Ақтөбеде ұстазын балағаттаған оқушыға айыппұл салынды

Ақтөбеде мұғалімін балағаттаған оқушыға 15 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап Azattyq.org тілшісі хабарлайды. Дереккөз: azattyq.org

мектеп оқушылары
Көрнекі сурет

Ақтөбеде бір мектептің ұстазы оқушысын сотқа берген. Оған себеп – 10 сынып оқушысы мектеп дәлізінде мұғалім әйелді балағаттаған. Оқушы кәмелеттік жасқа толмағандықтан жауапкершілікке оның заңды өкілі, яғни анасы тартылған. Баласы бұзақылық жасаған әйел 7 айлық есептік көрсеткішке тең (14 847 теңге) айыппұл төлеуге мәжбүр болған.

“Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оқушының анасын әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 435-бабы (“Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық”) бойынша жауапқа тартты. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ” деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 435-бап бойынша, он төрттен он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адам ұсақ бұзақылық немесе бұзақылық әрекеттерін жасаса, онда айыппұл оның ата-анасына салынады.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!