Каир қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды

13 қазанда Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш-бюстің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Дереккөз: ҚазАқпарат
0
Абай Құнанбайұлы

«Абай ескерткіші Каир орталығындағы ең көрікті жерлердің бірі «Еркіндік және достық» саябағына қойылды.

Шараға Мысыр Араб Республикасы сыртқы істер, халықаралық қатынастар және мәдениет министрліктерінің өкілдері, дипломатиялық корпустың мүшелері, мысырлық жетекші БАҚ журналистері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, Мысырда оқитын және тұратын қазақстандық азаматтар қатысты», — делінген Қазақстанның Мысырдағы Елшілігі таратқан xабарламада.

Абай Құнанбайұлы ескерткішСалтанатты рәсімде Қазақстанның Мысырдағы Елшісі әрі осы идеяның бастамашысы болған Берік Арын, Каир губернаторының орынбасары Мұхаммед Айман, сондай-ақ осы істің демеушісі және мүсін авторы сөз сөйледі.

Елші өз сөзінде Абайдың қазақ және әлемдік әдебиетке қосқан үлесіне тоқтала келіп, оның 150 жылдық мерейтойына орай ЮНЕСКО халықаралық ұйымының 1995 жылды «Әлемдегі Абай жылы» деп жариялауы ақын таланты мен еңбегінің әлемдік деңгейде мойындалуының нақты айғағы екендігін атап өтті. Ал, Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұлы ойшылға арналған ескерткіш-бюстінің Елордамен бауырлас Каир қаласында қойылуы — екі ел халықтары арасындағы көпжылдық достықтың беріктігін дәлелдейді, деді ол.

Өз тарапынан Каир губернаторының орынбасары «Абай ескерткішінің Мысыр астанасының орталығында ашылуы — ол мегаполис үшін қазақ және мысыр халықтарының рухани-мәдени жақындығын білдіретін айтулы оқиға» деп атап өтті. Оның айтуы бойынша Каир губернаторлығы ұлы қазақ халқының перзентіне ескерткіш орнату жайындағы идеяны қуана қарсы алып, оның жүзеге асыруда барынша мүмкіндіктер жасады. Кейінірек сөз алғандар Абай шығармаларындағы гуманистік идеялардың өзектілігі бүгінгі күні арта түсетіндігін айтты.

Шара соңында Мысырда оқитын қазақстандық студенттер Абай лирикалық өлеңдерін орындады. Сонымен қатар, қонақтарға араб тіліне аударылған Абайдың «Қара сөздері» мен  өлеңдер жинағы сыйға тартылды.

Осы ретте, аталған ескерткіш-бюстің Каирдегі ҚР Елшілігінің қолдауымен мысырлық меценат, Қазақстан мен Мысыр достығы қауымдастығының мүшесі доктор Хусейн Әл-Шафиидің қаражатына қойылғандығын, ал бюстің авторы қолтумалары Каирден басқа Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан және Ташкент қалаларында орнатылған белгілі мысырлық скульптор Усама Әл-Серуи болғандығын атап өту керек.

1998 жылдан бері мысырлық көшелердің бірі Абай атымен аталады, ал Елорданың орталық көшелерінің біріне мысырлық белгілі жазушы және әдебиеттанушысы Таха Хусейннің есімі берілген. Бүгінде қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысы Абайдың ескерткіштері Мәскеу, Бейжің, Ташкент, Витебск, Тегеран, Ыстамбұл және Будапештте орнатылған.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Өз пікіріңізді қосыңыз

avatar
wpDiscuz