50 жас кәсіпкер жобасының демеушісі — еліміздегі сайт, мобильді қосымша, IT платформалар мен бағдарламалар жасайтын IT холдинг — Bugin Group компаниясы.

Нұрболат Құсмағұл
©SZH.KZ

Өзге қатарластарыммен салыстырып қарасам, білім алуда жолым болған екен. Ақтөбе қаласындағы қазақ-түрік лицейін бітіргеннен кейін, «Болашақ» бағдарламасымен Германияға оқуға аттандым. Сонда білім алып жүріп, кәсіпкерлікпен айналысу туралы ой келді. Жалғыз өзім емес, лицейде бірге оқыған достарыммен осы идеяны жүзеге асыруды мақсат етіп жүрдік. Ол кезде қазіргі серіктестерім Самат Исказиев пен Дагар Давлетов те «Болашақпен» АҚШ-та білім алып жатқан еді. Ара қашықтығымыз ұзақ болса да, идеямызды талқылап, оны бір бағытта дамытып отырдық. «Method» оқу орталығын ашқанға дейін де технология саласындағы бірнеше стартаптарға идеялар болды. Соның бірі мейрамхана тағамдарына онлайн тапсырыс беруге болатын grub.kz жобасы еді. Оңай ақшаның көзі ғой деп осы кәсіппен екі-үш жыл жұмыс істеп көрдік, алайда нәтиже шықпады. Сөйтіп 2014 жылы жазда grub.kz-ті шетке қойып, «Method» идеясын қолға алдық. Басында шағын ғана ортаға веб-сайт жасауды, бағдарламалауды үйреттік. Олардың барлығы 30-40 жастағы ересек адамдар еді. Кейіннен дәл сол оқушыларымыз бізге өз балаларын оқытуға әкеле бастады. Алғашында 30 оқушымыз болды. Кейіннен 50, 100 оқушы, ары қарай өсе берді. Осы жылы тек жазғы семестрде 200 оқушыға білім бердік. Бастапқы жоспарымыз бойынша да оқу орталығын ашу мақсатымыз еді. Grub.kz жобасы арқылы капитал жинап, кейіннен осы жобаға ақша құямыз деп ойладық. Ол қате пікір болып шықты. Бір түйгеніміз, жетістікке жету үшін нақты бір нысанаға бағытталу керек екен.

Біздің елде бір кәсіпкердің типографиясы жақсы дами бастаса, мейрамхана ісінде де кіріс мол деп, екінші бағытқа көшіп кетеді. Бұдан айтарлықтай үлкен нәтиже шықпайды.

"Method" бағдарламалау мектебінің ұжымы
«Method» бағдарламалау мектебінің ұжымы. ©SZH.KZ

Шетелдегі оқудан елге оралған соң, инженерия саласында мықты компанияларға қызметке тұруымызға да болатын еді. «Қажетті сала болғанымен, онда қызмет еткеніміздің пайдасы айтарлықтай көп болмас. Ал білім орталығы арқылы біз бір уақытта бірнеше маманға өз көмегімізді бере аламыз» деп шештік. Қазақстандағы мектептердің, университеттердің бағдарламалау саласындағы білім жүйесі ескіріп кетті. Әлі күнге дейін 90-жылдарда дайындалған жүйе жұмыс істеп тұр. Неліктен министрлік бұған көңіл бөлмей жатқандығын білмеймін. Дегенмен, біздің елдің азаматтары осы саланың маңыздылығын түсініп келе жатыр. Қазіргі уақытта «Method» әлемде үздік ондықтың қатарында. Басқа мемлекеттерде соңғы 2-3 жылдың ішінде біздің бағытымыздағы бірнеше оқу орталықтары ашылды. Алайда көптеген мемлекеттер бағдарламалаудың арнайы мектебін ашуды әлі қолға алған жоқ. Себебі сұраныс төмен.

"Method" бағдарламалау мектебі
©SZH.KZ

«Кез келген адам бағдарламалауды үйрене алады»

