Қазақстанда тас ғибадатхана мен ғұндардың ер-тоқымы табылды

Каспий теңізінің Қазақстанға қарайтын шығыс жағалауынан археологтар осыдан шамамен 1500 жыл бұрын көшпенді тайпалар (бәлкім, ғұндар) салған тас кешен тапты. Ғалымдардың айтуынша, мұнда ғибадатхана мен қайтыс болған адамдарды жерлейтін орын болған. Кешен туралы зерттеу Ancient Civilizations from Scythia to Siberia ресурсында жарияланды. Дереккөз: Live science

0
Тас кешен
Каспий теңізінің Қазақстанға қарайтын шығыс жағалауынан табылған осыдан шамамен 1500 жыл бұрынғы тас кешендер. Сурет ©Евгений Богданов

2010 жылы Маңғыстау түбегіндегі Ақтау қаласының тұрғыны қалаға жақын маңнан көне артефакттар – ер-тоқым күміс әшекейінің фрагменттерін тауып алады. Тарихи жәдігерді қарауына алған археологтар әшекей табылған жерге барып, 120 гектардан астам аумақта шашылып жатқан тас құрылыстың қалдықтарына тап болады. Алдын-ала жүргізілген зерттеу кешеннің сегіз құрылыстан тұратынын көрсетті. Жоғарыда аталған артефакттар орталық нысан аумағынан табылған.

Қаржылық себептерге байланысты археологтар қазба жұмыстарын тек 2014 жылы ашуға мәжбүр болды. Күміс әшекей фрагменттері табылған кешеннің орталық бөлігін зерттей бастаған ғалымдар құрылыстың 15,5 х 11 метр аумақты қоршаған қабырға болғанын анықтады. Ол құмтастан жасалған тақталардан тұрған. Тақталар бір-біріне паралель түрде екі қатар болып орналасқан, түбі жерге көмілген. Қабырғаның қалыңдығы 80-120 сантиметр аралығында болыпты. Қоршаудың сыртынан ғалымдар қайтыс болған адамдар жерленген орын мен ер-тоқым қалдықтары табылған шұңқырды ашты. Мұқият зерттей келе археологтар бұл шұңқырдан ұсақ күміс детальдар, шіріген ердің ағаш бөлігін, сонымен қатар мыстан жасалған қамшы қалдықтарын табады.

Ер-тоқымның суреті
Ер-тоқым әшекейлерінде салынған жануарлардың суреті
Koninklijke Brill NV, Leiden, The Netherlands

Табылған дүниелерді зерттеген ғалымдар ердің күміс бөлігіне салынған жыртқыш аңнан (бәлкім арыстан) қашқан жабайы қабанның, оның үстінде ұшып жүрген құстардың, жабайы қабан шабуылдаған бөкен, бұғының суреттерін табады. Кей жануардың үстіңгі жағына тамға (Орталық Азия мен Кавказ халықтарының арасында таралған рулық-отбасылық белгі) бейнеленген. Ғалымдардың айтуынша, ер тайпа басшыларының бірінің иелігінде болған. Табылған фрагменттерде ердің қолданыста болғанын білдіретін белгілер болмағандықтан, археологтар оның салттық қызметтер үшін жасалынғаны, күнделікті өмірде пайдаланылмағаны туралы қорытындыға келді.

Ер-тоқымның суреті
Қалпына келтірілген ер
Koninklijke Brill NV, Leiden, The Netherlands

Ердің аман қалған фрагменттерін қолдана отырып ғалымдар оның жалпы бейнесін қалпына келтіре алды. Ердің құрылымы мен күміс бөліктеріндегі суреттер V ғасырда Орталық Азиядан Еуропаға жаппай қоныс аударған түркітектес тайпа – ғұндардың қолынан шыққан дүниені еске салады. Бұдан бөлек осыған ұқсайтын суреттер Оралдың оңтүстігі мен шығыс Еуропаға дейінгі аумақтан табылған ғұндардың ер-тоқымдарында бейнеленген болатын. Кейін келе ғұндардың ер-тоқымы көне түркі халықтарының ер-тоқымының прототипі болған еді.

Ғұндардың көшу жолы
Ғұндардың Еуропаға қоныс аударуының ықтимал бағыты
Stw / Wikimedia Commons

Ғалымдардың бәрі бірдей мойындай бермейтін, әйтсе де кең таралған гипотезаға сәйкес, ғұндар қазіргі Қытайдың солтүстігі мен қазіргі Моңғолияның аумағындағы б.з.д. III ғасырда өмір сүрген. Олар Қытайды жаулап алуға тырысқан, алайда жеңіліс тауып, біздің заманымыздың II не III ғасырында батысқа, яғни Орталық Азияға қоныс аударуға мәжбүр болады. Еуропаға ғұндар IV ғасырдың соңында келеді. Еділді, артынша Донды кешіп өткен көшпелі тайпалар Шығыс Рим империясының бірнеше провинциясын жаулап алады. Бағынышты халықтарға ғұндар салық салып, жаулап алу жорықтарына қатысуға мәжбүрлеп отырған. V ғасырдың басында ғұндар қазіргі Венгрия аумағындағы Паннонияға келіп табан тірейді. 445 жылы рим тарихшылары «Құдайдың құлы» атап кеткен атақты Еділ (Атилла) ғұндардың патшасы болады. Ол Рим империясының Шығыс бөлігін де, Батыс аймақтарын да жаулап ала бастайды, алайда оны римдіктердің үлкен әскері тоқтатады. Еділ өлген соң 454 жылы ғұндар бағынышты тайпалардан жеңіліп, Қара теңізге дейін шегінеді. Келесі екі ғасыр бойы олар шығыстан келген өзге халықтармен аралысып, соларға тұтастай сіңіп кетеді.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!