Бала кезімде түрлі ою-өрнектердің суретін салатынмын. Өсе келе оны ұмытып кеттім. Мектепті бітірген соң КИПЭП университетіне қаржыгер мамандығына оқуға түстім. Одан соң «Болашақ» бағдарламасымен Англиядағы «Манчестер» университетінде білімімді жалғастырдым. Елге оралған соң жұмыс табу қиын болды. Он ай бойы әр жерге түйіндеме апарып жүріп, ақыры Ұлттық холдингке жұмысқа тұрдым. Кейін инвестициялық қорға ауыстым. Ол жерде таңнан қара кешке дейін жұмыс істейтінбіз. Қиын еді. Сол кезде бұндай жұмыстың маған қол емес екенін түсіндім. Ешкімге тәуелсіз болып, өз ісімді бастағым келді. Бір нәрсе шығармашылыққа тартып тұратын еді…

Шетелде жүргенде өзіммен бірге Қазақстанның бөлшегін алып жүруді ойлайтынмын. Киімімде, ұстаған сөмкемде болса да, ұлттық бір белгі болғанын қаладым. Содан «Неге ұлттық нақыштағы заманауи аксерсуар шығармасқа?» деген ой келді.

Әсел Әділ Adili ұлттық орамалдар
©SZH.kz

Алғашқы қадамдар

Ең бірінші қиындық қаржы болды (күлді). Себебі бюджет шектеулі еді. Өзім бар, әпкем бар, ата-анам бар – барлығы жан-жақтан көмектесіп жүріп, азын-аулақ қаражат жинадық. Басында тек сөмкелер мен орамалдардың 5-6 түрін шығардық. Бәрінің дизайнын өзім сыздым. Қажетті шикізатты табу да бірталай мәселе тудырды.

Брендті қорапшаларды типографиядан шыққан бетінде алып кетіп, өзіміз үйде жабыстырып, құрастыратынбыз. Себебі қаражатты барынша үнемдеу керек болды. Солайша, 2010 жылы Астана қаласындағы «Сарыарқа» сауда үйінен алғашқы нүктемізді аштық. Сенесіз бе, бізде жарнама жасауға да ақша болған жоқ. Адамдар бір-бірінен естіп, өздері келіп жатты. Тіпті әлеуметтік желіге де жарияламадық.

Әрине, алғашқыда сұраныс көп болған жоқ. Сондықтан өнімді санаулы ғана қылып шығардық. Кішкентай ательелермен жұмыс істедік. Кейін сұраныс өскен сайын, үлкен фабрикалар іздестіре бастадық. Қазір ірі қытайлық фабрикамен келісім-шарттамыз. Ол жерде итальяндық, американдық брендтер де шығады.

Қытай, Түркия, Италия секілді шетелдік фабрикалармен мезгілдік өнімдерге байланысты жұмыс істейміз. Мысалы, қысқы орамалдар мен кашемир палантиндер Непалда жасалады. Жібектің бәрін Қытайдан әкелеміз. Ресеймен жұмыс істеп көрдік, алайда олардың сапалары ұнамады. Үнемі үстінен жетілдіріп отыру керек болды.

Ұлттық нақыштағы заттар неге қымбат болады? Себебі шикізатты шетелден аласың, өнімді шетелде жасатасың, сауда орындарындағы нүктеңнің жалдау ақысы, қызметкерлеріңнің еңбегі бар… Сонымен тауардың өзіндік құнын ақтау үшін бағасын өсіруге тура келеді. Ал, елімізде өндірейін десең, мақта-мата өнеркәсібіне жағдай жасалмаған, қажетті шикізат өңделмейді…

«Бір өнімді шығаруға алты ай кетеді»

Қазіргі уақытта Adili бірендімен 200-ден астам өнім шығарамыз. Оның ішінде орамалдар, сөмкелер мен қол сөмкелер, белдіктер, галстуктар мен мойын орамалдар, телефон қаптары бар. Олардың әрқайсысын шығару белгілі бір уақытты талап етеді. Мысалы, қарапайым сөмкені алайық. Оның дизайнын сызу, материалын таңдау, өндіріске жіберу – осының бәріне алты ай қажет. Қазір екі дизайнерім бар. Үшеуіміз біріге отырып, үлгісін сызамыз.