Мектепке 10 жастан бастап аламыз. Әр топта төрт-сегіз оқушыдан оқытылады. Бағдарламалауды кез келген адам үйрене алады. Оның тек логикасы, абстракциялы ойлау қабілеті жақсы болса жетеді. Оқу мерзімі үш — жазғы, күзгі, көктемгі — семестрге бөлінеді. Оқушыларымыз қыста демалыста болады. Әр семестрді аяқтағанда, сертификат табыстаймыз. Емтихан балаларға стресс береді, сол себепті біз белгілеген жобаны соңына дейін жеткізсе, келесі семестрге өткендігін мақұлдаймыз. Маңыздысы бағада емес, нәтижесінде. Бұл жүйенің барлығын тәжірибе арқылы өзіміз құрастырып келе жатырмыз. Ұстаздарымыз үш тілді жетік меңгерген. Оларды жұмысқа қабылдайтын кезде осы талапты қоямыз. Оқушыларға мұғалімдер олар қалаған тілінде түсіндіріп береді. Бірінші деңгейде бағдарламалауды, веб-сайт жасауды, келесі деңгейде Google қолданатын кәсіби тіл Питонды үйретеміз. Осы екі деңгейден өткен соң, әркім өз специализациясын таңдайды. Кейбіреулері тек олимпиадаларға дайындалса, басқалары веб-программист болады. Жазда мобильді қосымша жасау бағытын қостық, қазіргі уақытта робототехника мамандығын ашып жатырмыз.

"Method" бағдарламалау мектебі
©SZH.KZ

«Мethod» осы уақытқа дейін 600-дей оқушы, 100-ден артық ересек адамдарға білім беріп үлгерді. Біздің негізгі нысанамыз оқушыларға бағытталған. Олар олимпиадалық жарыстарда да жоғары деңгейде нәтиже көрсетіп келеді. Жарты жыл ішінде 3-4 жыл бойы оқып жүрген балаларды озып кеткендері де болды. Орташа есеппен оқу ақысы 25 мың теңге. Кейде серіктестеріміз бағаны көтеруді сұрап жатады (күліп). Меніңше, білім алу қолжетімді болуы керек. Кейде оқушының әлеуметтік жағдайына қосымша жеңілдіктер жасаймыз. Тегін оқып жүрген оқушыларымыз да бар.

"Method" бағдарламалау мектебі, оқушы
©SZH.KZ

Ақша табу оттегі тәрізді. Алайда біздің көздегеніміз ол емес. Қазіргі уақыта Астанада бір орталығымыз ашылды. Болашақта Қазақстанның ірілі-ұсақты барлық қалаларында өз оқу орталықтарымызды ашуды көздеп отырмыз. Үлкен жетістіктерге қол жеткізбесек те, бізге қарап басқа мектептер де ашылып жатыр. Біз үшін бұл — қуаныш. Себебі бізбен мақсаты бір адамдар саны көбейеді, нарықты кеңейтеді. Бағдарламалаудың танымалдылығы да артады. Алматыда осы тенденция басталып кеткендігін байқаймын. Негізі әлемде бағдарламалау саласы бойынша білім берудің нақты жүйесі қалыптасып үлгерген жоқ. Тіпті АҚШ-та, Силикон алқабында да дәл осы көрініс орын алып отыр. Олар да біз сияқты эксперимент жасап көруде. Нақты бір көшбасшы әлі алға суырылып шыққан жоқ.

«Шетелдерден сұраныс түсіп отыр»

Араб әмірлігіне барып тегін сабақтар жүргізіп көрдік. Оған тек арабтар емес, Австралия, Филиппин оқушылары қатысып, сабақтарымызды қатты ұнатты. Келешекте Сан-Францискодағы Силикон алқабында да дәріс берер болсақ, оларда да осы реакция болатындығына сенімдімін. Алдағы бір айдың ішінде Абу-Дабиден бір орталығымыз ашылады. Бұл біздің бірінші халықаралық экспансиямыз болмақ. Шетелдіктердің бізден ешқандай айырмашылықтары жоқ. Балалар да, ата-аналар да біздің елдегі азаматтар сияқты ойлайды.

"Method" бағдарламалау мектебі
©SZH.KZ

«Бағдарламалауға қыздар әлдеқайда қабілетті»

Көп адам бағдарламалау тек ер адамдарға арналған сала деп ойлайды. Тәжірибем арқылы байқағаным, қыз балалар бұл салаға әлдеқайда қабілетті. Бағдарламалау тек логиканы ғана емес, сабырды да талап етеді. Себебі мұны меңгеруге көп уақытыңды арнауың керек. Табандылықтың қажеттілігі осы уақытта көрінеді. Ал бұл қасиет қыздарда басымырақ болады. Бірақ бізде қалыптасқан — қыздардың ісі емес деген — стереотип бар. Сол қағиданың әсерінен оқушыларымыздың арасында қыз балалардың үлесі 20 пайызды ғана құрайды. Бұл тек Қазақстандағы емес, әлемдегі құбылыс.

