«Заанен тұқымды ешкілері сүтті көп береді»

– Қазір мұнда 1 мың ешкі бар,-деп әңгімесін бастады бізді қарсы алған Тамила. -Сіздерді шаруашылығымыздың жұмысымен таныстырып шығайын. Барлығы Заанен асыл тұқымды ешкілері. Оларды Сербиядан ұшақпен әкелдік. Басында 500 бас болған. Біздің аймаққа бірден бейімделіп кетті. Қуанышымызға орай, ешқандай жағымсыз жағдайлар болған жоқ. Себебі Сербия мен Қазақстанның климаты қатты ұқсайды. Екі жақта да салқын. Ал, бұл ешкілер салқынды жақсы көреді. Біздің жеріміз оларға қолайлы. Қанша дегенмен, тау ешкілері ғой. Тек қорада ғана ұстамай, күн жылыда жайылымға шығарып тұрамыз. Ешкілердің қай жерде жайылып жүргенін аяқтарындағы электронды чип арқылы біліп отырамыз. Чип ешкінің атын, бүгін қанша сүт бергенін, денсаулық жағдайын да көрсетеді.

Ешкі шаруашылығы
Сурет: © szh.kz

Заанен тұқымының қазақстандық ешкілерден айырмашылығы – сүтті көп беруінде. Отандық ешкілер күніне көп дегенде 1,5-2 литр ғана сүт бере алады, жүндері қалың. Ал, Заанендіктер күніне 6-7 литр сүт береді. Біздегілер әлі жас болғандықтан әзірге 2 литрден ғана беріп жүр. Жүндері өте жұқа, қырқылған сияқты көрінеді.

ешкі шаруашылығы
Сурет: © szh.kz

Күтімі қарапайым. Азығы 100 пайыз табиғи шем-шөптен тұрады. Ешқандай дәрумендер, қоспалар қоспаймыз. Арпа, шемішке, шөпті араластырып, азық даярлайтын құрылғыға саламыз. Онда бәрі ұнтақталып, престеліп, макарон өнімдері сияқты пішінде шығады. Ешкілер кішкене «еркелеу». Жем-шөбінде міндетті түрде бір алма немесе бір сәбіз болуы керек, болмаса, сүт бермей қоюы да мүмкін.

Барлық жем-шөпті өзіміз өндіреміз. Күн суық болып, мал азығы азая бастағанда арнайы гидропоникалы құрылғыларымен жасыл шөп өсіреміз. Алма мен сәбіз де өзімізден.

«100 басқа 200 төл береді»

Ешкі шаруашылығы
Сурет: © szh.kz

300 ешкіге 12 теке сатып алдық, олар да асыл тұқымды. Ұрықтандыру табиғи түрде жүреді. Өсімділігі өте жоғары. Әр ешкі егізден тауып, орта есеппен жылына 100 басқа 200 төл береді. Ешкілерді лақтайтын уақыты жақындағанда арнайы қораға бөлеміз. Онда жаңа туған лақтарға да орын қарастырылған. Бұл жерде ешкі мен лақ жеті күндік бақылауда болады.

«Сауын процесі автоматтандырылған»

Күніне екі мәрте сауамыз: таңғы 6:00-де және кешкі 18:00-де. Сауын процесі толығымен автоматтандырылған. Ешкілер өздері арнайы жолақпен былай жүріп барып (сауын цехына апарды), аппараттарға тұра қалады. Жолақтар жасыл түсті болғандықтан, ешкілер оны шөпке ұқсатады. Соған үйретілген. Бір ешкіні үретуге 3-4 күн кетеді.

Сарайшық сүт ірімшік зауыты ешкі
Сурет “Сарайшық” ЖШС-ның жеке мұрағатынан алынды

Бір дегенде 48 ешкіні саууға мүмкіндік бар. Барлық сауын операторлары Мәскеуден оқып келген. Олар жұмысын бастамас бұрын, ешкілердің желініне арнайы қоспалармен дезинфекция жасайды. Кейін арнайы сауын аппаратын кигізеді. Осы кезде ешкілердің алдына мына жерден жем-шөп түседі (аппараттың жоғарғы бөлігін көрсетіп). Ешкілер оған бас қойған сәтте сауын басталады. Аппараттағы циферблаттар жанып, қай ешкінің қанша сүт бергенін бірден есептеп көрсетеді. Сауылған сүт контейнерге жинақталып, бірінші тазартудан өтеді. Сүтке түсіп кеткен қандай да бір заттар осы жерде тазартылады. Осыдан кейін сүт құбырлар арқылы цехқа барады.

Ешкі шаруашылығы
Сурет: © szh.kz

(Цехқа келдік). Цехта сүт лактофриз деп аталатын 3 және 2 тонналық цистерналарда сақталады. Осы жерде оны 4 градусқа дейін салқындатамыз. Себебі, оның сауылған кездегі температурасы 30-35 градус болады. Кейін сүттің  майлылығы, тығыздығы, қышқылдығы өзіміздегі шағын зертханада тексеріледі. Барлық талаптарға сай болса, біз оны өнідріске жібереміз.

Айта кетейін, барлық құрылғылар Италиядан әкелінген. Басқаруды үйрену үшін қызметкерлерімізді сол жақта оқыттық.

Өндірісте арнайы панельмен барлық процесті басқарып отырамыз. Егер айран жасағымыз келсе, компьютер арқылы сүтті бірінші ыдысқа жіберіп, аппараттан температура мен қышқылдықты реттейміз. Осылайша, айран, йогурт, ірімшік, Голланд ірімшіктері сынды 20 түрлі өнім жасап шығарамыз. Жарамдылық мерзімін ұзарту үшін ешқандай қоспа қоспаймыз. Сүттің жарамдылық мерзімі – 5 күн, сондықтан Алматының нарығына шыға алмай отырмыз. Оған жетеміз дегенше, сүт ашып кетеді. Айран – 2 ай, ірімшік – бір ай шыдайды. Ал, ашыған сүттен құрт жасаймыз. Оның жарамдылығы жарты жылға жетеді. Сондықтан біздің бизнес – шығынсыз.

Сарайшық ешкі шаруашылығы
“Сарайшық” сүт зауытының өнімдері. Сурет: © szh.kz

Елімізде ешкі сүтінің стандарттары енді анықталып жатыр. Әзірге Мәскеу және Сербия стандарттарына қараймыз. Бізде сүтті ұнтақ күйінде шығаруға ГОСТ рұқсат беретін-бермейтіні белгісіз. Сол үшін Алматыдағы Тамақтану институтымен жұмыс істеп жатырмыз. Әзірге сүтті тек сұйық күйінде өндіреміз.

Өнімдерідің қаптамасын да өзіміз шығарамыз. Қалай істейтінімізді көрсетейін. (Құты шығаратын цехқа келдік). Құты жасауға арналған капсулаларды Алматыдан, құрылғыны Мәскеуден сатып алдық. Құрылғы осы капсулалардан құты үрлеп шығарады.

Өнімдер құтыға құйылып, қаптамаға оралған соң салқындатылған бөлмеде сақталады. Күнде таңертең қалаға, балабақшалар мен балалар үйіне, туберкулез ауруханаларына жөнелтеміз.

Сарайшық сүт ірімшік зауыты
Сурет “Сарайшық” ЖШС-ның жеке мұрағатынан алынды

Атырауда «Байзарда», түрлі дүкендерде сатылады. Өнімдердің бағасы өзіндік құнынан сәл ғана жоғары. Бір литрі  800 теңге. Ал, Мәскеуде бір литр ешкі сүті 1600 теңге тұрады. Сондықтан кейде мәскеуліктер бізден тапсырыспен алдырады. Мәскеуде, Орынборда тұрақты клиенттеріміз бар. Оларға өнімдерімізді арнайы киіз үй пішінінде жасалған оюлы қапшыққа салып жібереміз. Қазір сүт көлемі аз, бір тонна ғана. Үш тоннаға шыққанда сұраныс одан да көп болатынына сенімдімін.

