Қуандық Рахым: Аптасына 2 рет кітапханаға барамын

"Сенің күлкіңнен аумайды" әнімен танылған Қуандық Рахым жарты жылдың ішінде көпшіліктің ықыласына бөленді. Жаңа әндерімен жиі қуантатын әншінің шығармашылығындағы өзгерістер мен жеке өмірі тыңдармандардың қызығушылығын білдіруде. Бұл туралы Қуандық Рахым: "Тыңдармандарымның көпшілігі студент қыздар" деп ағынан жарылды.

4
Қуандық Рахым

«Әнге баулыған — анам»

Мен Орталық Қазақстан, Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының тумасымын. 1992 жылы 9 қыркүйекте дүниеге келдім. Өнерлі отбасынан шықтым. Анам кезінде Жезқазған өңірінің белді әншісі болды. Бойымдағы әншілік қабілет нағашы жақтан дарыды. Үйде 4 ағайындымыз. Бәріміз де өнерден құр алақан емеспіз.

Ең алғаш әнге баулыған — анам. Сосын Сәтбаев қаласындағы ұстазым Айгүл Жұмашқызы тәрбиеледі. 9-сыныпты бітірген соң Қарағандыда Тәттімбет атындағы өнер колледжінде дәстүрлі ән бөлімінде білім алдым. Мұнда ҚР мәдениет қайраткері Мейірхан Адамбековтен сабақ алдым. Қазір Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның 4-курсында оқимын. Консерваторияда Ардақ Исатаеваның жетекшілігіндемін.

 «Әндерім еуропалық стильде емес»

Қуандық Рахым

Дәстүрлі әннен эстрадаға ауысқанымның да өзіндік себебі бар. Өйткені, біз жастарға бірден дәстүрлі әнді тыңдатып кете алмаймыз. Эстраданы айтып, кейін арасында дәстүрлі әнді тыңдатсақ олар жақсы қабылдайды.

Мәселен, өткенде маған бір қыз орысша жазды. «Мен бұрын қазақша әндер тыңдамайтынмын. Сіздің әндеріңізді тыңдағаннан кейін ғана қазақша әндерге мән беріп жүрмін» деген. Мысалы, соларға ертең дәстүрлі әндерді тыңдатсақ, домбырамен ән салсақ олар да үйренеді деп ойлаймын.

Менің әндерім еуропалық стильде емес, қазақи бағытта. Дәстүрлі әнші болған соң, эстрадаға келгенде мені халық жақсы қабылдады. Аз уақыттың ішінде танымал болуыма да осы әсер еткен болар. Өйткені, халық дәстүрлі мақамдағы әншілерді жақсы көреді.

«Уайымдама» — авторлық ән

Көптеген дәстүрлі әндер байқауына қатыстым. Эстрадаға 1,5 жыл бұрын келдім. Әуелгіде өзімнің «Уайымдама» атты авторлық әнімді жаздым. Сөзі — кезінде айтыстың дүлдүлі болған, Жүрсін Ерман ағамыздың «шекпенінен» шыққан Мұқағали Сейтқазы деген ақын бауырымның туындысы. Ол кезде продюсерім жоқ. Тек осы «Уайымдама» және «Қырғыз қызына» деген екі әнім болды. Марат Балмырзамен жарты жыл бұрын инстаграм желісінде таныстым. Негізі сырттай танимын. Танымал адамдармен жұмыс жасағанын көрдім. Содан инстаграмнан дайрект арқылы шығармашылық байланыс жасауға ұсыныс тастадым. Ол кісі қуана келісті. Басында «Әндері қымбат болса, қалай сатып аламын» деп ойландым. Ән сатып алатындай сол уақытта  жағдай да жоқ. Бірақ, танысқан сәттен-ақ ағамен рухани жағынан бір-бірімізге өте жақын екенімізді түсіндік. Сөйтіп, бірге жұмыс жасай бастадық. Ақпан айында «Сенің күлкіңнен аумайды» деген Марат Балмырзаның сөзі мен әніне жазылған туындыны репертуарыма қостым. Осы ән Марат ағадан алған менің алғашқы әнім болды. Әрі қарай көптеген әндерді жарыққа шығара бастадық.

