Мектепте математика, физика пәндерін сүйіп оқыдым. Математикадан беретін Сусар деген ағай сабақта маған қиын есептер беріп, сынай беретін. Өзімді сол кісіге дәлелдеуге тырысып, дайындала бердім. Екінші математик Нұртас ағайдан қосымша сабақтар алып жүрдім. Бірде сабақ үстінде ұстазым тақтаға шығарып, тапсырманы үймелеп берді. Соңында мен шешпеген есеп қалмады. Бұл «жеңісіме» сыныптастарымның барлығы қол шапалақтап, қолдап кетті. Бұл менің «өмірлік мектебімнің» бір сабағы еді.

Нұрбек Құлышев, NewGen Electical компаниясының бас директоры
©SZH.kz

Болашақта информатик боламын деп армандадым. 11-сыныпта оқып жүргенімде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша информатикадан сайт жасау бойынша жарыс өтті. Бұл кезде сайт жасау бізде дамымай тұрған сала еді. Жарыстан жүлделі орын алмасам да, ынталандыру сыйлығына ие болып қайттым. Мұның өзі маған үлкен шабыт берді. Мектеп бітірген соң, білім іздеп Алматы қаласына жол тарттым. Өзім армандаған мамандық бойынша Қ. И. Сәтпаев атындағы техникалық университетке оқуға тапсырдым. Алайда мен қалаған мамандық емес, үшінші таңдау – электроэнергетика мамандығына грант алдым. Көңіл-күйім жоқ. «Мен компьютерді жақсы көремін ғой. Неліктен электрик?» деп әуре-сарсаңға салынғаныммен, амал жоқ, көндім. Әкем тәрбие ісінің меңгерушісі, анам саз мектебінде музыкалық аспаптардан сабақ үйретеді. Оларға салмақ түсірмейін деген ниетпен, мемлекеттік грант арқылы төрт жыл білім алуды жөн көрдім.

Нұрбек Құлышев, NewGen Electical компаниясының бас директоры
©SZH.kz

Ауылда жүргенімде компьютердің  әр тетігін шұқылап, қалай жөндеу керектігін үйреніп алған едім. Студенттік шағымда соның көмегі көп тиді. Біздің курста 120 студент болды. Солардың жартысынан көбінің компьютерін жөндеп беретінмін. Ең азы 1000 теңге, жоғары дегенде 3000 теңге еңбекақы алатынмын. Әркімнің үйіне барамын деп ит қауып алу тәрізді қызық оқиғаларға кезігетінмін (күледі). Менің клиенттерім аз болмады. Достарым, олардың таныстары, туыстары, кейіннен өзімізге сабақ беретін мұғалімдер де ноутбук, компьютерлерін маған жөндететін болды. Олар маған сабақ бойынша көмектесеп, өздеріне жақын тарта бастады.

Мендегі қасиет – бастаған істі аяқтамай қоймаймын. Анамнан бір жаққа бару үшін жібермесе де, келісімін бергенше сұрана беретінмін. Әрдайым дегеніме жетуге тырысамын. Қарап тұрсам, бұл бала кезімнен қалыпқасқан екен.

2007 жылы біздің елге АҚШ-тан арнайы ноутбуктар келе бастады. Алматыдағы компьютерді жөндейтін орындар оларға операциялық жүйені қондыра алмапты. Мен оны қалай жөндеу керектігін білмесем де, үйіме алып кеттім.  Бір-екі сағаттан ғана ұйықтап, бітіру керек жұмысты үш күн ішінде орындап шықтым.

Нұрбек Құлышев, NewGen Electical компаниясының бас директоры
©SZH.kz

Сөйтіп жүргенде төрт жылдық оқу мерзімі өте шықты. Университетті бітірдім. Жұмыс жоқ. Барған жерімнің барлығы еңбек тәжірибесін сұрайды. Ал тәжірибесі жоқ электрикті ешкім қажет етпейді. Сонымен амал жоқтан барахолкаға бардым.

Директорлыққа дейін…

Барахолкада сыныптасымның қасында тұрып, екі аптада ұялы телефон жөндеуді үйрендім. Біраз уақытқа дейін осы кәсіппен күніне 5-10 мың теңгеге дейін табыс тауып жүрдім. Бірақ «төрт жыл бекерге оқыдым ба?» деген сауал маза бермеді. Сонымен жұмыс іздеуді қайта бастадым. HeadHunter сайтына түйіндемемді салдым. Менде енді таңдау туды: Элитстрой, Алатау жарық компаниясы және Билайн компаниясына сұхбатқа шақырылдым. Менің таңдауым Алатау жарық компаниясына түсті. Бұл компания мен үшін үлкен мектеп болды. Қасымда жүрген ағаларым менің құлшынысымды көріп, осы салаға жақсылап баулыды. Бұған дейін ешкімге жоқ дей алмайтын, әркімге жол беріп жүретін жұмсақ адам болатынмын. Бұл орта мені мінез жағынан тәрбиеледі. Жұмыс тәжірибесі бойынша бес жылдан бастап тағайындалу керек болса да, екі жыл ішінде бас маман қызметіне дейін көтерілдім. Жалақым жоғары болды. Дегенмен, өзімнің уақыт жоғалтып жатқанымды сезе бастадым. Себебі екі жылда алатын тәжірибе, керекті білімді жиып болған едім.

Нұрбек Құлышев, NewGen Electical компаниясының бас директоры
©SZH.kz

Содан екінші компанияға менеджер болып жұмысқа тұрдым. Үш ай ішінде 120 мыңдық менеджерліктен, 350 мыңдық жалақысы бар бөлім бастығы қызметіне көтерілдім. Аз уақыттан соң, ол жерден де жалыға бастадым. Содан маған «Неге өз компаниямды ашпасқа?» деген ой келді. Алматы қаласының, облысының қандай жерлері бар?”, “қай жерден компания ашқан тиімді” дегеннің анық-қанығын АЖК-дағы қызметім кезінде біліп алдым. Бірден өзіме серіктес іздедім. Сөйтіп жүргенде Табысбек деген ағаймен таныстым. Ол кісі бұрын осы іспен айналысып көрген. Бірақ жұмысы алға баспай, оны тоқтатып қояды. Табысбек ағаймен ақылдасып, компаниясын өз қолыма алдым. Не кеңсесі, не жұмысшысы жоқ, бірде-бір тапсырыссыз компанияны өзім тұрғыза бастадым.

Компания тынысы

Алғашқы тапсырыс бойынша үлкен сомаға келісімшартқа отырдым. Ол кезде лицензия жоқ. Анадан-мынадан құрастырып, документтерімді жинақтап, алғашқы табысыма Талдықорғаннан лицензияны алып қайттым. Сөйтіп 2013 жылы NewGen Electrical компанияcын аштым. NewGen Electrical Алматы қаласы бойынша жеке компанияларға, үй, бизнес орталықтарының ғимараттарына электр энергетикасын жүргізумен айналысады. Көшелерге кабель, трансформатор қоямыз. Алғаш қызметімді бастаған орын, Алатау Жарық компаниясы, соны қабылдайды. Қазір штатта 30 қызметкерім бар. Компанияда жоба бойынша және құрылыс монтажы бойынша екі бөлім жұмыс істейді. Іс жолға қойылды. Менің қызметім – жаңа клиенттерді тауып, олармен келісімшартқа отырып, жұмысты жүргізіп отыру.

Жұмыс таба алмай жүргенімде «екінші жоғарғы мамандықты алсам ба?» деген ой келді. Информатиканы қайтадан оқып, бала кездегі арманымды орындасайын деп те талпынып көрдім. Бірақ тағы екі жыл оқып, жастығымды жоғалтқым келмеді. Бұл – менің жалындап тұрған шағым.

Бұлай ойлауыма әке-шешемнің берген тәрбиесі әсер етті. Екіншіден, математикамен дос болғаным өміріме көп көмегін тигізді деп ойлаймын. Техникалық университте оқығандықтан, айналамдағылардың барлығы математиканы жақсы білетін балалар болды. Олар өте алғыр болатын. Балаларымды да математикаға баулығым келеді. Өмірде бір түйгенім, кез келген қиындықты жүрекке жақын алмау керек екен. Қиындық тізбек тәрізді. Оны қиындық деп білсең, жалғаса береді. Қорықпай, мәселеге макро планмен қарамауды үйрену керек. Осы уақытқа дейін аз шалыс баспаппын.

Шыңдалу жолы

Компания жұмысын алға қойған жылы электр энергиясын тартып беруге бір мекемемен келісімге отырдым. Жұмысты аяқтап бітіре алмай жатырмын, айыппұл өте үлкен. Бір көшені қазып өту керекпіз. Ал бізде рұқсат жоқ. Содан көзді жұмдық та, қазып өттік. Мұның артынан үлкен проблема ілесіп келді. Бізді лицензиямыздан айырмақ болды. Ары-бері сабылып, ақыры ебін таптық. Адам өзіне ненің қайырлы, пайдалы екенін білмейді екен. Тек Алла Тағала ғана бәрін біледі. Бізге тек дұрыс таңдау жасай алу керек. Басында үлкен команда дайын болмады. Мамандарды тәрбиелеп үлгермедік. Бас директор деген атым болмаса, 110 мыңдық қосалқы станцияға кіріп, қызметкерлермен бірге жұмыс істеп кететінмін. Ең алғашқы жобамыздың бірі Алматы әуежайына қондырғылар орнату болды. Қызметкерлердің көпшілігі жауапкершіліктен  қорқады. «Бұл үлкен әуежай ғой. Бұдан қателессем не болады?» деген тәрізді үрейлерін жасырмайтын. Сол үшін де өзім осы іс аяқталғанша, басы-қасында жүрдім.

Мектепте «Тазша бала» тәрізді қойылымдық рөлдерді сомдайтынмын. Адамдарды сендіру сол кезден қалыптасқан сияқты (күледі). Алдымен алғашқы тапсырыс берушіміді сендірдім, кейіннен портфолио ретінде сол жұмысты көрсетіп, өзгелеріне бізге сенуге болатындығына иландырдым. қазіргі уақытта  ЖЫЛЫНА 30-40 жобаны жүзеге асырамыз. Үш жылда тапсырыс санын он есеге көбейттік.

Қазіргі уақытта тек энергетика саласында кәсіп жүргізгім келмейді. Ауыл шаруашылық өнімдерін өсіретін жылыжай салуды жоспарлап жүрмін. Енді оған қолайлы орындар іздеп жатырмыз. Келесі жылы соны жүзеге асырсақ дейміз. Адам жан-жақты болуы керек. Тек өзіміз ғана табыс таба бермей, қолдан келсе, жақындармызға да жұмыс тауып берген абзал. Қазіргі компаниямды көзді жұмып қойып бастап кеттім. Келесі бизнесімді бүге-шүгесіне дейін ойластырып, ұйымдастыруды көздеп отырмын.

NewGen Electical компаниясының ұжымы
NewGen Electrical компаниясының ұжымы. ©SZH.kz

Әкемнің үлкен ақылы

Алдымдағы екі ағам университетті ақылы бөлімде оқыды. Олардың оқуының ақысын төлеу үшін ауылдағы үлкен бақшаны баптадық. Әкем: «Нұрбек, оқымасаң, осыны сен баптап, бағасың» дейтін. Кішкентай кезімнен бұл маған үлкен қамшы болады. Содан бақша суарғанша, оқығаным артық деп, білім ізденетінмін. Өзіме ұнамайтын даяшы болу, көлік жуу т.б. тәрізді іспен айналысып көрмедім. Табысымды тырмысып жинап та отырмадым, тек игіліктерге жұмсауға тырыстым. Ата-анама, бауырларыма көмектесуді жақсы көремін. Миллионер болуды емес, пайдалы іспен айналысуды мақсат ету керек. Қарап отырсам, 2009 жылдан бері демалыс алып көрмеппін. Ұзақ дегенде 4 күнге демаламын. Қазіргі уақытта менің орнымды баса алатын адамды дайындап отырмын. Осы уақытқа дейін бір адамды дайындадым. «Семіздікті тек қой көтереді» дейді ғой. Оны даярлап жүріп, үлкен сомада айлық беріп отырдым. Уақыт өте келе ол менің қалтамдағы ақшамды санай бастады. Ақыр соңында оны жұмыстан шығарып жібердім. Мен оған 9 ай еңбегімді жұмсаған едім. Қазір басқа қызметкермен жұмыс істеудемін. Бір түсінгенім, адам баласының адалын, тектісін таңдай білу керек екен. Құнанбай доңыз басқан жерден жылқы алдыртпаған, Абайды анасы дәретсіз емізбеген. Тектілік деген осында. Адамның арлы, адал болмағын оның әрекеттеріне бақылай білу керек екен.