Нұрболат Құсмағұл
©SZH.KZ

«Тіл білмеу экономикамызға кері әсерін тигізуде»

Біздің халық үш тілді саясатты дұрыс қабылдамады. Бәлкім, түсіндірме дұрыс жүрмеген болар. Қазақ-түрік лицейлерінде үш тілдік жүйе жақсы нәтижесін көрсетіп келеді. Әрине ең бірінші орында қашан да қазақ тілі тұруы керек. Өйткені ол — бабаларымыздың тілі. Біздің байлығымыз. Ал екінші орында ағылшын тілі тұруы тиіс. Көп адам «Хакім Абайдың өзі орыс тілін үйрену керектігін айтқан» деп те жатады. Орыс тілі сол кезде қазақ үшін тиімді болды, расымен. Алайда Абай біздің заманда өмір сүрсе, ағылшын тілін үйренуді насихаттайтын еді. Студент кезімде Үндістанның аудандарында болдым. Кей аймақтарында хинди тілін білмейтіндері де бар. Испан мен португал тілі — қазақ-қырғыз тіліндей ұқсас тілдер. Бірақ олар өзара ағылшын тілінде сөйлеседі. Қазір барлық ғылыми еңбектердің, бизнестің тілі ағылшын. Ал біздің елде бұл тіл төмен деңгейде. Шетелдік келіп, біздің азаматтардан бір нәрсе сұраса, жауап бере алмайды, өкінішке орай. Бұл біздің экономикамызға кері әсерін тигізіп жатыр.

Егер бізде бизнес саласындағылар кәсіптен бұрын ағылшын тілін бірінші орынға қоятын болса, экономикамыз әлдеқайда дамитын еді. Неге? Өйткені біз шетелдік компанияларды өзмізге тарта аламыз. Ал, тіл – құрал. Үндістанның көптеген компанияларына американдар келіп бизнесін ашып жатады. Бірінші себеп — ол жақта жұмыс күші арзан, екіншіден, үнділер ағылшын тілін жетік меңгерген. Дәл осы тенденция Филиппинде де орын алып отыр. Олардың да экономикасына ағылшын тілі көп көмектесуде. Біздің компаниялар мейлі шетелге шықпай-ақ қойсын, бірақ тілдік байланыс орната алса, инвесторларды оңай тарта алатын еді. Қазақстанның нарығы өте кішкентай деп айту — бекершілік. Экономика саласына келгенде, 17 млн халықты аз деп ойламаймын.

Ал, үшінші орында орыс тілі тұруы тиіс. Бұл тілге қатысты мәселеде біздің азаматтар эмоцияға қатты беріледі. Оны доғаруымыз керек. Дания, Норвегия, Скандинавия елдеріне қарап үлгі алсақ болады. Норвегия халқының саны 5 млн-ды ғана құрайды. Бірақ олар аз болса да, тілдерін сақтап, дамытып келеді. Скандинавия халықының 95 пайызы сізге ағылшынша жауап бере алады. Бұл мемлекеттер арасында колониялық байланыс көп болған. Алайда олар қазір бір-бірінің тілдерін үйреніп жүр. Ағылшыншаны жетік біледі, сол тілде сөйлесе берсе де болады. Бірақ сауда, экономика үшін енді бір-бірінің тілдерін үйрене бастады. Мысалы, Дания Швецияның тілін үйреніп жүр. Дәл осыны ескере отырып, егер біз орыс тілін ұмытатын болсақ, Ресеймен ғана емес, Беларуссия, Қырғызстан тәрізді барлық посткеңестік мемлекеттермен байланысымызды төмендетеміз. Сол себепті де орыс тілін Ресей үшін емес, өзге көршілеріміз үшін де білуіміз керек. Қазіргі уақытта Англия мен Американың өзі «біз тым құрығанда екі тілді меңгеруіміз керек» деп насихаттауда. Себебі бірнеше тіл білген адамның мүмкіншілігі де көп. Олар осы жағынан ұтылып қалудан қорқады.

Қазақ, ағылшын, орыс, түрік, неміс тілін жетік білемін. Кезінде тіл үйренуге көп акцент қойдым. Әсіресе романс тілдері қатты ұнайды. Қазір француз, испан, итальян тілдерінде оқып, түсіне аламын. Бағдарламаушы үшін бұл да — қажетті қабілет. Ағылшын тілінсіз бағдарламалауды меңгеру қиын. Бағдарламалаушылар Google-ды өте жақсы көреді (күліп). Кейде мәселелі сұрақтың жауабын Google-дан ағылшын емес, неміс, испан тіліндеріндегі ақпараттардан табамын.