Қуандық Рахым

«Сенің күлкіңнен аумайды» әнінің шығу тарихы жоқ»

«Сенің күлкіңнен аумайды» әнінің шығу тарихы жоқ. Мен Марат ағаның студиясына барған кезімде осы әннің қайырмасы ғана дайын тұрды. Қайырмасын айтып бергенімде Марат аға дауысымды ұнатты. Сол бойда шумағын жазылды да ән дайын болды. Сөйтіп, өзіміз видеоға түсіріп әлеуметтік желіге жарияладық. Әннің тыңдалымы жақсы болды. Осылайша сәтті шыққан ән деп айтуға болады. Осы әнге бейнебаян түсірдік. Алла қаласа, жуық арада жарыққа шығады. Сюжеті керемет. Өздеріңіз көресіздер ғой. Қазір монтаждалу үстінде. Негізі бейнебаянды халықтың көңілі қалаған әніне түсіруге тырысамыз.

«Қалай да» әнін жақында жаздырдым. Тағы да әлеуметтік желінің пайдасы болды. Негізі дұрыс жағынан пайдаланса жақсы көмектеседі ғой. Инстаграмда бір досым Ерболат Қарақойшиевтің бір өлеңін жіберді. Өлеңдері ұнады. Содан оның парақшасына кірдім. Дайректке Ерболатқа жаздым. Сөйтсем ол да мені 2-3 айдай іздеген екен. «Осы ән Қуандық Рахымның дауысына келеді» деп сақтаған арнайы өлеңдері бар екен. Мен жазған кезде қуанып кетті. Маған 2-3-еуін ұсынды. Ішінен осы «Қалай да» әні ұнады. Аса бір тұңғиыққа батырмайтын көңілді ән. Сонысымен ерекше және сондай әндер бізге керек. Кеше ғана әннің тұсауын кестік.

«Жанна Абуова «аңыз адам» боп көрінді»

Жанна Әбуованың атын бұрын естіп жүрдім. Шыны керек, бізге «аңыз адам» ретінде көрінді. Көптеген адамдарға әлі де солай шығар. Бірақ, маңдайымның бағы бес елі. Ол кісінің жетекшілігінде болғаныма қуанамын. Қазір Жанна Абуова анамдай, мен оның баласындай болып кеттім. Жанна Абуоваға мені таныстырған музыкалық продюсерім Марат Балмырза болды. Алғашқыда әндерімді тыңдатқан. Сөйтіп, Жанна Абуова қызығушылық танытып, мені шақыртты. Қазір осы кісінің жетекшілігіндемін. Марат аға екеуміз Studıo One орталығында бірігіп жұмыс істеудеміз.

Болашақ жарым ұрпақ тәрбиесінде қазақилықты балаларыма сіңіретін адам болуы керек. Өйткені, «гламурная» қызды алатын болсам, бала тәрбиесіне көңіл бөлмей қалуы мүмкін. Қазаққа әуелі жақсы ұрпақ керек. Әлбетте, таңдаған жарымның имандылығы, сүйкімділігі, тартымдылығы болады ғой. Болашағымды 4-5 қарадомалақтың анасы болып, үйде отыратын қазақылық бойына сіңген арумен бірге елестетемін. Әзірге үйлену ойымда жоқ. Дегенмен, уақытын кесіп айта алмаймын. Мүмкін, алдағы 2-3 жылдың көлемі болар.

«Алматыда концерт беру ойымызда бар»

Алдағы уақытта шығармашылығымзда көптеген жаңалықтар орын алмақ. Өзіме шығармашылығы қатты ұнайтын Еркін Нұржановен дуэт айтамыз деген келісімге келдік. Бұйырса, орындайтын әнді ойластырудамыз. Қатты құрметтейтін аға буын әншілерден Нұрлан Өнербаев, Мақпал Жүнісова аға-апайлармен дуэт айтсам деген ойым бар. «Қалай да» әні шыққаннан бері тыңдармандарым «Төреғалимен дуэт айтсаң қалай болады?» деп өздерінің ұсыныстарын жіберіп жатыр. Мұны да ойланып көреміз. Жоспарда бар.

Қуандық Рахым

Аллаға шүкір, халыққа енді танылып жатырмыз ғой. Қазіргі уақытта қалаларға шығып концерт беру туралы үлкен ұсыныстар түсіп жатыр. Шымкент қаласына баруды ойластырып жатырмыз. Бұйырса, қараша айларында Ақтөбе, Орал қалаларында болуымыз мүмкін. Алматы қаласындағы ЖОО-да да студенттермен кездесіп, концерт береміз деген ойымыз бар.

«Жеке көлігім жоқ»

Біз жасап отырған жұмыс әлі бастамасы. Тіпті, бастама деген сөздің «Б» деген әріпі ғана. Алла қаласа, тыңдармандарды көп қуантамыз. Жеке көлігім жоқ. Таксимен жүремін. Көпшілік таң қалатын болар, өз басым көлік дегенге қызықпаймын. Маған жететін жеріме жетсем болды.