Электр энергетикасына төлем неге қымбаттады?

Тарифтерді бектететін монополия агенттігі бар. Біз ақыны электр энергетикасына тікелей төлемейміз. Мысалы, Алматы қаласын алатын болсақ, электр энергиясы төрт компания арқылы өтеді. Біріншіден, Екібастұзда электр энергиясы шығады. Сонымен KEGOC ұлттық компаниясы арқылы Алматыға дейін жеткізіледі. Ол Алатау Жарық компаниясы арқылы таратылады.  Соңында Алматы ЭнергоСбыт ЖШС арқылы сатылады. Осы аталған шығаратын, жеткізетін, тарататын компаниялардың орындары ескірген. Сол жерлерді дамыту үшін тарифтерді қымбаттатып отыр. Қажетті құрылғыларды шетелдерден алу керек. Осылайша оның өз бағасы қымбаттайды. Мемлекеттен көмек жаңа аудан салу кезінде көрсетілуі мүмкін. Бірақ бізде 1956 жылдан бері келе жатқан кабелдер бар. Жергілікті постанциялардың көпшілігі жөндеуді қажет етіп тұр. Осылардың себебінен тарифтерді қымбаттату қажеттілігі туындап отыр.

Кәсіпкердің бір күні

Менде үлкен жобалар бар болғандықтан, әрдайым күтпеген кездесулерге, жиналыстарға жиі барамын. Қазір үш жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Жұмыс уақыты таңертең 8-де басталып, ерте аяқтадық дегенде кешкі сағат 7-де бітіреміз. Түнгі 12-ге дейін жұмыс істейтін кездеріміз болады. Жұмысшыларыма кімнің не істейтіндігін жазып, белгілеп беремін. Объктілерді өзім тексеріп, қадағалаймын. Алматыда ірі компаняилардың ортасы шағын ауыл тәрізді. Біздің жұмысымызды өсіретін де, өшіретін де – осы кішкентай ғана топтың пікірі. Сондықтан әр тапсырысты жоғары деңгейде орындауға тырысамыз.

Нұрбек Құлышевтан 5 кеңес

  1. Адалдық. Өмірге, өзіңе, жаныңдағы достарың мен серіктеріңе адал болуың керек. Онсыз алысқа бара алмайсың.
  2. Сенімділік. Біреуді алдап, бойға сенімділік жыя алмайсың.
  3. Бизнес-жоспар жаса. Мен өз ісімді бизнес-жоспарсыз бастадым. Өйткені бұл салаға іші-сыртын, қыры мен сырын біліп келген едім. Болашақты дұрыс бағдарлау үшін, нақты жоспарыңды қазірден бекіт.
  4. Істеген ісіңнен ұялма. Қажет болса, базарғаға шық. Жарнамаң қажет болса, оны өзің тарат. Өз ісіңнің жанкүйері бол.
  5. Кәсібіңді бастамас бұрын іскер адаммен ақылдас. Тәжірибелі адамның кеңесі сауатты талдау жасауыңа көмектеседі.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Дарын Шөкенов.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

4 пікір

  1. Ісің өрге бассын.Екі дүниеде де бақытты бол.Сені үлкен биіктерден көре берейік.

  2. Алда талай биик шындарды багындыруына тилектеспин.Жас урпакка улкен улги бол.

  3. Мамам айтқан 10 сынып битиргенде “Қызым алдыда үлкен сынақ ЕНТ бар. Дайындал. Өтпесең оқуға бармайсың менің боғымды тазартып отырасың үйде деді”. Барлық жарыстан бас тарттым күн түні дайындалдым. Сөйтіп ЕНТ дан жақсы балл алып грантқа түстім ғой. Қазір шүкіршілік.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!