Жолдау жүктеген міндеттер орындалады

Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзах Мелдеханов, қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров, қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай бастаған үгіт-нәсихат тобының қатысуымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы жүктеген басым бағыттар туралы жиын өтті.

0
Шымкент әкімі

Жиында сөз алған басшылар аса күрделі, қиын кезеңде жаһандық ахуалды жете түсінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәл, уақытылы жолданған Жолдауының ел болашағы үшін алар маңызы зор екендігін айтып өтті.

-Тұңғыш Президент күні қарсаңында біз қазақстандықтар тағы бір тарихи сәттің куәгері болдық. Тұңғыш Президентіміз өз Жолдауын жолдады. Елбасы Қазақстанның алдағы межесі әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру мақсат екенін атап өтті. Ол үшін біздің қалаларымыз да әлемдік өркениетті шаһарлар қатарында болуы қажет. Бұл туралы Елбасы үнемі Шымкентті «республикадағы үшінші ірі қала» деп айтып келеді. Біз Президент жүктеген осы міндеттерді орындау жолында бар күш-қайратымызды салуымыз керек. Әсіресе, қалаға жаңа инвесторлар тартып, шаһар тұрғындарына жайлы жұмыс көздерін қарастырып, шетелдік бай тәжірибелерді өзімізде кәдеге жаратып, отандық өнім шығаратын кәсіпорындар ашуымыз керек, — деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Айта кетерлігі, Елбасы өз сөзінде, «Қазақстан-2050» бағдарламасын екі жыл бұрын жариялаған кезде, бұл межеге жетуге жолымызда қиындықтар кездесетінін, соған дайын болып, тиісті шаралар қабылдау керектігін айтқан болатын. Осыған орай, бүгін жаңа қатерлер мен тың мүмкіндіктер қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жолдады.

Елбасының мұндай аса жауапты сәтте бірліктің сақталуы аса маңызды екенін, сондай-ақ, барша қоғам ел игілігі үшін аянбай тер төгу қажеттілігін атап өткендігіне тоқталған шаһар басшысы сөз соңын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету», — деген сөзімен түйіндеді.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!