Әсел Әділ Adili ұлттық орамалдар
©SZH.kz

Adili сондай үлкен компания емес. Қазіргі уақытта Алматыда 2 нүкте, Астана, Қостанай қалаларында бір-бір сауда нүктеміз, Атырау мен Ақтауда серіктес ретінде ашылған дүкендеріміз бар. Оларда барлығы 12 кеңсе қызметкері мен 2 дизайнер жұмыс істейді. Қызметкерлеріме қояр талабым жоғары. Ең бастысы – жауапкершілігі мол және осы кішкентай ғана бизнесіміздің алға басуына жанашыр болып, бізбен бірге өскісі келетін, ішкі мотивациясы жоғары адам болуы керек.

Дизайнерлер үшін Қазақстан нарығы өте тар. Олардың көбі университетті бітірген соң типографияға кетеді. Ол жақтағы жұмыс біртекті. Тек дизайнды сызады да, басып шығаруға жібереді.

Дизайнерлер бізде жұмыс істеген ұнайтынын айтады. Себебі олардың әр күні бір-біріне ұқсамайды. Күн сайын Brain storm жасаймыз. Келесі жинаққа не енгіземіз? Алдағы мезгілде не сәнде болуы мүмкін? Бәрін талқылаймыз. Мен оларға идея жинап жүрулерін тапсырамын. «Мейлі жұмыс үстеліне, мейлі қағазға суретін салыңдар, тіпті көшеде кетіп бара жатқан адамның үстінен ерекше бірдеңе байқасаңдар суретке түсіріп алыңдар»,- деймін. Кейін соның бәрін ортаға салып, жаңа дизайн шығарамыз. Әр өнімді қайталанбастай стильде жасауға тырысамыз. Мысалы, біздің сөмкені ұстаған қыз-келіншектерге жұрттың назары аумай қоймайды. Неге? Себебі, сөмкенің пішіні ерекше: домалақ, трапеция, т.б. Түсі де айрықша. Түс демекші, бізде оларға қойылатын талаптар бар: былғары өнімдерінде салмақты түстер болса, сөмкелерді бірнеше түспен әрлейміз. Сол арқылы оны бірнеше образға үйлесімді болатындай әмбебап қылып шығарамыз.

Әсел Әділ Adili ұлттық орамалдар
©SZH.kz

Сауда нүктесінің дизайнын да өзіміз ойластырамыз. Сырт көзге бұл жай ғана безендіру болуы мүмкін. Ал, біз үшін ол үлке-е-ен жұмыс. Қай мезгілде қандай түспен безендіру керек? Қайсы түс клиентке жағымды болуы мүмкін? Бәрін өз қолымызбен жасаймыз. Сондай-ақ «Орамалды қалай тағу керек?» деген сияқты каталогтарымыз бар. Оны да өзіміз шығарамыз. Дизайнер тындыратын шаруалар көп: аксесуар, сауда нүктесі, каталог… Осы арқылы олар үнемі жетіліп отырады. Бізде корпоративті тапсырыстармен айналысатын қыздар бар. Бірақ оларды тек сол шаруамен шектеп қоймаймыз. Көрмелерге барғанда олар әкімші қызметін де атқарып кетеді. Байқасыңыз, біздің қызметкерлеріміз жан-жақты (күлді). Соның бәрін ескере отырып, еңбекақыларына үстеме қосамын. Қай қызметкерім қанша алатынын айтпай-ақ қояйын. Бастысы біздің қызметкерлердің жалақысы бәсекелестікке төтеп бере алады, тіпті кейбіреуінен асып кетеді.

