Қазақ ғалымы жолды қыста да асфальттаудың әдісін ойлап тапты

Ғалым Бағдат Телтаев «Төменгі температуралы жарықшақтану кезінде асфальтбетонды жол төсемінің өзін-өзі құру заңдылығы» атты ғылыми еңбегі үшін халықаралық марапатқа ие болды. Бұл туралы "Алматы ақшамы" хабарлайды. Дереккөз: Алматы ақшамы

Асфальт, жол жөндеу
Көрнекі сурет

Бағдат Бұрханбайұлы Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы төралқасының шешімімен көрнекті орыс физигі, Нобель сыйлығының лауреаты  Петр Капица атындағы Алтын медальмен марапатталды.

Бағдат Телтаевтың ғылыми жаңалығы автомобиль жолдары саласындағы ең алғашқы ғылыми жаңалық болып саналады. Оның жаңалығында термодинамиканың қайтымсыз үрдісі мен синергетика негізінде темпера­туралық жарықшақтары бар асфальтбетон жол жамылғысы, термодина­микалық жүйенің сыртқы әсерлерге бейімделуінің түрі болып келетін ерекше дисспативтік құрылым екендігі дәлелденген.  Аталмыш  заңдылық, сондай-ақ, жарықшақтар санын алдын ала  болжауға және әртүрлі ауа райы мен климаттық жағдайда асфальбетон құрамын таңдау арқылы жарықшақтар санын кемітетін жобалар жасауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Бағдат Телтаев – «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлер академия­сының және Халықаралық көлік академия­сының академигі. Ол бұған дейін ТМД және Қазақстанның құрметті жолшысы марапаттарын иелеген.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу