Еврей халқының президенті Шимон Перес: «Табиғаттың ең үлкен байлығы — адам»

Украинаның астанасы Киев қаласында өткен Ялта Еуропалық Стратегиясында (YES) Израилдің 9-президенті Шимон Перестің сөйлеген сөзі көпшілікке жаңа серпін берген еді. Ол жалқаулық, батылдық пен ертеңге деген үміт жайлы сөз етті.

Дереккөз: Айқын
0
Еврей халқы Шимон Перес

Израильдің саяси қайраткері, экс-президенті Шимон Перес 93 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Оның былтырғы жиындағы сөзі көпшілікті жүр сілкіндірген еді.

Біз жеріміз болса деп арман еттік, бірақ қол жеткізген жеріміз арманымыздағыдай болмады. Ол Таяу Шығыстың мыңнан бір бөлігіндей болатын алақандай ғана жер еді. Және ол бізге қырын келмеді. Жер шалшық, масасы көп. Оңтүстігінде тас пен шөл. Не тастың, не масаның арасында таңдау жасау қалды. Ол жерде екі көл бар еді: бірі — суы таусылған, енді бірі соның кебін киюге жақын еді. Әйгілі өзен бар еді — бірақ оның да суы құрғаған. Ешқандай табиғи ресурстар болмады. Не алтын жоқ, не мұнай жоқ. Ол кезде Таяу Шығыстағы елдер екіге бөлінеді деуші еді — мұнайлы және киелі. Біздікі екінші түріне жататын. Себебі, біз «қу тақыр» едік.

Біз жалғыз едік. Біздің діндес бауырымыз да, тілдес ағайынымыз да, тарихымыз бір көршіміз де болмады. Осының барлығы Холокостан соң орын алды. Біз келдік, бірақ не істерімізді білмедік. Расымен де, білмеген едік.

Жігерлі болудың жолы қандай деп көпшілік сұрап жатады. Бұл — өте оңай. Жетістіктеріңіз бен мақсаттарыңызды ойша есептеңіз. Егер сіздің жетістіктеріңізден гөрі арманыңыз көп болса, демек сіз әлі жассыз.

Содан кейін біз табиғаттың ең үлкен байлығы — адам деп ой түйдік. Жер халықты емес, халық жерді байытты.

Бәріміз ғалым болып кеттік. Израильдегі әрбір шаруа ауыл шаруашылығын сусыз, жерсіз қалай дамыту жолын қарастырдық. Жолын тауып, жетілдіре бастадық. Кейін ол хай-текке негізделген әлемдегі ең алғашқы ауыл шаруашылығы болды. Сол уақытта мен ауыл шаруашылығы университетінде оқып жүрген студент едім. Біз жерді қолдан суаруға яғни ирригация жасауға тырысатынбыз. Ағашты ыстық сумен суарып, солай етсек ол жақсы өсетін шығар деп ойлантынбыз.

Ауыл шаруашылығын жерсіз-ақ, хай-текпен де дамытуға болады екен. Бізде бүгінде су тапшылығы жоқ. Суды, әдетте, жерден шығармайды, оны тауып алып жатады. Біз болсақ, суды шығардық. Осылайша ісіміз оңға баса бастады. Суды тұщыландырып, суды көп қажет етпейтін көкөністерді іздедік, селекциямен айналыстық. Осының құпиясын білгіңіз келсе, мұның сыры мынада: болашаққа сіздің не тапқаныңыз емес, не өндіргеніңіз маңыздырақ.

Бізде адамдар да, қарулы күштер де болған жоқ. Біз ешқашан соғысқан емеспіз, бізде бар-жоғы 450 мың халық болды. Әскери тәжірибе мен генералдарымыз да жоқ еді. БҰҰ Израиль мемлекетін құру туралы шешім шығарғанымен, шын мәнісінде соғыс жүріп жатқан еді. Біздің қолымыз келер не бар? Екі-ақ нәрсе бар.

Біріншісі — адамдары батыл әрі ержүрек болуы керек. Олар біздің жеңістен өзге жолымыз жоқтығын ұғынулары керек. Егер біз бір рет жеңісті қолдан берсек, бәрінің құрығаны.

