Қазақстан әлемдік жемқорлық рейтингінде 17 орынға көтерілді

Алматыда жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі отырыс барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Әлік Шпекбаев еліміздің әлемдік жемқорлық рейтингінде 2014 – 2016 жылдар арасында 17 орынға көтерілгені туралы баяндады, деп хабарлайды Today.kz тілшісі. Дереккөз: today.kz

Сыбайлас жемқорлық

Осы уақытқа дейін жемқорлыққа қатысты бес мың оқиға анықталған. Оның 10%-ы – аса ауыр қылмыстар. Қазір елімізде жемқорлықты азайтуға бағытталған 59 заң қолданыста. Соның нәтижесінде, 2016 жылдың тоғыз айы ішінде Алматыда жемқорлық әрекеттері үшін 871 лауазым иесі жауапқа тартылды.

“Біздің елде жемқорлық деңгейі тым биік болғандықтан, біз әлем бойынша 123 орынды иеленіп отырмыз. Алайда, жүргізіліп жатқан жемқорлықпен күрес саясаты арқасында 2014 – 2016 жылдарда біз 17 орынға көтерілдік. Заң бұзушылық әкімшіліктерде де бар. Жемқорлықтың ең төменгі деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында. Алматы әкімшілігі құрамындағы жемқорлық жайлаған бағыт – тұрғын үй құрылысы”, – деді Әлік Шпекбаев.

Алматы әкімі Бауыржан Бәйбек қалада жемқорлықпен күрес жұмыстарының белсенді жүріп жатқанын мәлімдеді. Ол Алматы көшелерінде 700 бейнекамераның орнатылып, жүйенің тиімділігін арттыру үшін қосымша жабдық алу қажеттігін айтты. Қала бойынша 4 миллиард теңге көлемінде айыппұл жиналған.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу