Назым Қызайбай: Он алты жаста спорт шебері болдым

Есімі спорт тарихында алтын әріппен жазылатын боксшы қыз Назым Қызайбай жаз айларында Катонқарағайда жаттығуды жоспарлап жүр. Былғары қолғап шебері Назым - бокстан әйелдер арасында Қазақстаннан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы. Бір емес, екі дүркін. Жуықта нағашы жұрты Катонқарағайға келген Назым Қызайбаймен әңгімелесудің ыңғайы келген, деп жазады didar-gazeti.kz.

0
Назым Қызайбай

— Өңірімізге, Өскеменімізге қош келдіңіз! Біраз күн Катонқарағайда тынығып қайттыңыз. Демалысыңыз қалай өтті?
— Үнемі жарыстарда жүргендіктен Катонқарағайға келудің сәті түспеп еді. Осы жолы дәм тартып, анамның туған жері Катонқарағайдың Жаңаүлгі ауылында болып қайттық. Табиғаты тамаша. Мектептерде кішкентай спортшылармен, ауыл тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырды. Олармен емен-жарқын әңгімелесіп, естелік суретке түстік. Елі де, жері де қатты ұнады. Кейін Катонқарағайға бес күнге келіп емес, айлап жатып жаттығу жасаса деймін. Тіпті Катонқарағайдан үй алып қойса деген де ой бар. Бұрындары жарысқа шығу үшін салмақ жеткізе алмай жүргенде анам «біздің ауылға барып қымыз ішіп, ет жеп қайт» деп әзілдеп отыратын. Рас, қымызы бал екен.
— Нағашыларыңыз Катонқарағайдан, өзіңіздің туған жеріңіз — Алматы. Отбасыңызда неше баласыздар?

— Иә, Алматы қаласында дүниеге келдім. Әкем Абай Өмірбеков Райымбек ауданы Нарынқол ауылының тумасы. Әртүрлі жұмыстар істеген кісі. Ал анам Катонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылынан. Үйде алты баламыз. Алмат, Гүлжанар есімді ағам мен әпкем бар. Өзімнен кейін сіңлілдерім Әйгерім, Салтанат және үйіміздің сүт кенжесі Нұрдәулет.

— Былғары қолғап шеберлері арасында әлемді бір емес, екі рет мойындату оңай емес. Жалпы боксқа қалай келдіңіз?

— Өзім Алматыда туғанмен, екінші сыныптан кейін Іле ауданының Жетіген ауылына көшіп кеттік. Тоғызыншы сыныптан кейін спорт мектебіне грантқа түстім. Спорт мектебінің интернатында тұрдым. Күнделікті бокс залының алдынан өтіп жүретінмін. Бірде базардан келе жатсам, жаттықтырушы ағай «бері келші» деп шақырып алды да «сенің жүрісің боксшының жүрісі. Осында келіп тегін жаттығуыңа болады» деді. Қуанышымда шек жоқ. Үйге барып киімімді ауыстырдым да, спортзалға келдім. Бұрындары өзім де бокс залының сыртынан қарап армандап жүретінмін. Бірақ ол жер ақылы болғандықтан ата-анама ауыртпалық түсірмей-ақ қояйыншы дейтін едім.

— Оған дейін былғары қолғап киіп көріп пе едіңіз?

— Жоқ. Бірақ далада балалармен төбелесіп, алысып-жұлысып жүретінмін. Өзім ешкімге тиіспеймін, өздері ұрынса аямайтынмын. Бірақ одан гөрі, рингтегі ойынға қызығатынмын.

— Алғаш жарысқа шыққан сәтіңізді еске алыңызшы… 
— Ауыл арасында спорттан әртүрлі жарыстар болып тұратын. Оның ішінде күресі де, бәйгесі де, гір көтеруі де бар. Сонда мен джиу-джитсудан бозкілемге шықтым алғаш. Оның өзінде шығайын деп емес, 100 келіден асатын қызға қарсылас табылмаған соң, жаттықтырушым «шапшаңдығың бар» деп мені шығарды. Мен болсам, қырық-ақ келімін. Бәрі ду күлді. Содан кейін төрешілер салмағы сәл жеңілдеу басқа қызды шығарды. Бойымда ешқандай қорқыныш, қобалжу болған жоқ. Күресіп, әдіс-айламды пайдаланып жеңіске жеттім. Алғаш рет қолымды көтеріп, мақтау қағазын берді. Қуанышымда шек жоқ. Кейін Байсерке деген ауылда бокстан жарыс болды. Ұл сияқты бір қыз жүрді, салмағы 57 келі. Сөйтсем, Қазақстан чемпионы Наташа Тарасенко екен. Бірден қолғап түйістіру қиынға соқты. Ұтылып қалғанның өзінде екінші орын менікі деп қоямын іштей. Бірақ белгісіз себептерге байланысты шығармады онымен. Кейін әкемнің ағасы Алматыда ашылған республикалық спорт мектебіне тапсырып көруімді ұсынды. Мен құжаттарымды жинап, баскетболға тапсырайын деп бардым. Сонда әлгі Наташаны көріп боксқа деген құштарлығым оянды. Анама боксқа тапсырғым келетінін айттым. Қарсы болмады. Мен де өзіме сенімді болдым. Өйткені турник, брусяда жаттығу мен үшін аса қиын емес еді. Алғашында жаттығып жүрген балаларды сырттай бақылап, ешкім жоқта өзім ғана жаттығып, үйреніп алған соң бірге жаттығатын болдым. Сөйтіп республикалық спорт мектебінің интернатына түстім оқуға. Басында бокстағы тұрысыма, қимыл-қозғалысыма залдағы балалар күліп жүретін. Алайда, іштей бір нәтижеге қол жеткізетінімді сездім. Үш айдан кейін алғаш Қазақстан біріншілігінде 40 келі салмақ дәрежесінде рингке шығатын болдым. Рингтегі алғашқы кездесуім. Қарсыласым Айза деген қыз оңды-солды лапаны ұрып жүр. Мен деген аң-таң. Бойы ұзын, соққылары мығым. Бірақ шыққаннан кейін бірінші раундта айқын басымдылықпен ұттым. Кездесу техникалық нокаудпен аяқталды. Қазақстан чемпионы болып шыға келдім. Содан кейін жасым жетпесе де, әйелдер арасына өттім. Жаттықтырушым да сенімді болды ғой деймін. 2010 жылы Қызылордада 46 келі салмақ дәрежесінде төрт кездесу өткізіп, әйелдер арасында чемпион атандым. Он алты жаста спорт шебері атағын алдым, он сегіз жасымда халықаралық дәрежедегі спорт шеберлігін орындадым. Бір байқағаным, жарыстарға қатысқан сайын шыңдала түскендей болдым.

2011 жылы 1993-1994 жылы туғандар арасында Түркияда өткен әлем біріншілігіне қатыстым. Онда әр елден келген боксшылармен шығып, қола медальға қол жеткіздім. 2012 жылы ересектер арасындағы жарысқа қатысып, тағы да қола алдым. Оған да шүкір. Әке-шешем қуанғандарынан туған-туыстың басын қосып ұлан- асыр той жасады. Кейін чемпион болуға тырыстым. Жатпай-тұрмай дайындалдым. Жаттығуда төккен терім 2014 жылы ақталды. Оңтүстік Кореяда өткен жарыстың ақтық сынында үнді Шамджетсабам Сарджубаламен шығып жеңіске жеттім. Биыл әлемді екінші рет тағы мойындаттым. Бірақ Олимпиада бұйырмады. Құдай сәтін салса, келесі олимпиадаға баруға барымды саламын.


— Спортта әділетсіздік деген де бар ғой…

— Спорттық ойынды қойып өмірде де бар ғой әділетсіздіктер. Ұтып тұрып ұтылуың мүмкін. Ондай болғанның өзінде мойымау керек. Ең бастысы, жеңген-жеңілгеніңді көріп отыратын көрерменің бар.

— Осыған дейінгі сұхбаттарыңызды оқып отырсам, кино көргенді ұнататыныңызды айтыпсыз. Кинотеатрға көп барасыз ба?

— Иә, кино көрген ұнайды. Үлкен спортқа келмей тұрып, Жан Клод Ван Даммның киноларын көріп, соған еліктейтінмін. Қиналып жаттығып жатқандарына қызығатынмын. Содан кейін өзім де жүгіріп, әртүрлі жаттығулар істейтінмін. Қазір де қол бос болса жақсы кинолар көруге тырысамын.

— Боксшы болмасаңыз кім болар едіңіз?

— Спорт өмірімнің бір бөлшегі ғана емес, мәні сияқты. Сондықтан да боксшы болмасам да спорттың басқа түрімен айналысар едім. Бұрындары сурет салуды ұнататынмын. Бірақ кейін қойып кеттім.

— Өзіңіздің бокстасу стиліңіз қай боксшыға ұқсайды? Үлгі тұтатын боксшыларыңыз кім?

— Бекзат Саттархановтың бокстасу стилі ұнайды. Өзімдікі де сол ағамыздың стиліне ұқсағандықтан ба, білмедім. Мысалы, Геннадий Головкин бірден нокаутдқа түсіруге тырысады. Мен ұпаймен ұтқанды ұнатамын. Ал шетелдік боксшылардың ішінде Флод Мейвезердің жекпе-жектерін жібермей көремін.

— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Үнемі қазақтың көк туын көкте желбіретіп жүре беріңіз.

Әңгімелескен – Мерей Қайнарұлы

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Өз пікіріңізді қосыңыз

avatar
wpDiscuz