«Атыраулық ірімшіктің әлемде аналогы жоқ»

Ірімшіктің түр-түрін өндіреміз. Жақында Франциядан арнайы технолог алдырып, моцарелла ірімшігін жасауды үйрендік.

Ішіндегі ерекшесі – «Атыраулық» ірімшік. Оны облысымыздың бұрынғы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ойлап тапқан. Бұл қазақстандық бренд, әлемде бұндай ірімшік бізден ғана шығады. Әдетте ірімшікті Ресейден әкеліп, Алматыда қаптама жасалады. Біз еліміздегі ірімшік өндіретін жалғыз зауытпыз, тіпті ТМД аймағында аналог жоқ. Мәскеудегі зауыт ескі құрылғылармен жұмыс істеп тұр. Дәл біздікіндей зауыт тек Италияда ғана бар.

Сарайшық сүт ірімшік зауыты
Сурет “Сарайшық” ЖШС-ның жеке мұрағатынан алынды

Өнімдердің бәрі пайдалы. Оны Алматы мен Мәскеудің тамақтану институттары мақұлдаған. Мысалы, сары су қандағы холестеринді шығаруға көмектеседі. Сондай-ақ, біздің сүтті тұрақты түрде ішу арқылы туберкулезден айыққандар да бар, келіп алғыстарын білдіріп жатады.

Қазір Алматыдағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетімен бірлесіп, ешкі сүтінен балаларға арналған тағам жасап жатырмыз. 2017 жылдан бастап балалар тағамын шығарамыз.

«Еңбек бағаланады»

Ауыл шаруашылығын алып жүру өте үлкен күш-қайратты талап етеді. Алайда, еңбек бағаланады. «Сала көшбасшысы», «Жыл меценаты» номинацияларын жеңіп алдық. Президенттің Алтын кубогын да алдық (Тамиланың жеке кабинетіне келдік).

Сарайшық сүт ірімшік зауыты Назарбаев
Сурет “Сарайшық” ЖШС-ның жеке мұрағатынан алынды

Бізге Елбасы жиі келеді. Біз оған арнап ірімшіктер жасағанбыз. «Нұр Отан» партиясының бірінші басшысы да келді. Қазақстан футбол құрамасы да келген, естелікке қолтаңбалары қойылған доп сыйлады. Сіздерге арнап өнімдерімізді даярлап қойдық, дәмін татып көріңіздер.

Ешкі шаруашылығы өнімдері
Кабинетте жайылған ақ дастарханда ақтан жасалғанның бәрі бар. Құрт, ірімшік, айран, сүт, йогурт… Дәмі де ерекше! Сурет: © szh.kz

Қазіргі уақытта сүт бағытынан бөлек, шұжық, бұқтырылған ет өндіруді қолға алып жатырмыз. Алайда, негізгі басымдық сүт өнімдерінде болады.

«Жұмысшыларымыздың барлық жағдайы жасалған»

Тамила Розметова әріптестерімен
Сурет: © szh.kz

Қазір шамамен 40 шақты адам жұмыс істейді. 95 пайызы жергілікті, зауыттан бір шақырым қашықтықта орналасқан Сарайшық ауылынан. Жұмысшыларымыздың барлық жағдайы жасалған: ауылмен екі ортада қызметтік көлік жүреді, үш уақыт тамақпен қамтамасыз етеміз, сырттан келгендерге жатақхана береміз. Орташа еңбекақылары 75-80 мың теңге. Сүт өнімін көбейткенде жұмысшы саны 70-ке жетеді деп жоспарланып отыр.

«Бұл біздің отбасылық бизнесіміз»

«Сарайшық» зауыты 2014 жылдың басында ашылды. Құны 1 млрд теңге. Оның 51 пайызын өзіміз шығарсақ, 49 пайызын облыстық «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы алты пайыздық несиемен алдық. Біз құрылтайшы үлесін өтедік. Қазір зауыт 100 пайыз өзімізге тиесілі. Бірақ, ай сайын мемлекетке берген несиесін қайтарып отырамыз. Табысымықа 18-20 пайызды құрайды.

Сарайшық сүт ірімшік зауыты

Зауыттың өзі 3 гектар жерде орналасқан. Ал, шаруашылықтың жалпы ауданы 600 гектар шамасында.  Бұнда алма бақтары, ешкі, бал шаруашылығы, көкөніс, жүзім, егін сынды алты түрлі шаруашылық бар. Ешкінің шем-жөбі егін шаруашылығында даярланып, оған өзіміздің алма бағынан алма мен көкөніс бақшасынан сәбіз қосылады. Ал, сүт өнімдерін шығарарда қанттың орнына бал қосамыз. Барлығы бір-бірімен байланысты.

Бұл біздің отбасылық бизнесіміз. Әкем Розметов Владимир еліміздің атақты аграрийі. Ол бұл шаруашылықтың негізін 2005 жылы қалады. Алғашқыда 150 гектар жерге алма бақтарын өсірдік, Махамбет алма бағын қайтадан қалпына келтірдік. Айналасына жасанды көл қазып, онда балық өсірдік. Біз бәрін кішкентайынан бастаймыз. Балықты өсірген соң, сол жерге демалыс аймағын салдық.

Атырау облысында ауыл шаруашылығы көш бастап тұр. Соңғы үшін жылда  18 кәсіпкерлікке эксплуатация жасалған. Ол сүт өнімдері комплексі, көкөніс, құс фабрикалары. Солардың бірі – «Сарайшық» ешкі сүтінің зауыты.

«Мотивацияны қайдан аламын?»

Тамила Розметова
Сурет: © szh.kz

Айттым ғой, ауылда шаруашылық жүргізу үшін мол күш-қайрат керек. Мысалы, менің әкем түнгі 2-де жұмыстан келіп, таңғы 6-да тұрады. Мен оған күшті қайдан аламын? (Ойланып қалды). Бәлкім, кішкентай кезімнен еңбекке араласып өскенімнен шығар… Басында, әрине, бұл жұмысты басқару қиынырақ болды. Бір жағынан қарасаңыз, мен жас қыз, аграрий ретінде әрқашан ауылда, шөп-шалаңда, ешкілердің арасында болуым керек. Алайда, Қазақстанның брендін шығаратынымызды, елдегі жалғыз ешкі сүтінің зауытын жүргізетінімді ойласам, барлық жағымсыз ойлар сейіліп кетеді. Оның үстіне, мемлекет қолдау көрсетіп жатыр. Еңбегіміз ескерусіз қалып жатқан жоқ, бастысы. Қазір қалалық мәслихаттың депутатымын (күлімдеп).

Жас аграрийден кеңес:

– Әрқашан кішісінен бастау керек. Мысалы, сіз қандай да бір көкөніс пен жеміс-жидек өсірмек болсаңыз, бірден 100 гектар жердің қажеті жоқ. Бірінші 5-10 гектар жер алыңыз. Соны игеріп көріңіз, тәжірибе жинаңыз. Қолыңыздан келсе, кеңейтіңіз.

– Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға әрқашан да қолдау білдіреді. Түрлі бағдарламалар бар. «Атамекен», «Даму» қорларына, кәсіпкерлер палатасына жүгінуге болады. Бастапқы қаражатыңыздың болуы міндетті емес, бастысы мақсатыңыз айқын болуы керек.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Әнуар Әбілғазиев

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу