TED және TEDх деген не?

Мен TED-ті ғылыми ортаны қалыптастырушы платформа деп түсіндірер едім және ол әдеттегідей емес, әрбір мәселеге басқаша бір қырынан қарайтын орта. TED – ағылшын тіліндегі технология, көңіл көтеру және дизайн деген сөздерінің қысқарған формасы. 1984 жылы Калифорнияда бірінші TED конференция өткен. Қазіргі TED – сол конференция негізінде құрылған үкіметтік емес ұйым. Әртүрлі тақырыптарға байланысты: ғылымға, білімге, бизнеске байланысты TED конференция жылына екі-үш рет өткізіледі. Мұнда әлемнің ең мықты спикерлері келіп өз баяндамаларын ұсынады. Ғылыми-конференциядан ерекшелігі: сөйлеушіге ең көбі 18 минут беріледі. Олар ғылыми тақырыптарды адам көңілін көтере отырып, күлкі сыйлау арқылы немесе белгілі бір эмоцияға жетелеу арқылы баяндауды мақсат етеді. Не үшін? Адамдардың есіне оңай сақталу үшін.

©SZH.kz
©SZH.kz

TED-тің осы форматын ұнатқаннан кейін адамдар өз елдерінде, қауымдастықтарында да осындай конференцияларды өткізуді қалай бастады. Сөйтіп TEDх деген атау пайда болды. Бұл – жергілікті адамдардың үлкен TED-тен бөлек өздері ұйымдастыруына болатын іс-шара. Әлемде TEDх ұйымдастырушылар өте көп. Қазақстанда да бар. TEDх Almaty, TEDх Astana, TEDх Kimep, TEDх SDU және т.б ұйымдасытырлып келеді. Мысалы, TEDх Cұрақ-Жауап деп ашсаңыздар да болады. Әркім өз қалауынша. Ол үшін кез келген адам ted.com сайтына кіріп, «TEDх ұйымдастырғым келеді» деп парақшадағы сауалнаманы толтырып шығады. Оны қабылдаған ұйымдастырушылар бірден хабарласып, шараны өткізуге байланысты өз кеңестерін береді. Олардың арнайы елшілері бар. Оған дүниежүзі бойынша төрт адам таңдалады. Соның бірі – біздің елдегі ұйымдастырушы Лариса Пак. Ол Шығыс, Оңтүстік Азия елдеріне жауап береді. Ларисаға тек Азия елдерінен ғана емес, әлемнің түпкір-түпкірінен TEDх -ті ұйымдастастырушылар хабарласып, кеңестер алып отырады. Бұл Ларисаның кәсіби ұйымдастырушы екендігін көрсетеді. Сол үшін біз де TEDх Almaty-ны жоғары деңгейде өткізуге тырысамыз.

Барлық Мендіғазиев
TEDх Almaty спикері – Барлық Мендіғазиев

Бұған дейін TED Қазақстанда танымал болмады. Себебі бізде интернет дамымаған еді. Әдетте ғылыми нәрсенің барлығы тегін ұсынылмайды. Ғылыми журналарды, ғылыми деректі фильмдерді сатып алу керек. TED алғашқы сәттен бастап өз видеоларын бірден сайтқа салды. Бірақ олар тек ағылшын тілінде болатын. Содан аудармашылар пайда болып, видеоларды өз тілдеріне аудара бастады. Бұл TED-тің басқа елдерде ұйымдастырылуына жол ашты.

TED-тің ішінде бөлек жобалар бар. Олар: TED-аудармашылар, TED-кітап, TED-үміткерлер және TED-жүлде. TED-жүлде жылына бір ғана адамға өзінің жобасын жүзеге асыру үшін қомақты ақша ретінде беріледі.

TED қазаққа не үшін керек?

Бұл – ешқандай да коммерциялық жоба емес. TED өз айналасына қоғамға бей-жай қарамайтын адамдарды топтастырады. Пайда көздемейді. Оны ұйымдастыруға адамдар өз еріктерімен көмектеседі. Бір артықшылығы: TEDх спикерлері, көрермендері мәселеге ғаламдық деңгейде қарай алады. Өйткені TED-ке шығатын баяндамалардың барлығы алдын-ала іріктеледі. Баяндамашылар көпшіліктің алдына шығып сөйлеу үшін бір жыл көлемінде дайындалады. Оның әрбір сөзі, дауысының ырғағы қандай болуы керек деген міндеттемелерді алдына алып, үлкен ұжым жұмыс істейді. Спикердің презентациясы қандай болады? Жарықты қайдан түсіреміз деген тәрізді ұйымдастырылудың қамы алдын-ала жасалады. Себебі бұл видеоға түсіріліп, әлемге тарайды.

TEDx Almaty, ұйымдастырушылар
TEDx Almaty 6-конференциясын ұйымдастырушылар

Қазақ тілді спикерлерді дайындау – менің міндетім. Көпшіліктің пікіріне қарағанда, биылғы TEDх қызықты өтті. Алты жылдың ішінде адамдар бұл жобаны тани бастады. Біз енді TEDх көрермендеріне таңдау жасаймыз. Кез келген адам конференцияға «менде 5 мың теңге бар» деп, киноға билет алғандай келе бермейді. Себебі барлығына бірдей ғылыми конференция қызық болмауы немесе оның идеясын түсінбеуі мүмкін. TEDх көрермені болғысы келетін адам өзінің не үшін көрермен болғысы келетіні туралы сауалнама толтырады. Сол бойынша оларды іріктеп аламыз. TEDх санға емес сапаға назар аударады. Бұл жолы Лариса Пакқа үлкен TED-тің сенім білдірілгендігінің бір көрінісі – оған 700 адам қатысуға болатындай конференция ұйымдастыруға рұқсат берді. Бұл іс-шараның видеосы міндетті түрде үлкен TED-ке жіберіледі. Егер ұнатса, сайтқа салады. Бұл оның басқа тілдерге аударылуына мүмкіндік тудырады. Осылайша бір адамның идеясы дүниежүзіне тарайды. TED-тің ұраны да осы – мықты идеяның таралуына жағдай жасау.

TED-аудармашылар деген кімдер?

TED-аударма – TED-те жарияланған идеяларды өз елінде, өз тілінде таратқысы келетін еріктілерден құралған жоба. Осы жоба бойынша біз TED видеоларын қазақшаландырамыз. Биылғы жылғы есеп бойынша, алты ай ішінде қазақ тілі қарқынды дамып жатқан тілдер қатарында Непали мен Галисия тілінен кейін үшінші орынды алды. Бұл соңғы уақыттағы аудармалардың санының көбейгендігін көрсетеді. Аудармашылардың белсенділігі артты. Shi-fi деген жобамыз бар. TED-аудармашылар басқа да жұмыстарға араласа бастады. Қазақ тіліне аударылған видеолар саны әзірге 70-тен асады. Бұл көрсеткіш басқа тілдермен салыстырғанда көп те, аз да емес. Бірақ біздің мақсатымыз – барлық TED пен TEDх -терді аударып, ғаламдық идеяларды қазақ аудиториясына жеткізіу. Бұл жерде TED қазақ тіліне қалай көмектеседі емес, TED-тегі идеялар біздің қоғамға қалай жәрдемдеседі дегенді қаперге алған жөн. Шынын айту керек, қазақ қоғамы ғылым бойынша әлемде артта келе жатыр. Алдыңғыларды қуып жету үшін бізге үлкен секірістер жасау керек. Ол секірістің бірі – TED-тегі әлемдік идеяларды бірден қазақ тіліне аударып, жеткізу. Қазақ тілінде түсінік беру. Оны көрген жас ғалымдар, кез келген саланың өкілдері ағылшынша білмесе де, видеоларды көріп шабыттанып, өз саласына енгізуі мүмкін. Сол себепті де TED видеоларын барынша көбірек аударуға тырысып жатырмыз.

Жерден жеті қоян табу, идиома
Шетелдіктер ұнатқан қазақтың тұрақты тіркесі: Жерден жеті қоян табу – To find seven rabbits from the Earth.

Қазіргі уақытта бізге тіркелген жүздеген адам бар. Бірақ белсендісі 10 шақты ғана. Көп адам «аударғанда тұрған не бар» деп ойлайды да, топқа тіркеледі. Ал бұл тек аударма ғана емес. Жұмысқа кіріскен кезде субтитрлеудің техникалық қиындықтарын көріп, жұмысты жартылай аяқамай тоқтатып қояды. Әр аударма үшін сізге белгілі уақыт беріледі. Уақыттан асып, видео кері қайтарылатын жағдайлар жиі болады, өкінішке орай. Бұл тек қазақ тілінде ғана емес барлық тілдерде кездесетін қиындықтар. Өйткені көпшілік бірдей аудармаға қызыға бермейді, бірақ барлық адам қоғамға пайдалы іс жасағысы келеді. Алайда әркім әрқандай жолмен.

Қиындықтар

Барлығымыз бір апта бойы жұмыс істейміз. Сол аптаның бір сағатын қоғамдық жұмыстарға арнай аламыз ба? Әрине, иә. Бұл уақытты біз әлеуметтік желілерді ақтарумен немесе автобуста кептелісте тұрумен-ақ өткізіп жатамыз. Бірақ ертең уақыттан да сұралатынымызды ескеруіміз керек. Осы идеяны алға тартып, аудармашылар топтасып, аптасына бір сағат аудармамен айналысуды бастадық. Аударма жасарда өткізу орны, уай-фай бойынша қолдау қажеттілігі туындады. Altel интернет желісі алғашында лимитсіз болатын. Кейіннен оны алып тастады. Біз соған демеуші іздеп таптық. Бірақ олар өз талаптарын қоя бастады. Әр видеоның соңына «мына демеушінің көмегімен аударылды» деп жазып отыру керек болды. Біз оған қатты қарсы болмадық. Алайда олар “айына бес рет біздің атымыз аталып отырсын” деген талап қойды. Бұл еріктілердің ісі болғандықтан, аудармашыларға «мінеки, бізге тегін интернет беріп отыр, айына бес аударманы шығар» деп айта алмаймыз. Онда бұл еріктен тыс болып кетеді.

Асхат Еркімбай
©SZH.kz

Канададағы TED конференция

TED-тің философиясы ақшаға емес, қоғамға пайдалы жұмыс істеуді ұсынады. Аудармашыға, спикерге, ұйымдастырушыға да еңбекақы төленбейді. Есесіне олардың кәсіби өсуіне мүмкіндік береді. Мысалы, мен TED-ті көбірек аударып жатырмын. Мұны TED-тегілер елеп-ескеріп, жыл сайын Канададағы үлкен конференцияға шақырады. Жол-пұлын өздері өтейді. 10 күн бойы сіз дүниежүзінен жиналған басқа аудармашылармен танысып, араласасыз. Бір ерекшелгі: конференцияға жиналғандарға жұмыс туралы мүлде сөйлесуге болмайды. Оған әлемге өте танымал адамдар, мысалы, Билл Гейтс т.б тәрізді тұлғалар қатысады. Біз тек идеяларымыз туралы сөйлесіп, ой алмасып, оларды қалай жүзеге асыру туралы ақылдасамыз. Биылғы конференцияға дүниежүзінен 1000 адам іріктеліп шақырылды. Солардың бірі мен болдым. Ол – үлкен құрмет. Ойла, сен Қазақстанда аударма жасап жүрсің, оны көп адам білмейді. Ал Канадаға барғаныңда, спикерлер сенің аудармашы екеніңді білген бойда, сені алақанына салады (күледі). «Саған рахмет, сен аудармасаң, менің идеям тек менің тілімде ғана қалып қоятын еді. Ал сендер, аудармашылар, бізге көмектесіп жатырсыңдар. Біз ғалымбыз, бірақ шындығында идеяларымызды таратып жатқан сендерсіңдер» дегенде, өзіңнің қаншалықты маңызды шаруа атқарып жүргендігіңді түсінесің. TED конференцияның күші сонда. Ол міндетсінбеуге үйретеді.

TED-аудармашы болу үшін…

Аудармашы болу үшін ағылшын тілін білуіңіз керек. Екіншіден, өз тіліңізді жетік меңгеруіңіз тиіс. Сонымен қатар, сынға дайын болу керек. Көпшілігіне «мен тегін жұмыс істеп отырмын ғой, немене мені сынап отырсың?» деген ой келеді. Егер сен өз айналаңа шынымен жаның ашыса, оны міндетсінбеуің қажет. Аударма үш кезеңнен өтеді. Алдымен, сіз аударасыз, келесі кезеңде екінші адам оны редакциялайды, соңында аударма маған, яғни қазақ тілінің жетекшісіне келеді. Мен оны жариялауға жіберемін. Осы екі ортада жұмысты қайтадан аудармашыға қайтаратын кездер болады. Техникалық жұмысына байланысты көпшілігі онымен қайта жұмыс істегісі келмейді. Сөйтіп аударма қалып қояды. Көпшілікте «қазақ тілінде мұндай нәрсе жоқ» деген түсінік бар. Біздің арамызда TED-ті орыс тілінде немесе тікелей ағылшын тілінде көре беретін бар. Себебі қазақ қоғамында қазір ағылшын тілін үйренушілер саны артып келеді. (TED-translator боламын десеңіз urimtal.wordpress.com сайтынан толық ақпарат ала аласыз)

(TED-аударма. Жас дарын Адора Свитак “әлем «сәбилерше» ойлауға мұқтаж екендігі” туралы көпшілікке ой салады. Қазақшаға аударған – Нұрбол Құдайберген, редакциялаған – Айнұр Ахметова)

Біздің елден үлкен TED-ке Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиев шыққан еді. Министрдің негізгі идеясы үш тілді саясат жайында болды. Оны ағылшын тіліне аудардық. Енді ол осы тілден ары қарай басқа тілдерге аударылады. Демек, Ерлан Сағадиевтің идеясының 155 тілге аударылуына, таралуына мүмкіндік бар. Егер баяндаманы ұнатса, Ерлан Сағадиевті үлкен TED-ке шақыруы мүмкін.

