Айбек Нұғымаров «Түйе балуан» атанды

Оңтүстік Қазақстанда қазақ күресінен дәстүрлі Қажымұқан атындағы халықаралық турнир өтті. Осымен 52 рет ұйымдастырылған жарысқа елдің мықты балуандарының барлығы дерлік қатысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. Дереккөз: Baq.kz

Айбек Нұғымаров

Халықаралық турнир  сегіз салмақ дәрежесі бойынша өткізілді. Ал Түйе балуан сайысына 30-дан астам спортшы қатысты. Олардың қатарында Моңғолиядан келген Алтынгерен, өзбек балуаны Мухсин Хисамиддинов, «Қазақстан Барысы» жүлдесінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов, Айбек Нұғымаров, жүлдегерлері Руслан Әбдіразақов, Ержан Шынкеев, Асыл Барменов болды.

Командалық есепте бірінші орынды Қарағанды облысы иеленді. ОҚО мен ШҚО жүлделі екінші-үшінші орындарды бөлісті.

Финалда Айбек Нұғымаров пен Ержан Шынкеев белдесіп, жамбас ұпайымен шығыс балуаны жеңіске жетті. Жеңімпазға 1 миллион теңге мөлшерінде сыйақы берілді.

Түйе балуан иегерлері:

1-орын. Айбек Нұғымаров (Шығыс Қазақстан облысы).

2-орын. Ержан Шынкеев (Қарағанды облысы).

3-орын. Еламан Ерғалиев (Қызылорда облысы).

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сыйлықты жарысты ұйымдастырушы, облыстық қазақ күресі қауымдастығының төрағасы Полат Қырықбаев пен Ордабасы ауданының әкімі Алмасбек Мамытбеков тапсырды. «Қажымұқан» қоғамдық қоры мен «Қазақ Хан батырлары» қоғамдық қоры өздерінің медальдарын тапсырды. «Қажымұқан» медалімен осы турнирдің бірнеше мәрте абсалютті жеңімпазы Қуат Байқожаев пен «Қазақстан Барысы» жүлдесін үш рет қатарынан жеңіп алған Бейбіт Ыстыбаев та марапатталды.

Айта кетейік, Айбек Нұғымаров — самбошы, түйе балуаншы және қазақ күресінің балуаны ауыр салмақта халықаралық спорт шебері. Қазақ күресінен Қазақстан чемпионы. Ол 1987 жылы 3 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылында дүниеге келген. Қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы (2008 ж., 2010 ж.), қазақ күресінен Азия чемпионы (2008 ж.), қазақ күресінен әлем кубыгінің иегері (2011 ж.), қазақ күресі чемпионаттарының жеңімпазы, Самбодан Қазақстан Республикасының жеңімпазы (2012 ж.). Қазақстан Республикасының Президент күніне орай өткен жарыстың жеңімпазы. Осы жарыста “Қазакстан Барысы” атағын алды (2013 ж.). Сонымен қатар, Айбек Нұғымаров – “Әлем барысының” 2-орын иегері.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!