Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбук парақшасын өзі жүргізетінін айтты

Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аккаунтын жеке өзі жүргізіп отырғанын және бұл өзі үшін алғашқы тәжірибе екенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Дереккөз: inform.kz

Арыстанбек Мұхамедиұлы

«…Менің ойымша, әрбір адам өзінің көзқарасына құқылы. Осында кейбір пікір білдірушілер парақшада конструктивті ұсыныс жасамастан тек сынап жүрген авторлардың пікірлерін өшіріп тастауға кеңес берген болатын. Менің  ойыма қарама-қарсы болса да, көзқарасы үшін адамдарға құрметпен қараймын, алайда балағат сөздер мен тіл тигізу секілді әрекеттер жағымсыз. Атап айтқанда, барынша ашық болуға, өзіме немесе басқарып отырған министрлікке қатысты ұсыныстар мен сындарыңызға жауап қайтаруға уәде етемін»,-деп жазады Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр желідегі хабарламаларға жауап бермесе және Фейсбукте достыққа ұсыныстарды қабылдап үлгермей жатса, түсіністікпен қарауға шақырды.

«Сіздердің сұрақтарыңызды ескере отырып, аккаунтымды жеке өзім жүргізіп отырғанымды және бұл мен үшін алғашқы тәжірибе екенін нақтылағым келеді. Бүгін мен барлық пікірлерді оқып шықтым, алдағы постымда оларға жауап беруге тырысамын»,-деп атап өтті министр парақшасында.

Айта кетейік, 26 қарашада Фейсбук әлеуметтік желісінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жеке парақшасын ашқандығы хабарланған еді. Екі күнге жуық уақытта министрдің парақшасындағы достарының саны қарқынды түрде артып келеді.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!