Екіншісі — бізде қару болмағандықтан, өзіміз жасай бастадық. Әскерді жетілдіру үшін ИТ дамыту қажет болды. Израиль ИТ-сы әскер үшін жұмыс істеді. Себебі, айналамыздың бәрінен қауіп төніп тұрған еді.

Осының барлығын мен не үшін айтып отырмын? Осы уақытқа дейін мен барлық жас қыздар мен жігіттерге сіздердің достарыңыз, сіз ойлағаннан әлдеқайда көп деп айтып жүремін. Жалқау болмаңыздар. Қолыңызда жердің сізге берер сыйынан артық дүние бар. Өзіңізге берілмеген затты қолдан жасап ала аласыз. Бұл баршаға сабақ бола алатындай дүние.

Украина – ауыл шаруашылығы саласынан әлем бойынша маңызы бар елдердің бірі. Сіздердің, расымен, жеткізетіндеріңіз өте көп. Сондықтан ауыл шаруашылығынан бас тартуға болмайды. Сіздер халықтың дарыны мен ресурстарын біріктіріп, алға жылжуларыңыз керек.

Халықтың әлеуеті зор. Бірақ, бәрінің бойында кішкене жалқаулық басым. Егер мақсатқа жетуді ойласаңыз, жұмыс жасау керек. Аспаннан салбырап түскен ештеңе жоқ. Біз Израилде көп еңбек еттік. Адамдар еңбек демалысын алып жатады — бұл дегеніңіз уақытты бос шығындау. Менің жасым 90-ға келді, осы уақытқа дейін демалыс алып көрмегем. «Сенің есің дұрыс па сөзі? Демалмайсың ба?» деген сауалдарды жиі естимін. Ал, маған жұмыс істеген ұнайды. Мен жұмыстан ләззат аламын. Кертартпа болудың қажеті жоқ. Соның ішінде замананың ауысқан тұсында ол уақытты бекер өткізумен тең.

Ғылымға ілесу керек. Ғылымның шет-қиыры жоқ. Өткен күннің мәселесін шешемін деп тырысу да бос әурешілік. Оның қаншалықты мүмкін екендігін де білмеймін. Өткен күн өтті — оның еш маңызы қалмайды. Тек қана одан сабақ алып, қателіктерді қайталамауға тырысу керек. Өткенде еш үміт те, болашақ та жоқ.

Адамдардың көбі ойластырғанды емес, есте сақтағанды жақсы көреді. Бұл — үлкен қателік. Нені есте сақтап қалғыңыз келеді? Жасаған қателіктеріңізді ме? Тарихқа сүйенуге болмайды. Тарихшылар ел билігіндегілер не айтса, соны жазатын жаршылар ғана.

Адамдар үнемі бір нәрседен қорқумен жүреді… Жағдайымыздың не боларын бір Құдай ғана біледі.

Менен «өткенге көз тастасақ, сіздің ең үлкен қателігіңіз қандай болды?» деп сұрап жатады. Мен «біздің арманымыз асқақ деп ойлайтынбыз» деп жауап беремін. Қазір қарап отырсам, соншалық асқақ арман иесі болмаған екенбіз. Үнемі үлкен нәрсені арман ету керек. Арманыңыз үлкен болған сайын, жетеріңіз де үлкейе түседі.

Бүгінгі жастар мықты. Бірақ, маған ұнамайтын бір тұсы — саясаткерлерді жек көретіндіктері. Саясат біз үшін емес, жемқорларға толып кеткен деп жатады. Ондайда мен «адал саясат керек десең, өзің барып, жасап ал» деп жауап беремін.

Осының барлығы менің бүгінгі дейін түйгенім.

Жігерлі болып қалудың жолын айтыңызшы деп қолқа тастап жатады. Айтқанымдай, бұл — оңай. Егер арманыңыз жетістіктеріңізден көп болса, сіз — жассыз. Ал, керісінше болса — қартайғаныңыз.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Өз пікіріңізді қосыңыз

avatar
wpDiscuz