Тараз фильмі

«Тараз» – еліміздегі криминалдық оқиғалардың желісін арқау еткен фильм. Оның атауы мен эпилогы Таразда басталады демесеңіз, түсірілімнің басым көпшілігі Алматыда өткен. Оқиға желісі қиын жағдайға тап болған қарапайым адамдар жайлы. Достық, адалдық, батылдық, намыс сияқты қасиеттерді таразылайды.

Еркебұлан Дайыров Тараз фильмі

Негізгі кейіпкерлер – өмірден жеңілген үш жігіт. Сапар ажырасқан, жалғыз қызығушылығы боксты да тастап кеткен, әйелімен бірге кеткен ұлы бар. Ұлы өгей әкемен тұрып жатса да, туған әкесін бір сәт естен шығарған емес. Бұдан шығатын мораль – ұл балаға туған әкеден өзге адам керек емес. Оны айырбастауға болмайды. Ал, боксты тастап кетуіне жекпе-жектегі әділетсіздік себеп болды. Төреші қарсыласының қолын көтергенде Сапар спорттан кетуге шешім шығарады. Бұл оның эмоциясынан-ақ білінді. Әрине, бұл жерде актердің шеберлігін айтпай кетуге болмас. Бұл рөлді Еркебұлан Дайыров сомдайды. (Сомдағанда қалай деңіз!) Дайыров барлық жан-тәнімен Сапарға айналды. Түрі, мимикасы, көздеріндегі мұң – бәрі де шынайы. Көпшілік көрерменнің көңілінен шыққан бірден-бір кейіпкер осы десек, артық емес.

Нұртас Адамбай Тараз фильмі

Нұртас Адамбаев – екінші кейіпкер – Айдар. Байдың баласы, алайда министр ағасының көлеңкесінде қалып кеткен. Бәрі сонымен салыстырады. Ата-анасы «Қашан жұмыс табасың?» деген сауалмен құлақ етін жей берген соң, бір қызметке (мемлекеттік қызмет болуы керек) тұру үшін конкурсқа құжаттарын жіберіп қойған. Бәрін тамыр-таныс арқылы шешіп үйреніп қалған әке-шеше баласының одан сүрінбей өтетініне сенімсіз. Айдар Сәуле деген қызға (Кәмшат Жолдыбаева) құда түседі, той уақыты белгіленген.

Асан Мәжит Тараз фильмі

Үшінші кейіпкер – Асан. Оның інісі мен ауру анасы бар, сүйген қызын досы айналдырып алды деп ойлайды. Жүйкесі жұқа, өте ашуланшақ, демікпесі бар жігіт. Жұмыс істеп-істемейтіні белгісіз. Бұл образдың актері өз рөлін тура тапқан. Асан Мәжит. Көпшілік халыққа «Вузеры» көпсериалы комедиясымен таныс болған ол драмалық жанрда да көрерменін сендірді. Ашуы жанарынан ұшқындап, бетінің тамыры білтеленіп, қызға ұрсып, қол көтергені боямасыз шыққаны соншалықты, экран сыртында отырған сіз оны жек көріп кетесіз.

Фильм желісіне арқау болған оқиға осы Асанның «кесірінен» басталады. Анасының дәрісіне ақша таба алмай жүрген ол достарымен түнгі клубқа келіп, әжетханасында байдың баласымен (Жандос Айбасов сомдайды)  ұстасып қалады. Қайғылы аяқталған ерегес Асан мен оның достарының өмірін 90 градусқа бұрады. Экс-рэкетир, қазіргі бай әке өлген ұлының кегін қайтару үшін үшеудің артына жігіттерін салады. Бұл аз болғандай, үшеудің ізіне Айдардың болашақ енесі де кісі салады. Себеп: тойдан қашып кетіп, әулеттерін мазақ еткені үшін.

Тараз фильмі
Ұлынан айырылған экс-рэкетир

Фильм криминалдық драма деп жоғарыда айттық. Алайда, сәтсіз драма. Барлық криминалистиканы боқтық сөздерді қарша боратумен берген. Ол сөздер арнайы дыбыстармен өшіріліп тұрса да, тек бір сөз ғана цензураға бағынбаған. Режиссер шешімі. Осы сөзді естіген сайын залда отырған көрермен жігіттер мәз болды, іле-шала дауыстап қайталағандар да табылды. (Нұртас Адамбайдың «Сәбина Келін -2» фильмінде әжетханаға қатысты кадрда жұрт залды басына көтеріп күлген еді. Осы жерде бір психологтың «адамның не нәрсеге күлетініне қарап, танымын байқауға болады» дегені ойға оралды. Мәдениет?). Хош, фильмге оралайық. Күлкі тудырған сценалардың бірі – атыс-шабыс. Сценаристің ойынша (ол Нұртас Адамбайдың өзі) фильмнің бұл жерлері аянышты шығуы керек еді – трагедиялы. Алайда, көрерменге олай әсер етпеді, олар жылаған жоқ, керісінше күлді. Себебі баяу дамып келе жатқан оқиға шорт кесіліп, бірден қорытындыға өтіп кетеді.

Үшеуді рэкетирдің адамдары мен ашулы ененің жіберген екі жігіті бір мезетте тауып, аяқ астынан бәрінің астаң-кестеңін шығарды. (Бұл әдісті көбінесе «Жайдарманда» қолданады. Оларда қойылым уақыты шектеулі болғандықтан, кейіпкерлерін аяқ астынан өлітіріп, бірден қорытындыға көшеді). Содан болар, көрермен күлкіден езу жиған жоқ, әсіресе жігіттер жағы. Фильмнің соңы ешбір боямасыз трагедия. Онда тек мықтылар ғана аман қалады. Олар кім дейсіз ғой? Ашулы ененің екі жігіті. Олардың әдісінің алдында атышулы рэетирдің адамдары дәрменсіз болып қалды. Бір көрермен «Сонда бәрі қыз үшін болған ба?»- деп қалды. Орынды сұрақ. Себебі, фильмнің басынан-аяғына дейін үшеудің қолында тұтқын қыз (Гүлназ Жоланова) болады. Жоланова қашанда өз репертуарында. «Таразда» да ақылды, салмақты, әрі аңқау қыз образын алып шықты.

Гүлназ Жоланова Тараз фильмі

Фильмде жанарға жас үйірер сәттер жоқ деуге болмас. Әсіресе, Асанның інісі ауру анасы үшін дәрі ұрлап келетін тұсы ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Ана мен баланың осы диалогында ұрлық жасаудың дұрыс еместігі туралы мораль айтылады.

Бір жарым сағатқа созылған фильмге музыкалық әрлеу жетіспеді. Олай дейтініміз, соңында ғана Ғалымжан Молданазардың бір әні орындалады. Бұл да режиссердің шешімі болар дедік. Криминалдық туындыға музыка қажет деп санамаған шығар.

Тараз фильмі

Фильмнің басынан-аяғына дейін жарқ еткен кадр байқамайсыз. Күңгірт. Адамдардың бәрі сұрғылт, қара, қоңыр киінген. Құдды, КСРО кезі сияқты. Киімдерге қарап, фильмде 90-жылдар түсірілген дейін десек, ондағы бай баласының мінгені «Гелендваген», клубта Ninety One «Айыптама мені» деп айқайлап жатыр. Соңғы кезде бұндай күңгірттікті Жасұлан Пошановтың «Шлагбаумы» мен Ернар Нұрғалиевтің «Өгей жүрек» сериалынан байқаған едік. Трендке айналып бара жатыр ма, қалай?

Нұртас Адамбайдың айтуынша, «Таразды» түсіруге 400 мың доллар қаражат жұмсалған. Сондықтан болар, туындыда тек танымал актерлер ғана ойнайды: Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Гүлназ Жоланова, Кәмшат Жолдыбаева, Жандос Айбасов, Қуаныш Керімқұл, Ербол Садырбаев, Гүлбаһрам Байбосынова, Нұргүл Мыңғатова, Нұржан Садыбеков. Бұл арқылы Адамбаев ұтып отыр. Себебі, криминалдық жанрға қызықпайтындар осы актерлердің ойынан көру үшін де билет алады.

Тараз фильмі Кәмшат Жолдыбаева
Кәмшат Жолдыбаева Айдардың қалыңдығы – Сәуленің рөлін сомдады
Жандос Айбасов Тараз фильмі
Жандос Айбасов экс-рэкетирдің баласы рөлінде

«Тараз» фильмі коммерциялық жоба болғандықтан, одан белгілі бір мән-мағына іздеп, тарихи-мәдени, ұлттық құндылықты насихаттайтын элемент талап ете алмаймыз. Десек те, туындыдан режиссердің көрерменге жеткізбек болған ойларын түртіп шығуды жөн көрдік:

  • Дос таңдағанда қателеспеу. Оны таңдадың екен, соңына дейін адал болу керек;
  • Тамыр-таныссыз да жұмысқа тұрып, конкурстардан өтуге болады;
  • Еш нәрсенің байыбына бармай, кек сақтауға болмайды.

kino.kz порталының мәліметінше, Нұртас Адамбайдың бұл фильмі жарыққа шыққан бір аптаның ішінде 10 баллдық жүйенің 7,65-ін жинаған. Фильмнің алдағы аптаның соңына шейін көрсетілетінін ескерсек, әлі де рейтинг жинай түсуі бек мүмкін. Оның үстіне, baq.kz порталының хабарлауынша, туынды алғашқы 4 күннің ішінде 85 миллион теңге табыс әкелген.

 

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!