TED-Аударма, Инфографика

Соңғы конференцияда қазақша баяндама аз болды, көбі орыс тілінде өтті. Бірақ қазақша TED-ке сұраныс көп. Қазақ тіліндегі спикерлердің аздығына идеяны бөлісуді қаламау себеп болып отыр. Бір жағынан спикерлерді жоғарыда айтып өткенімдей, кем дегенде алты айдай дайындау керек. Дайындыққа «мен бұрыннан сөйлеп жүрген адаммын» деп келмейтіндер көп. Мәселе тілде емес, орыс тілді спикерлерді қазақша сөйлетіп қоюға да болады. Бірақ одан не шығады? Бастысы – идеяның жеткізілуі. Әрине, қазақша болғаны нұр үстіне нұр. Мысалы TEDх Shymkent конференциясында жер астынан мұражай салған адам қазақша баяндама жасады. Бұл тарихты басқаша жеткізуге бағытталған қызықты идеяның бірі болды. Спикерлерге қатысты жас ерекшелігі жоқ. 5 жастағы бала да, 90-дағы қарт та қоғамға пайдалы идеясымен бөлісе алады. Тек сөз арқылы ғана емес, өнер туындысы, музыка, сурет арқылы да баяндама жасауға болады.

“Мотивациямның сыры”

Кейде ішімен «Мен не үшін аударма жасаймын. Егер маған біреу келіп, аударып бер десе, мен одан еңбегіме ақы сұраймын. Ал қазір алыстағы шетелдік компанияға тегін аударма жасап отырмын. Не құдірет бұл сонда? Кешкі жұмысымды соған арнаймын, видеоны іздеп отырып таңдаймын. Бұл қалайша?” деп ойланамын. TED осыған байланысты «Мотивация 3» деген баяндама шығарыпты. Қатты қызығып көріп, кейін сол автордың кітабын іздеп тауып, оқып шықтым. Шығармашылық адамды қалай жігерлендіріп отыруға болады? Ақшаның көмегімен бе?.. Жоқ, бұл мүмкін емес. Мысалы, сіз суретшіге 10 мың доллар берсеңіз, ол қалаған суретіңізді салып береді. Келесі жолы ол дәл сондай 100 суретті де сала алады. Ақша тапты ма, тапты. Бірақ оның шығармашылығы өскен жоқ, сол деңгейінде қалып қалды. Ақша оны жұмыс істеуге ынталандырды, бірақ қабілет-қарымын дамытуға көмектеспеді.

Асхат Еркімбай
©SZH.kz

Шығармашылықты ынталандыруға кері байланыс әсер етеді. Мен қалайша үздіксіз аудармамен айналысамын? Өйткені TED-тегілермен үнемі байланыс жасаймын, олармен араласамын. Ақша екінші орында екенін осыдан байқауға болады. Бізде қазіргі уақытта көзқарас дұрыс емес. Қасиетті Құранда айтылғандай, қоғамды, әлемді өзгерту үшін, адам өзін өзгертуі тиіс. Шынымен, алдымен біз өзіміз өзгеруіміз керек. Біз TED қашан қазақ қоғамына келеді деп күтпеуіміз тиіс. Әрқайсымыз өз ішімізден дұрыс бағыттағы өзгерістерге бет алуымыз керек. Меніңше, сонда ғана бізде оң өзгерістер көбейеді. Қоғамның белсенді мүшелері қай заманда болсын аз болған. 17 млн халықтың барлығы супер белсенді адамдар болып кетуі де міндет емес. TED-тегі идея қазақтың игіліне асса, сондай идеясы бар адамдар біздің қоғамнан да шықса, онда біз еңбегіміздің пайдалы болғандығын осы арқылы өлшеуге болады.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Дарын Шөкенов.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

4 пікір

  1. Әрине,ауызы қисық болса да байдың баласы сөйлесен дегендей ғой бұл.Шет ел бір екі жерде үйлесімін тапқан болжам жаңалығы жарияланады,ал қазақтың толық үйлесімін тапқан жаңалығы жауапсыз тұншығады.Менде шет елді LHCмен бірге артта қалдыратын ғылыми жаңалық бар.Сұрақ жауап сайытындағы Tenelbai1989@gmail.com егер жа6алық керек болса,барлық ғалымдар таныс бұл жаңалықпен әрі олар әлі үнсіз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!