Астана қаласында Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіш орнатылды

Астанада Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ресми ашылуы өтті. 1945 жылы қазақ жауынгері ресейлік Григорий Булатовпен бірге Қызыл әскер құрамында бірінші болып Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен.

Дереккөз: ҚазАқпарат
0
Рақымжан Қошқарбаев

11 метрлік монумент Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан, деп хабарлады Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан. Жобаға сәйкес, мүсіндік композицияның биіктігі — 6 метр, ал гранит тұғырдың биіктігі — 4,5 метр. Ескерткіштің авторы — «Қазақ Елі» монументін жасауға қатысқан белгілі мүсінші Асқар Нартов. Салтанатты шара барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қала тұрғындарын ескерткіштің ашылуымен құттықтады.

«Бүгін қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мәңгілік ету үшін осы монументті ашып отырмыз. Оның есімі өскелең ұрпақтың жадында ерліктің символы ретінде сақталуы керек, сол себепті Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында елордада аты аңызға айналған нағыз жауынгерімізге арнап ескерткіш орнатылды», — деді Ермек Аманшаев.

Салтанатты шараға Рақымжан Қошқарбаевтың қызы — Әлия, аты аңызға айналған кеңес жауынгерінің немерелері, сондай-ақ, лейтенант Қошқарбаев туралы кітаптың авторы Қасым Аппасұлы қатысты. Сонымен қатар, ескерткіштің ашылуына қатысқан жүздеген адам ұлы қазақ жауынгерінің мүсініне гүл шоқтарын қойды.

Монументті орнатуға елорда әкімдігі бастамашы болды, ескерткішті дайындаған және орнатқан «BI-Group».

Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ашылуы маңызды оқиға, өйткені ол қазақ жауынгерінің Екінші Ұлы Отан соғысында жасаған өлшеусіз ерлігі туралы тағы да бір еске салады. Көп жылдар бойы кеңестік тарихшылар оның ерлігін мойындамай келгенін айта кету керек. 2007 жылы ғана ресейліктер Екінші дүниежүзілік соғыста Берлинде Рейхстагты басып алу кезінде Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың бірінші болып ту тіккендерін ресми түрде мәлім етті. Осы ерлікті жасаған кезде Қошқарбаев небәрі 21 жаста болған. Батырлығына қарамастан Кеңес әскері қазақ жауынгерін ешқандай марапатқа ұсынған жоқ. Алайда 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа қайтыс болғаннан кейін «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Өз пікіріңізді қосыңыз

avatar
wpDiscuz