Ақиқаты керек, қатты танылып кеттім деп айта алмаймын. Әлі де жұмыс істеу керек. Бірақ, Аллаға шүкір, осыдан бұрынғы 3-4 аймен  салыстырғанда көп өзгеріс бар. Тыңдарманымның көбі студент қыздар ғой (күлді). Қарапайым тойға барсам да, қайырымдылық концерттеріне қатыссам да, саябақта жүрсем де студенттер танып, суретке түсіп жатады. Көбіне қызық жағдайлар таксиде орын алады. Өйткені, мені тегін әкеліп тастайтындай жағдайлар жиі болады. Бүгін ғана 50 жастағы ер адам жылы лебізін білдіріп, таксимен тегін жеткізді. Халықтың ықыласына ризамын. Мен оқып жатқан консерваторияда да ұстаздарымыздың көбі өздерінің кішігірім тойларына, қуаныштарына жіберіп жатады. Бұл маған сабақ жағынан үлкен көмек болады (күлді).

Қуандық Рахым

Негізі «91» тобының келбеттері, экраннан сөйлеген сөздері өте дөрекі. Былайша айтқанда, «бытовой» дейді ғой. Мүмкін, ол шетелден әкелген стиль де шығар. Бірақ, ол қазаққа зиянын тигізбесе, пайдасын тигізбейді. Өйткені, осы уақытқа дейін «ән айтқым келеді» деп талпынып жүрген балалар  телеарналарға сұхбат бергенде үлкен дайындықпен келетін. Оны үлкен жауапкершілік санайтын. Ал, олар сөйлеу мәдениетін түсіріп жібергендей көрінеді. Келбеттерін дұрыстаған жөн. Келешек ұрпақ оларға еліктейтін болса, онда қиын болады-ау…

«Аптасына 2 рет кітапханаға барамын»

Кішкене кезімнен Сәкен Майғазиев, Айдар Тұрғанбек ағаларыма еліктедім. Кейін дәстүрлі әнге бет бұрған соң Досымжан Таңатаров, Тоқтар Серіков, Саят Медеуовке ұқсағым келді. Сөйтіп, қазақи үн мен эстрадаға еліктеушіліктен осындай өзімнің ерекше дауыс тембрім шықты деп ойлаймын. Дауысымды ешқашан күтпеймін. Ертең концерт деген күні салқын су, балмұздақ бәрін жей беремін.Тамағымның қарлығып қалуы жылына 1 рет кездеседі. Бұл қатты тоңғаннан, жаңбырдың астында қалғаннан болады. Көп жағдайда дауысым бірқалыпта тұра береді.

Қуандық Рахымның күні сабаққа барумен басталып, студияда аяқталады. Үйге түнгі 2-3-те қайтатын кездерім бар. Бос уақытым болса кітапханаға барамын. Концерттерге қатысамыз. Кітапханаға аптасына 2-3 рет барамын. Соңғы оқыған кітабым — Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» кітабы. Қазақтың тарихы туралы кітап болғандықтан ұнады.

Қуандық Рахым
Өнер саласында жүргендіктен өнерден тыс мәселелерге араласпаймын — Қуандық Рахым

«Халықпен жұмыс істеген ұнайды»

Кез келген қазақтың тойға шыққаны сияқты мен де тойда өнер көрсетемін. Біздің мақсатымыз — таза тойға жұмыс істемеу. Көбісі «той беделіңді түсіреді» деп жатады. Мен бұл пікірмен келіспеймін.

Барлық желіде бармын: Вконтакте, ФБ, Инстаграм. Инстаграмда көп отырамын. Онда тілеулес болған жандарға дайректке рахметімді айтып жазып жіберемін. Енді бастап жатқаннан кейін бе маған халықпен жұмыс істеген ұнайды.

Тыңдармандарыма рахмет! Әндерімізге сүйіспеншілік танытып, мән беріп, тілектер айтып жатқаны үшін алғыс! Эстрадағы қазақи әндердің тыңдармандары көп болсын! Сол үшін еңбек етеміз деп уәде беремін!

Сұхбаттасқан Айзада Жайыққызы

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Өз пікіріңізді қосыңыз

avatar
Аноним

Жарайсың бауырым. Уайымдама әнің шынымен де халықтың көңілінен шыға білді. Жақсы жақсы әндерді күтеміз. Қанатың самғай берсін!

Асылбек

Неге қыздар? Ер балаларда таңдайды. Керемет ән ғой! Дұрыс жүріп, елдің еңсесін түсірмейтін әнді барлығы тыңдайды. Нағыз қазақ домбыра.

Мадина

Симпатичный ?

Нұрс

иншалла, Төрештен оза шабарсың бауырым!) тек алға!!!!

wpDiscuz