Астанада жаңа көшелер ашылады

Бүгін Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында депутаттар талқыланған басты мәселе – автомобиль жолдарын дамыту және күтіп ұстау болды.

Дереккөз: BAQ.kz
0
Астана көшелері

– Әлеуметтік шиеленісті жою, әлеуметтік нысандарды инженерлік желілермен және бару жолдарымен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар көшелерді салу жұмыстары қолға алынды, соның ішінде С. Сейфуллин к-сі менН. Тілендиев даңғылы аумағында жалпы ұзындығы 5,3 км 4 көше, Р. Қошкарбаев к-сі аумағында жалпы ұзындығы 9,1 км 7 көше пайда болады. Сығанақ көшесінің аумағында Е11, Е13 көшелер салынып жатыр. Сондай-ақ, биыл «Зеленый квартал» ТК инженерлік желілер тарту және көшелер салу жұмыстары басталды»,- деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов.

Оның айтуынша, қаланың көлік желісіне түсетін жүктемені азайту үшін Кіші айналма жолдың құрылысын жалғастыру керек. Оның жалпы ұзындығы 35,0 км құрайды, 2008 жылдан бері 22,8 км, 14 жолайырықтың 9-ы, көпірлер мен жол өтпелері салынған.

— Кіші айналма жолмен тәулігіне 90 мыңнан астам көлік жүреді, жоба іске қосылған кезде кем дегенде 20 мың көлік қала орталығын айналып өтетін болады, — деді ол.

Сонымен қатар, кіші айналма жол аясында Бейсекова көшесінің Сығанақкөшесінен Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі бөлігін және Хусейн бен Талал көшесін Сығанақ көшесінен Тұран даңғылына дейінгі бөлігін, Сарайшық көшесін Тұран даңғылынан Бейсекова көшесіне дейінгі бөлігін салу керек.

Сондай-ақ, қаланың көлік көп жүретін көшелерінде жүктемені азайту үшін бірқатар шаралар қарастырылған.

2017 жылы Асан қайғы көшесін Дүкенұлы көшесінен Ташенов көшесіне дейін салу үшін жер учаскелерін босату жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл Уәлиханов көшесін босатады және Республика даңғылына түсетін жүктемені азайтады.

Қазіргі кезде Кенесары, Сейфуллин көшелері мен Абай даңғылын босату үшін Сейфуллин көшесін Уәлиханов көшесінен Пушкин көшесіне дейін ұзарту жоспарланып отыр, сондай-ақ, Кенесары көшесі Сарыарқа даңғылынан Бейсекова көшесіне дейін салынбақ.

Мұнымен қоса, Момышұлы, Абылай хан, Ш. Құдайбердіұлы даңғылдарында жүктемені азайту үшін қысқа мерзімнің ішінде Тәуелсіздік даңғылын №46 көшеден Хусейн бен Талал көшесіне дейін салу жоспарланған. Хусейн бен Талал көшесінің №39 көшеден Абылай хан даңғылына дейінгі ұзындығы 10 км құрайтын бөлігінде құрылыс жұмыстары жүргізіледі, соның ішінде 2 көпір салынады.

Айта кетейік, биыл 43 көшеде, яғни 34,8 км жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы 18 көше жөнделеді — 9,5 км. Сонымен қатар, 275 көшеде ағымдық жөндеу жұмыстары, соның ішінде 68 көшеде жөндеу маршруттық әдіспен жүргізілсе, 207 көшеде ой-шұңқырлар жойылды.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Өз пікіріңізді қосыңыз

avatar
wpDiscuz