан Шынкеев қарсыласын таза жеңгенімен, қортынды нәтижеге өзгерту енгізе алмады. Есеп 3:2. Жамбыл облысы Конфедерация кубогының иегері.

Таеквандо

Таеквандодан финалға Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының құрамалары шықты. Жамбылдық таеквандошылар қарсыластарын 53:50 есебімен жеңіп, жеңімпаз атанды.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!