Бізге қарап ашылып жатқан мектептер бар. Біздің көздегеніміз де осы – Қазақстанда бағдарламалауды сапалы үйрету. Оны біз үйретейік, басқа біреу үйретсін, мейлі. Сондықтан да мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық қалаларынан орталықтарды ашуды көздеп отырмыз. Монополист болсақ, дамымаймыз. Сол себепті «Method» халықаралық компания болуы керек деп ойлаймын.

«Бізден де өз Стив Джобстарымыз шығады»

Менің замандастарым – оңай заманның буыны емес. Тәуелсіздікпен құрдас, жаңа экономиканың өкілі. Кезінде коллективизация болса, қазір капитализм нарығы. Біз үшін ең қиыны – осы. Америка жастары әке-шешелерінің тәжірибесіне сүйене алады. Өйткені олар да — капиталистер. Ал біздің ата-аналармыздың тәжірибесі біздікімен бірдей, кейде төмен болып жатады. Екінші қырынан қарасақ, біздің жастар әлемде бір өзгерстер болып жатқанын сезіп отыр. Мұнай бағасының құлауы да жақсы әсер етуде (күліп). Қазіргі жастар мұнайшы болуға емес, инновацияға көңіл бөле бастады. Осыдан 5-10 жыл бұрын ҚазМұнайГазға, Самұрық қазынаға, әкімшілікке қызметке тұруды мақсат етсе, қазіргі уақытта бизнеске, әлемге ықпалды, инновациялық компанияларда жұмыс істеуді ойлай бастады. Өз замандастарымның, оқушыларымның талпыныстарын байқап, жарқын болашақты елестетемін. Бізден де өз Стив Джобстарымыз шығады.

Нұрболат Құсмағұлдан кеңес

  1. Ата-ана неден қателеседі? Баласының күнделігін ашып, химиядан алған үштікті көреді. «Химияң нашар ғой. Саған репетитор жалдайық» деп, мәселені шешуге тырысады. Қате. Олар күнделіктегі тарихтан, музыкадан алған бестікті байқамайды. Біз өмірімізді кемшіліктерді түзетумен ғана өткізіп аламыз. Алдымен адам өзінің артықшылықтарына басымдық беруі керек. Бойда бар жақсы қабілетті дамыту қажет.
  2. Елдің бәрі бизнеспен айналысып жатыр деп, адасып басқаның жолын таңдамау керек. Ақша, карьера үшін қызмет ету жетістікке апармайды. Өз жан дүниеңе сай бағытты таңда.
  3. Мектепте төмен бағамен оқыған бала өзін ақылсызбын деп есептейді. Бұл — адамдардың тек дарынға көп көңіл бөлуінен туындаған пікір. Оны табиғаттан алған сыйы, ерекшелігі деп біледі. Барлық жетістікке жеткен адамдар дарын арқылы емес, еңбектенумен өз бақытын тапқан. Өзіңе сен.
  4. Ең басты кеңесім — ешкімнің кеңесін тыңдамау керек.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Дарын Шөкенов.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Өз пікіріңізді қосыңыз

avatar
Айдос

Жарайсың бауырым!!!!

Аноним

КТЛ алға. Інімді осы мектепке беремін. Осы мектепте оқығандардың барлығы дарынды болып шығады.

Аноним

Жарайсың!

Аноним

Kalai osy mektepte okuga bolad…

Аноним
Негізгі ойлары жақсы. Жеке басының тəжірибесі екені көрініп тұр. Əсіресе, ең басты кеңес — ешкімнің кеңесін тыңдама дегені. Ең өкініштісі ағылшын тіліне қатысты пікірі мен министрлікке қатысты ойында жастық жалынды балалық асығыстық бар. Ондай ой айту үшін бір КТЛдің тəжірибесі жеткіліксіз. Бизнес аштым деп Мемлекеттік деңгейде ой айту Нұрболат інішекке əлі ертерек. Қазіргі министр де мықты бизнесмен. Оның да ойы Нұрболатқа ұқсайды.Оның үлкен қателігі білім жүйесін бизнесменнің көзқарасымен басқаруы. Медецина мен білім жүйесі өте спецификалық сала. Оны Бір бизнес тәжірибемен басқару елді мәңгүрттікке алып баруы мүмкін. Сондықтан Нұрболат бизнесті жене бағдарлау саласының мықты маманы ретінде ғана ақыл кеңес беруін құптаймын.
Аноним

Побольше бы таких талантов как Нурболат! Удачи в твоих делах!

wpDiscuz