Кейкі батырдың қайда жерленетіні анықталды

1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілістің даңқты қолбасшыларының бірі, атақты мерген Кейкі батыр туған жері - Тасты ауылына жақын жерде жерленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Дереккөз: ҚазАқпарат

Кейкі батырдың ескерткіші
©static.akipress.org

Сенат депутаты Серік Ақылбайдың айтуынша, жақында өткен мемлекеттік комиссияның отырысында Кейкі батырдың жерлеу мәселесі қаралды.

«Сол жерде Кейкі батырдың сүйегін оның туған жері Қостанай облысы Амангелді ауданының Тасты ауылында жерлеу туралы шешім қабылданды. Мұнда бос тұрған мазар бар. Оны батырдың туған-туыстары тұрғызған еді. Кейкі батырдың ел тарихында алатын орнын сондай-ақ, ол арқылы қазіргі жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығын ескере отырып, сол батырға сай ескерткіш жасап, Кейкі батырдың мемориалын тұрғызу ұйғарылды», – дейді Серік Ақылбай.

Айта кетейік, 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілістің даңқты қолбасшыларының бірі, атақты мерген Кейкі батыр Торғай даласында патшалық Ресейдің отарлау саясатына, кейін «қызылдарға» қарсы соғысқан. Большевиктер оны ұстағаннан кейін айуандықпен өлтірген. Содан батырдың бас сүйегі ұзақ уақыт бойы Петербордағы музейде сақталып келді. Батырдың бас сүйегі 2016 жылдың 6 қазанында Астанаға жеткізілген болатын. Елге жеткізілгеннен кейін Кейкі батырдың бет бейнесіне реконструкция Венгрияда жасалды.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу