«04:29» фильмі немесе екеуге ортақ бір үміт

Көрермендерді атауымен-ақ қызықтырған "04:29" фильмі кинотеатрлардан 22 қыркүйектен бастап көрсетіліп жатыр. Фильм ресжиссері Мереке Мұқан. Неге 04:29?

0
04-29 фильмі

«- Жақсы жерді таңдапсың!

— Түсінбедім?

— Жақсы жерді таңдапсың деймін (секіруге), бұл жердің биіктігі 20 метрдей болады…»

Осы қысқа диалог қос ғашықтың үлкен махаббатына бастаған тілдесу еді. Тағдырдың басқа салғанына морт сынған екеу өз-өзіне қол жұмсау үшін көпірге келіп, өмір сүруге үміт табады. Екеуге ортақ бір үміт.

Әлихан – ойынхана қызметшісі. Ажар – анасы қайтыс болған соң, төсек жаңғыртқан әкені кешіре алмаған бойжеткен. Екеуін өмірмен қоштасуға не итермелегенін емес, фильмнің жетістігі мен кемшілігін айтайық.

Басты рөлдерді Ербол Семқұлов пен Карина Габриеэль сомдайды. Айта кетейік, Ажар образы – Каринаның үлкен фильмдегі дебюті. Алғашқы қадамы жаман емес.

Ал, Семқұловты «Қара шаңырақ», «Падает вверх» фильмдерінен, «Аяулы арман» сериалынан көргенбіз. Ербол «Аяулы арманда» басты рөлдегі Аңсар есімді жігітті ойнаған еді. Актер бұл фильмде де жанарында кінәраты бар образды сомдайды. Естеріңізде болса, «Аяулы армандағы» Аңсар жанарынан біраз қиындық көретін еді.

фильм 600 миль 04-29
«600 миль» және «04:29» фильмдерінің жарнамалық суреті. Ұқсастық байқадыңыз ба?

Ербол Әлихан образын сәтті алып шықты. Алайда, кемшілік те жоқ емес. Біраз қателік сценарийден кеткені көрініп тұр. Себебі, қымбат көлік мініп, қымбат смокинг киіп, қымбат сағат тағып, қымбат ресторандарда отырып, парашютпен секіруге ақшасы бар Әлиханда ота жасатуға ақша жоқ. Ал, актердің ойынына келетін болсақ, фильмде Әлиханның Ажарды жұбататын тұсы бар. Қыз егіліп, мұңын шағып отырғанда, жігіттің жанарынан ойнақылық байқалады. Құдды күлкісі келіп отыр ма дерсіз. Ерсілеу көрінді. Алайда, бұл бір сәттік көрініске бола актердің бүкіл ойынын жоққа шығару әбестік болар еді.

Фильмде сценарийді тірілте алмаған жансыз образ да жоқ емес. Сөз қыздың әкесі туралы. Тым жасанды. Ренжіп кетіп, талай жыл бойы тіл қатыспаған әке туған күнімен құттықтап келген қызын тым жасанды қарсы алды. Бұл сценарийден кеткен қателік емес. Әйтпесе, ренжіп кеткен қызы бәрін кешіріп, өз аяғымен келгенде әкенің жанарына жас іркілмесе де, бір толқыныс болуы керек еді. Бәрі құрғақ сөздің айналасында қалды. Есесіне, Сұлтанна Каримова өгей ана рөліне сендірді. Отандық «Жаным» сериалында қандай образда жүрсе, «04:29» да дәл сондай ойын көрсетті. Бірақ өсу бар. Себебі актерден әкетіп бара жатқан жасандылық көрмейсіз. Әке мен қыздың табысқаны қалай әсер еткенін өгей ана қас-қабағымен-ақ танытты.

Фильмнің музыкалық әрлеуінде контраст көп. Қос ғашықпен бірге мұңайып отырып, лезде ойнақы әуен қосылғанда бір эмоциядан екіншісіне секіріп кеткендей боласыз. Сондай-ақ, фильмнің кейбір трейлерінде орындыққа байланған Әлиханнан (Ербол Семқұлов) біреу 04-29 деген жазуы бар қағазды көрсетіп, не екенін сұрап жататын көрініс бар.Қырсық жігіт жұдырық жесе де, ол туралы жақ ашпайды. Міне, осы кадр фильмде жоқ. Бұл көрермен тартып, қызықтырудың амалы секілді көрінді.

Шыны керек, трейлерден осы көріністі көргенде «Жігіт сағат 04:29-да бір нәрсе істеу керек болар» деген ой туындайды. Алайда, фильмнің атауына уақыттың түк қатысы жоқ.

Фильм соңында Құран Кәрімнің Ниса сүресінен «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Ақиқатында Алла сендерге ерекше мейірімді» деген аяты көрсетіледі. Фильмнің атауы осы төртінші сүренің 29-аяты, яғни 04:29. Бір көрермен: «Дінді насихаттайтын фильм сияқты»,- деп қалды. Себебі фильмде Әлиханың анасы намаз оқып, баласы үшін дұға қылады. Оған фильм атауын қосыңыз. Бұл ретте режиссер мен сценаристерді жазғырудың қажеті жоқ, керісінше, ананың баласы үшін қалай дұға етіп, тілек тілейтінін көрсету арқылы балаға ананың қадірін ұғындыруға тырысқаны үшін қол соғу керек. Өйткені, анасының дауыстап жасаған дұғасын естіген Әлихан жаман ойынан бас тартпайтын ба еді? Фильм Әлиханның «Әр түннің артынан бір таңның ататынындай, әр қиындықтың артында бір жақсылық бар. Сен менің таңымсың» деген сөзімен аяқталады.

Мереке Мұқанның бұл туындысы көрерменге осыны айтқысы келді. Бұл режиссердің қолынан келген сияқты. Алайда, фильмнің соңы ертегідей аяқталады деп ойламаңыз.

Айтпақшы, фильм сценарийін Жамит Көшербаев пен Азамат Абжанов жазған. Режиссері: Мереке Мұқан.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Өз пікіріңізді қосыңыз

avatar
wpDiscuz