Сейтқазы мен Әсет Матаевтарға қатысты сот үкімі шықты

Бүгін Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі болған Сейітқазы Матаев пен оның ұлы «ҚазТАГ» ақпараттық порталының бас директоры Әсет Матаевқа қатысты сот шешімі шықты.

Дереккөз: BAQ.kz
0
Сейітқазы Матаев

Астана қаласының № 2 Есіл аудандық сотының судьясы Ақболат Құрмантаев айыпталушыларға қатысты сот үкімін оқыды. Сот үкімімен Сейітқазы Матаев ҚР Қылмыстық кодексінің 245-бабы, 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның ұлы Әсет Матаев 190-бабы 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға сотталды.

Сейітқазы Матаевтың енді мүлкі тәркіленеді. Өмір бойына мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапты функцияларды атқару ісімен айналысу құқығынан айырылады. Сейітқазы және Әсет Матаевтар жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колонияларында өтейтін болады.

Айта кетейік, бұған дейін тергеу кезінде Сейітқазы Матаевтың журналистік ортадағы атақ-беделін пайдалану арқылы «Қазақтелеком» АҚ жарнамаларын БАҚ беттеріне жариялауда жеңілдіктер жасатып, осылайша, жарнамалық материалдың жазылуы мен жасалуына еш қатысы болмаса да акционерлік қоғам төлеген қаржының 50 пайызын өз қалтасына басып отырғаны анықталған. Сондай-ақ «Ұлттық баспасөз клубының» есебінен мейрамхана мен дүкендерге 279 миллион теңге жұмсағаны, 2010 жылдан бастап 2015 жылға дейін Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне жалпы сомасы 169 млн теңге көлемінде залал келтіргені айтылған болатын.

Тәркіленген мүліктер

5 және 6 жылға бас бостандығы мен жеке мүліктерінен айыру жазасынан бөлек, азаматтық шағым бойынша, сот сотталған азаматтардан 339 млн теңге өндіруге үкім шығарды. Сейтқазы Матаевтың тәркіленген мүліктерінің тізіміне Алматы тұрғын үй кешеніндегі пәтер мен тұрғын үйге жатпайтын жай, Ұлттық баспасөз-клуб ғимараты, сондай-ақ, Астанадағы «Журналистер үйі» ғимараты бар.
Судья Ақболат Құрмантаевтың үкімі бойынша, сотталған Сейтқазы Матаевтың Алматы қаласы, Медеу ауданы, Горная көшесі,  276-1″Арман Вилл» тұрғын үй кешеніндегі пәтер; аталған кешендегі екі автотұрақ; «Арман Вилдағы» тұрғын үйге жатпайтын жай; Астана қаласы, Орынбор көшесі, 8-үйдегі жер телімі; Орынбор көшесі, 8-дегі пәтер; Алматы қаласы, Фурманов көшесіндегі Ұлттық баспасөз клубының ғимараты тәркіленіп, мемлекет меншігіне өтті. Ал Әсет Матаевтың Алматы қаласындағы бір пәтері мен үш жеңіл көлігі тәркіленді. «Әсет Матаевтың Алматы қаласы, Медеу ауданы, Горная көшесі 276-1,»Арман Вилл» тұрғын үй кешеніндегі  пәтер; 2007 жылғы Тайота Камри, Тайота Лэнд Крузер және 2014 жылғы Лексус көліктері тәркіленіп, мемлекет меншігіне өтсін», — деді судья.

Төлеу керек

Одан бөлек, сот айыпталған азаматтар атына түсірілген азаматтық шағымды қанағаттандырды. Оған сәйкес, сотталған азаматтар Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне 169 млн теңге, «Қазақтелеком» АҚ-ға 143 млн 960 мың теңге төлеу керек.  Сейтқазы Матаев «2011-2015 жылдары салықтан жалтарды» деп айыпталып, 216 млн 952 мың 683 теңге төлеуге міндеттелді.
Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Өз пікіріңізді қосыңыз

avatar
wpDiscuz