Әсел Әділ Adili ұлттық орамалдар
©SZH.kz

Қазір ұлттық калоритпен шығатын өнімдер өте көп болып кетті. Бірақ бәрін бірдей бәсекелестеріміз дей алмаймын. Себебі, өнімін шығарып алып, бір-екі айдан соң ойыннан шығып кететіндер бар. Бәсекеге қабілеттілерден тек Empire мен «Әсем-ай» брендтерін айта аламын. Бірақ олар тек сувенир шығарады.

Кеңею жоспарымызда бар. Сауда нүктелерінен бұрын, кейбір өндіріс ошақтарын өзімізде ашқымыз келеді. Ол үшін «Дамудан» жағымды жаңалық күтіп отырмыз. Осы уақытқа дейін несие алмадық. Қазіргі деңгейімізге бар ақшаны айналымға түсіру арқылы жеттік

 «Бизнес маған еркіндік берді»

Бизнес маған еркіндік берді. Олай дейтінім, университетті бітіргенде инвестициялық қорда қалай жұмыс істегенімді айттым ғой. Тұрмысқа шыққанда мүлдем қиын болып кетті. Сондықтан таңдау жасауға тура келді. Өзімді не жұмысқа арнаймын, не отбасым мен сүйікті ісіме арнаймын деп шештім. Соңында мамандық бойынша жұмысымды тастап, толығымен бизнеске кеттім. Қазір сауда нүктелеріне қалаған уақытымда келемін, қалаған уақытымда кетемін. Бұл бизнестің дамуы үшін күні бойы кеңседе отыру міндет емес. Бәрін дұрыс ұйымдастыра білсең болды. Жолдасым өзіммен бірге КИПЭП-те оқыған. Қаржыгер, экспорт саласында қызмет етеді. Екі баламыз бар. Үлкеніміз 3 жаста, балабақшаға барады. Екіншімізге екі ай болды. Балаларымызға күтуші жалдаймыз. Енем де көмектесіп тұрады.

Ұлымызды қазақ тілді балабақшаға бердік. Бірақ ол жерде бәрі орысша сөйлейді екен.

Әйел адам бизнесте өсуі үшін оған жолдасының қолдауы ауадай қажет. Егер жолдасым маған түсіністік танытпаса, жағдайым дәл осы күнгідей болмайтын еді. Ол Adili-ді менен де артық жарнамалайды. Жүрген жерінде «Менің жарым ұлттық аксесуарлар шығарумен айналысады»,-деп айтып жүреді (күлді).

Әсел Әділ Adili ұлттық орамалдар
Adili брендінің MEGA ойын-сауық орталығындағы нүктесі, ©SZH.kz

Қазіргі уақытта бизнестің қай саласын алсаңыз да әйел адамдар бар. Бірақ бізге бизнеспен айналысу ер адамдармен салыстырғанда қиындау. Себебі отбасың, балаларың, келіндік міндетің бар… Балаң ауырса, түнімен ұйықтамайтын кездер де болады. Алайда сені алға қарай сүйрейтін қозғаушы күшің де сол – балаларың, олардың болашағы.

«2017 жылы абстрактілі сөмкелер сәнде болады»

Адамдардың талғамы әртүрлі. Кейде бір орамалдың дизайнын сызып шыққан соң, өзіңе керемет көрініп кетеді де «Уау! Бітті, мынаған сұраныс көп болады» деп ойлайсың. Бірақ бәрі керісінше болып шығады. Сән әлемі тым нәзік. Саған ұнаған стиль сатып алушыға ұнай бермейді. «Талғамға талас жоқ» дейміз ғой. Дегенмен, біраз нәрсенің ара-жігін ажыратып үйрендік. Қазір тұтынушының көңілінен шығатын тауарды тап басып тауып аламыз. Мысалы, қазақ келіншектер суық түстерге құмар болса, еуропалық нәсілдің өкілдері жылы түстерді жиі таңдайды. Қыздар қанық түстерді жақсы көреді. Аксерсуарларымызда осының бәрін ескереміз.

Әсел Әділ Adili ұлттық орамалдар
©SZH.kz

Fashion индустрияны, түстер трендін жіті бақылап отырамыз. Қай түс сәнде? Алдағы мезгілде не сұранысқа ие болуы мүмкін? Қалт жібермейміз. Сондай-ақ аксесуар шығарумен айналысатын шетелдік компаниялардың да аяқ алысын зерттейміз. Олардың не істеп жатқанына қарап, бағыт аламыз, үйренеміз. 2017 жылы абстрактілі сөмкелер мен қанық түсті аксесуарлар сәнде болады деп ойлаймын. Мысалы, сіз монотонды киініп алып, мойныңызға қанық түсті орамал тақсаңыз, қарапайым киіміңіздің өзі сәнді болып шыға келеді.

«Бизнесті жас кезіңде бастаған дұрыс»

  1.  «Жұмыс істегің келмесе, сүйген ісіңмен айналыс» дейді ғой, мен де соны айтамын. Егер ол саған ұнамаса қанша қаражат құйсаң да, алға жылжымайсың.
  2. Бизнесті неғұрлым жас кезіңде бастаған дұрыс. Ол кезде қорқыныш сезімі онша дамымаған, көп нәрседен хабарың жоқ, оның үстіне жастық максимализм бар. Маған дәл қазіргі жасымда бизнес бастау өте қиын болар еді. Ұзақ ойланар ма едім?
  3. Үлкен іс бастау үшін қомақты қаражат болуы міндетті емес. Бәрін кішігірім нәрседен бастау керек. Қазір әлеуметтік желілер арқылы бизнес жасап отырғандар да бар.
  4. Өз идеяңа сену керек. Қандай дағдарыс болса да. Егер сізге бұл идея жұмыс істейтіндей болып көрінсе, ештеңеге қарамастан іске кірісіңіз. Көбі кеңес сұрап уақыт жоғалтады. Біреу оған қолдау білдірсе, келесісі «Ой, жоқ, бұл идеяның болашағы жоқ» деуі мүмкін. Өзің идеяңа сенесің бе? Сол жеткілікті.

Әйел адамның бизнестегі бір күні

Екінші балам өмірге келген соң, толық жұмыс барысына ілесе алмаған кездерім болды. Балам қырқынан шыққанша одан алыстаған жоқпын. Таң да, түн де сәбимен өтеді. Қазір бұрынғы жұмыс режиміне ақырындап еніп келе жатырмын. Күндіз 3-4 сағатқа жұмыстармен шығып келемін. Бірақ баламды емізетін уақытқа дейін ораламын. Көбінесе телефон, Skype арқылы келіссөздер жүргіземін. Үйдің тірлігін кешке, түнде тындырып қоямын.

Алдағы уақытта жұмысқа белсендірек араласуды жоспарлап жүрмін. Екі айдан кейін іссапарға кетемін.

Әсел Әділдің арманы

Әсел Әділ Adili ұлттық орамалдар
©SZH.kz

Елімізде қазақстандық мақта-мата өнеркәсібін құрғым келеді. Бәрі елімізде өндірілсе… Отандық мақта-мата өндірісі айналымға шығып, ұлттық бренд қалыптасса… Жақсы мамандар базасы құрылып, білікті дизайнерлер болса…

Қазір университет бітірген дизайнерлер түрлі графикалық бағдарламаларды білмейді. Тек теорияны оқып, қағазға сызып қана қояды. Дұрыс емес. Оларды студент кезінен өндіріске араластыру керек.

Сосын мемлекет тарапынан біз сияқты отандық өнімдерге қолдау көрсетсе жақсы болар еді. Мысалы Түркияда шетелде сауда нүктелері бар брендтерге арналған мемлекеттік бағдарлама бар. Онда брендтің ғимаратты жалдау ақысының 60-80%-ын мемлекет төлеп береді. Бұны бізге енгізсе, үлкен қолдау болар еді…

Ең бастысы балаларымыз аман, әрі бақытты болса екен…

Әсел Әділ Adili ұлттық орамалдар
©SZH.kz

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Дарын Шөкенов

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Өз пікіріңізді қосыңыз

avatar
Аноним

Tauarlary jays burak ote kymbat. Ekinin biri satap ala almaidy.

wpDiscuz